Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2017

Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» анықталды

735 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Қарағандыда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде алтыншы мәрте өткізіліп отырған қазақтың қаһарман ұлы Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» анықталды. Бәйгенің басында келген Қарағанды мемлекеттік техни­калық университетінің ұстазы, талантты ақын қыз Айзада Рахым­жанова болды.

Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» анықталды

Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сәйкес биылғы кештің қадірлі қонағы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман болды. Одан өзге руханият жанашыры Рымбала Омарбекова бастаған ел ағалары бәйгетөбенің сәнін кіргізіп отырды. Рымбала Кенже­балақызы тек қана көрер­мендер қатарында отырмай, жас қаламгерлерді ын­талан­дыру мақсатында даяр­­лаған сый-сыя­патын қоса әке­­ліпті. Осынау игі­лікті іс-ша­раның өткізілуіне белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұ­мағұлов мұрындық болды. Бір айта кетерлігі, аталмыш жыр мүшәйрасының жеңімпазын сайысқа қатысушы ақындардың өздері бір-біріне дауыс беру арқылы анықтады. Осы ретте біз алты жыл бойы арқа ақындарын ар­дақтап, Жұмабектей асыл ер­дің атын асқақтатып жүрген жаны жомарт кәсіпкер, шаруа демеушісі Сапар Ипкеев мырзаны айта кеткеніміз жөн. Кәсіпкер мүшәйра қорытындысына сәйкес, жыр бәйгесінде жеңіске жеткен Айзаданың жақын уақытта жыр кітабын жарыққа шығарып беретін болады. Сондай-ақ «Сыр­­шыл ақын» аталымына ҚарМУ-дың студенті, жас ақын Ерік Нарын ие болды. Ал «Жыл­дың үздік жазушысы» аталымына Бекзат Алтынбек есімді жас жазушы лайық деп танылды. «Жылдың үздік қайраткері» ата­лымын журналист, облыс­тық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орын­­ба­сары Ерсін Мұсабек ен­ші­леді. Ал «Жылдың үздік ай­тыс­кер ақы­ны» Нұрмұхамед Бай­сүгіров болды.

«Бұған дейін де өзімнің жылы сөзімді жеткіздім. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Жасанды дүние емес, шын көңілімнен айттым оны. Поэзияда бұрылыс жасау де­ген болашағынан зор үміт күт­тіре­тін ақынның ғана қолынан келеді. Сондай бұрылысты мен Айза­даның жырынан көрдім. Қа­на­тың талмасын, айналайын», деп тілегін білдірді Жүрсін Ерман.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы