Президент • 26 Желтоқсан, 2017

Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығы жаңа белеске көтеріледі

864 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Салтанатты рәсімде екі елге қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, содан кейін шағын құрамдағы келіссөздер жүргізілді.

Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығы жаңа белеске көтеріледі

Фото: akorda.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан басшысының осы сапары екі елдің достығы мен болашағына пайдалы болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін С.Жээнбековке ри­за­шылық білдіріп, Қырғызстан Пре­­зидентінің алғашқы сапары екі ел арасында орныққан дип­ло­­матиялық қарым-қатынас­тың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Қазақ­стан мен Қырғызстан қарым-қатынастарының тарихи тұрғыдан достық сипаты бар екеніне де екпін берді.

«Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас әрі одақтас мемлекеттер. Біздің арамыздағы барлық салада сындарлы және сенімді диалог орнаған», деді Қазақстан Президенті.

Одан әрі Елбасы Қырғызстан Президентімен бұған дейін бір рет кездескенін, Минскіде өт­кен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйы­мы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі­нің ме­рейтойлық сессиясы аясын­дағы сол кездесуде бірқатар мәсе­лелердің шешімі табылғанын сөз етті.

«Биылғы кездесуіміз екі ел арасындағы дипломатиялық қа­рым-қатынастың орнауына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан мен Қырғызстан – ежел­ден келе жатқан дос, бауыр­лас, көрші мемлекет. Екі ел­дің ара­сында мәңгілік достық жә­не стра­тегиялық әріптестік дей­тін негізгі екі шарт бар. Бү­гін­гі кез­десу дипломатиялық қа­рым-қа­ты­настың жаңа парағы бо­ла­ты­нына сенімдімін», деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы 25 жыл­дың ішінде екі елдің тәуелсіздігі ны­ғайып, қарым-қатынасы кеңейе түсті. Осы уақыт аралығында 150 құ­жатқа қол қойылған, дей келіп, қазақтар мен қырғыз­дар шеше алмайтын түйін жоқ екенін ерекше атап өтті.

«Екі елдің арасындағы тауар айналымы өткен жылы 13 пайызға өсті. Қазақстан – Қырғызстанның басты әріптестерінің бірі және инвесторлардың қатарында. Қырғыз экономикасына осы уақыт аралығында 650 миллион доллардан астам инвестиция құйдық. Бірлескен жүздеген кә­сіп­орындарымыз бар. Қазіргі таңда біз Еуразиялық эконо­ми­калық одақ аясында әріптестік орнат­тық», деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы қонақ­тардың назарын күн тәртібінде тұрған негізгі мәселеге аударып, Минскідегі кездесуден кейін Қазақстан Үкіметінің тиімді жұмыс істегеніне, соның нәтижесінде маңызды мәселелер шешімін тапқанына тоқталды. Сондай-ақ Қырғызстан Президентін абыройлы қызметке сайлануымен тағы бір мәрте құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

С.Жээн­беков Астанаға ресми сапармен келуге шақырғаны және өт­кен сайлаудағы жеңісімен құттық­та­ғаны үшін Елба­сына алғысын білдірді. Оның ай­туын­ша, ұшақтан түскеннен бастап қырғыз тарапы ыстық ықылас пен меймандостықты сезін­ген.

«Құрметті, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Менің Қазақстанға бірін­ші сапарым қос мерейтой – дип­ло­матиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, дініміз бен мәдениетіміз де бір. Мен Президент болып сайлана сала сіз хабарласып құттықтап, тілек білдірдіңіз. Қазақстанға шақырып, мәселелерді шешуге талпынысыңызға рахмет айтамын. Біз – ішкен суымыз да, жеріміз де, жолымыз да, базарымыз бен мазарымыз да бір, бауырлас елміз», деді С.Жээнбеков.

Бұдан кейін Қырғызстан басшысы кездесудің екі елге беретін мүмкіндігі мол екеніне тоқталып, Елбасының айтқан сөздерін жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Сізбен шағын құрамдағы әңгіме барысында талай нәр­сенің басын аштық. Көп мәсе­лені туған бауырлар секілді тал­­қы­­ладық. Қырғызстан тарапы дос­­ты­ғымызды, бауыр­лас­тығымызды нығайту үшін бар күш-жігерін салады», деді С.Жээнбеков.

Екіжақты кездесуден соң Мемлекет басшылары журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Бірінші кезекте сөз алған Елбасы Н.Назар­баев кез­­десудің кейбір тұстары төңі­регінде әңгіме қозғады.

«Бүгінде қазақ-қырғыз ара­сын­дағы тарихи әрі мызғымас дос­тық байланыс сақталып қой­май, одан әрі нығая түседі. Екі ел арасындағы тығыз ынты­мақ­тастық, тату көршілік қарым-қатынастың берік іргетасы болып қала бермек. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, мәдениетіміз де ұқсас. Ата-бабаларымыздың тату­лығы жарасқаны жырға қосы­лып, ынтымақты ел болғаны тарих­тан белгілі», деді Елбасы.

Н.Назарбаев екі ел үкіметтері қол қойған «Жол картасы» келі­сімі төңірегінде әңгіме қозғады.

