Оның айтуынша, холдинг бағдарламаның негізгі операторы болып табылады және негізгі бес бағыттың төртеуін жүзеге асырады.
«Олар – жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салуы, бұған дейін қабылданған бағдарламалар бойынша («Нұрлы жол», ӨДБ-2020) құрылыстың аяқталуы, халыққа арналған ипотеканың қолжетімділігін арттыру, жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру. Холдингтің бес еншілес ұйымы – «Даму» КДҚ» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға қатысады», деді Қ.Өскенбаев.
Сонымен қатар ол тұрғын үй құрылыс жинағы желісі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 492 млрд теңге жинақ сомасындағы 1 023 шарт бар екенін тілге тиек етті.
«Олардың ішінде 32 мың шартта салынған кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін қажетті жинақтың 30 пайызы бар. 2017 жылға қарыз беру 181 млрд теңге көлемінде жоспарланып, жалпы сомасы 256 млрд теңгені құрайтын 37 мың қарыз берілген. Бұл жоспардың 141 пайызы. Осылайша, 2017 жылы берілген ипотекалық теңгенің төрттен үшін Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған», деді ол.
Өскенбаев құрылыстың аяқталу бағыты бойынша бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде жоспарланған 554,3 мың шаршы метрдің орнына пайдалануға 560,1 мың шаршы метр тапсырылғанын жеткізіп, үй құрылысы жоспары артығымен орындалғанын баяндады.
«Ипотеканың қолжетімділігін арттыру бағыты бойынша, 2017 жылғы мамырдан бастап жаңа баспана сатып алу үшін халыққа екінші деңгейдегі банктер беретін ипотекалық қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды. Қаржы операторы болып Қазақстан ипотекалық компаниясы бекітілген. Ол ипотеканың 16 пайызынан жылдық 6 пайызға дейінгі көлемін субсидиялайды. Нәтижесінде тұтынушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 10 пайыздан аспайды. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 15 млрд теңге болатын, 1 мың ипотекалық қарызды субсидиялау жоспарлануда», деді Қ.Өскенбаев.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»