Президент • 25 Желтоқсан, 2017

Елбасы: Қазақстан ауаны былғап отырған елдердің көшінде емес

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жасыл экономика туралы ой бөлісті.

Елбасы: Қазақстан ауаны былғап отырған елдердің көшінде емес

Президент әлемде көміртегі, ластану мәселесі талқыланып жатқанын айта келіп, Қазақстан экономикасы үлкен болмағандықтан экологиясы нашар елдердің көшінде емес екенін жеткізді. Сондай-ақ, экономикасы үлкен болғандықтан АҚШ бұл тізімде бірінші орында екенін айтты.

«ЭКСПО барысында 190 жаңа ғылыми бастама көтерілді. Бәрін қолданысқа енгізуге болады. Мен оларды өзімізге жазып алып, сақтауымыз керектігін айтып келемін. Қазір еліміздің университеттері осы жасыл экономиканы ойлап шығарғандармен бірге меморандумға қол қойды. Олар қазір бірге жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық компаниялары да осындай жобаларды жүзеге асыру үшін бас-аяғы 45 меморандумға қол қойды. ЭКСПО аяқталғанмен, мұнда жасыл экономика орталығы құрылады», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы жаһандық көрме барысында ұсынылған бастамаларды алдағы уақытта қолданысқа енгізу жайы қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ, ЭКСПО-ны өткізу үшін 160 мемлекетпен таласқа түскенін еске салып өтті.

Бұдан бөлек, еліміздегі күн, жел стансалары туралы да айтып өтті.

«Бізде өте маңызды күн стансалары бар. Жамбыл облысында, Астана маңында, Қарағандыда болмаған, қазір пайда болды. Екіншіден, жел стансалары да елімізде ашылды. Оны Ерейментауға барып көруге болады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ, 2025 жылға қарай энергияның 3%-ы баламалы көздерден болуы керектігін, сондай-ақ, энергияның 15%-ын өндіруіміз қажет екенін айтты.

«Қазақстан көмірге бай мемлекет. Энергиямыздың 66%-ы көмірдің есебінен өндіріледі. Қазір атмосфераға қалдық заттарды шығармайтындай блоктар қойылып жатыр. Ал Алматы қаласы немесе өзге де орындар автомобильдердің есебінен ластанып отыр», деді Елбасы.

Ол сондай-ақ, 3040 қоғамдық көлік құрастырылғанын, оның жартысы газбен жүретінін айтып өтті. Бұдан өзге Қостанайда электромобильдер құрастырылып жатқанын, оларды алдымен еліміздің экологиясы ақсап тұрған өңірлерге жіберу керектігін айтты. Сонымен қатар, 1998 жылға таман Қазақстанда 700 мың автокөлік болса, қазір 5 миллионға жеткенін айтып өтті.

«Мойындау керек, баламалы энергия көздері, яғни күн, жел көптеген мәселелерді шешеді. Қазір экологиялық қиындыққа тап болған бірнеше мемлекет осы істі қолға алып, көп қаржысын бөліп отыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев.