Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Бүгінде өңірде 1537 мемлекеттік ұйым бар. Ал соның ішінде 252 мекемеге зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, бірқатар жөнсіздіктердің орын алып отырғанын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева айтты.
Сарысу аудандық ішкі істер басқармасы, Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық клубы және Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты сыртында орнатылған Мемлекеттік Ту жыртылған болса, Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық балалар саз мектебінің, Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының, Шу аудандық ішкі істер бөлімінің, Шу қалалық емханасының, Тараз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларының, сондай-ақ Шу ауданы, Қонаев ауылы әкімінің кабинеттеріндегі Мемлекеттік Туға дақ түсіп, кірлеген.
Мұндай олқылықтар облыстың өзге де аудандарында жетіп-артылады екен. Мәселен, Талас аудандық ішкі істер басқармасының, Талас аудандық білім бөлімінің, Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының және Меркі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің ғимараттарында Мемлекеттік Елтаңба мүлдем орналастырылмаған. Ал Қордай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында, Мойынқұм аудандық Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейде, Мойынқұм ауданындағы №19 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Мемлекеттік Ту ілінбеген. Сонымен қатар мұндай олқылықтарды Тараз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Жуалы аудандық жер қатынастары бөлімі, Жамбыл облысы бойынша экология департаменті, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы және Талас аудандық статистика басқармасы сияқты мекемелерден де көруге болады.
– Кірлеген Ту, ауыспаған Елтаңба елдігімізге сын. Мұндайда амалсыздан әттеген-ай деуге тура келеді. Алдағы уақыттарда жөнсіздік жойылып, аудан, ауыл мекемелерінде рәміздерге деген құрмет арта түссе, қанекей!
Жамбыл облысы