«Біз Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ аясында әріптес­тік орнаттық. Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан арасында шешілмейтін қиын мәселе болған емес. Бұл жолы да ортақ келісімге келдік. Келіссөздер барысында күн тәрті­бінде тұрған экономикалық мәселені талқыладық. Қырғыз­стан Президентімен алғаш рет Минскіде кездескеннен бері көп уақыт өткен жоқ. Бірақ, осы қыс­қа мерзімде кедендік, көліктік, фитосанитарлық, салықтық бақылаудағы өзара әріптестік мәселелері жөнінде көптеген жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақталды. Қазақстан тарапының әрекеті Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімге сай жүргізілді», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде шекарадағы жағдай тұрақталған. Бұрынғыдай ұзын-сонар көлік кептелісі жоқ. Елбасы «Жол картасының» қысқа мерзімді жедел шаралардан ғана емес, белгілі мерзімді қажет ете­тін жүйелік жұмысты талап ете­ті­нін жеткізді.

«Шағын құрамда өткен жеке кездесуде аталған құжаттың бүкіл тармақтарын лайықты деңгей­де орындау тапсырылды. Екі­жақ­ты сауда-саттыққа ерекше тоқталдық. Биылғы жылдың 8 айында тауар айналымының 13 пайызға өскеніне қарамастан, қолда бар мүмкіншіліктің бәрін қарастыру қажет. Ол үшін, біздегі сауда-сат­тық аясын кеңейтуді қолға алу керек. Біздің басты мақсатымыз – 2020 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемін 1 мил­лиард долларға жеткізу», деді Елбасы.

Президент Қазақстанның қыр­ғыз экономикасындағы не­гізгі инвестор екенін баса ай­та отырып, елде шетелдік ин­вес­­тор­ларға қолайлы жағдайлар жасаудың ма­ңыздылығын сөз етті.

«Біз инвестициялық ын­ты­мақтастықты жақсарту және сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мақ­сатымен Қа­зақ­стан мен Қырғыз­стан­ның Іскерлік кеңесін құру мүмкін­дігін талқыладық. Мұндай алаң шаруашылық жүргізуші субъек­тілері арасындағы тікелей бай­ланысты нығайтуға мүмкіндік беріп, іскерлік серіктестікті кү­шей­теді. Кәсіпорындар арасын­дағы даулы сәттерді реттеуге оң септігін тигізеді», деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Н.Назарбаев цифр­лы технология алмасу, су-энер­гетикалық ынтымақтастық, Арал теңізін құтқару халықаралық қорының жұмысын жандандыру мәселелері қозғалғанын айтты. Соны­мен қатар шағын жә­не кеңейтілген құрамдағы келіс­сөздер барысында өңірлік, жа­һандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігі сөз болғанын жеткізді.

«Орталық Азиядағы транс­ше­каралық өзендердегі су ресурстары өңірдегі барлық елдер үшін ортақ болып саналатыны тағы да мақұлданды. Біздің қарым-қатынасымызға келешекте кедергі келтіруі мүмкін, айтылмай қалған мәселелер қалған жоқ», деді Н.Назарбаев.

Сапар аясында екіжақты ынты­мақ­тастықты жаңа сапалы дең­гейге көтеруге және мем­лекеттік ше­караның халық­аралық-құқық­тық ресімделуін аяқ­тауға бағыт­­талған бірқатар маңызды құжат­тарға қол қойылды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті мен Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сы Президентінің бірлескен мә­лім­демесі, мемлекеттік шекараны белгілеу туралы шарт және мемлекеттік шекара режімі туралы келісім жасалды. Елбасы Н.Назарбаев аталған құ­жаттардың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін қазақ-қырғыз ын­ты­мақ­тастығын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. Бұл мәселені қолға алған Сооронбай Шәріпұлына ризашылығымды біл­діремін. Аталған құжаттар біз­дің шекарамыздағы мем­ле­кетаралық құқықты рәсімдеуді аяқтайды», деді Елбасы.

Өз кезегінде С.Жээнбеков Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­қа алғыс білдіріп, Қыр­­­­ғыз Рес­публикасына ресми са­пар­­­мен келуге шақырып, екі елдің жо­ғарғы мемлекетаралық кеңе­сі­нің кезекті отырысын өткі­зу жос­пар­ланатынын айтты. Со­ны­мен қатар С.Жээнбеков Қазақ­стан Пре­­зидентін 2018 жыл­ғы қыр­күйекте Ыстықкөл жаға­лауын­да өтетін үшінші Дүниежү­зілік көш­пенділер ойынының ашылу салтанатына шақырды.

«Қазақстан Қырғызстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып саналады. Осыған орай, біз екіжақты экономикалық ынты­мақ­тастық, сондай-ақ шекара, көлік, фитосанитария, вете­ри­нарлық бақылау, ке­ден және са­лық әкім­шілігі сала­сын­дағы өза­ра іс-қимыл мәсе­ле­лері жөніндегі жол картасының іс­ке асырылуына зор мән бере­міз», деді Қырғызстан Прези­денті.

Сонымен бірге С.Жээнбеков Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, бұл маңызды халықаралық ор­ганға алдағы уақытта төрағалық етуімізге орай табыс тіледі.

Журналистер алдында сөз сөйлеген тараптар өткен келіс­сөздердің қорытындыларына қа­нағаттанатынын айтып, бұл сапар елдеріміз арасындағы жан-жақты өзара іс-қимыл үшін жаңа жол ашатынына сенім білдірісті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»