Сайлаудың нәтижесі шығып, тәуелсіздікті жақтаушы үш партия жиынтық есепте 135-орындық заң шығарушы органның 70 орнын жеңіп алды.
Сайлауға Каталонияның азаттығын қолдайтын партиялармен қатар, автономия ретінде Испания құрамында қалуда жақтайтын партиялар да қатысты.
Бір қызығы, сайлау нәтижесі азаттықты аңсаушыларға қуаныш әкелгенімен, Испания құрамында қалуды дұрыс деп санайтын «Азаматтар» партиясы өзгелерден оқ бойы озып, 37 мандатқа қол жеткізген. Алайда, Мадридтің өкінішіне қарай, бұл – бар болғаны парламенттегі мандаттардың 27 пайызы ғана. Жеке-дара шешім қабылдап, басым партия болуы үшін ең кемі 68 мандат қажет.
Келісімге келіп, коалиция құра алған жағдайда, тәуелсіздікті жақтаушы үш партия парламенттегі басым күшке ие бола алады. «Бәріміз бірге Каталония үшін» 34 орын, «Каталонияның солшыл республикалықтары» 32 орын және «Халық бірлігінің кандидатурасы» 4 орын жеңіп, бірлесе 70 депутаттық мандатты игермек.
Сайлауды кезектен тыс өткізуге не түрткі болды?
Соңғы бес жыл бойы Каталонияда бөлінушілік идеясы белең алып, тәуелсіздік қозғалыстары күшейді. Биылғы маусымда Испания құрамынан шығуға деген талпыныс еселеніп, референдум өткізу жайлы ұрандар тасталды. Мадридтің қарсылығына қарамастан, Каталония үкіметі 1 қазан күні «Каталонияның тәуелсіз республика болуын қалайсыз ба?» деген сұрақпен референдум өткізді. Испания үкіметі автономиялық аймаққа полиция қызметкерлерінен тұратын арнайы жасақ жіберіп, референдумның өтуіне мейлінше тосқауыл қоюға тырысты. Орталықтан келген полицейлер сайлау учаскелеріне жолды бөгеп, жергілікті тұрғындарға күш қолданды. Нәтижесінде, сайлаушылардың бар-жоғы 43 пайызы дауыс берсе, оның 90 пайызы тәуелсіздікке «иә» деп жауап берді. Шиеленіс күшейіп, Испания билігі каталония үкіметін сепаратизм үшін айыптаса, автономиялық аймақ басшысы референдум нәтижесі оған Каталонияны тәуелсіз ел ретінде жариялауға мүмкіндік беретінін, алайда бұл істі кейінге қалдыратынын жеткізді. Талас-тартыстың соңы Каталония Парламентінің 70 те 10 арақатынасымен тәуелсіздік үшін дауыс беруімен аяқталды. Испания премьер-министрі Мариано Рахой, алдын ала ескерткендей, ел конституциясының 155-бабына сүйеніп, автономиялық аймақты басқаруды өз қолына алды да, Каталонияның сол кездегі басшыларын заңсыз референдум өткізгені үшін түрмеге отырғызбақ болды. Каталония президенті Карлес Пучдемон қамаудан қашып, Бельгияны паналаса, оның вице-президенті Ориол Жункерас Испания түрмесіне түсті.
Испания үкіметі Каталония парламентін таратып, кезектен тыс жаңа сайлау тағайындады. Каталонияның бұрынғы президенті, «Бәріміз бірге Каталония үшін» партиясының көшбасшысы үгіт-насихат жұмыстарын Бельгиядан жүргізді. Сайлау нәтиже белгілі болғанда, ол «Каталония Республикасы жеңді, Испания үкіметі жеңілді» деп мәлімдеді.
Осылайша, Каталонияның тәуелсіздік алу мәселесі 1 қазанға дейінгі статус-куоға қайта оралды. Ендігі кезекте, көп нәрсе тәуелсіздікті жақтаушы үш партияның келісімге келе алуына тәуелді болмақ. Партиялар өзара ақылдасып, бір шешімге келсе, тағы да азаттықты жақтайтын аймақ басшысын сайлай алады. Бельгияда жүрген Карлес Пучдемонның алдында диллемалық сұрақ тұр: Елге келіп билікті қайта қолға ала ма? Әлде Испания үкіметінің қамауынан қорқып, Брюссельде қала бере ме? Бәрін уақыт көрсетеді.
Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»