05 Ақпан, 2010

ИГІ ІСТЕР ҰЙЫТҚЫСЫ

1248 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасының жыл сайынғы жолдаулары әртүрлі мазмұнда болғанымен мақсат-мүддесі айқын, ел бірлігін сақтау, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу, жақсы өмір сүру жолдары сияқты озық ойларға жетелейді. Жолдаулар әр іске бастамашы, ұйытқы бола білуде. Биылғы жаңа құжат еліміздің индустриялық-инновациялық жолмен дамуының нақты бағыттарын көрсетіп беріп отыр. Осыған орай, алғашқылардың бір болып, Елбасы “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын еліміз аумағында кең ауқымда насихаттау, түсіндіру жұмыстарына партия кірісіп те кетті. Павлодар облысында қатарында 55 мыңға жуық нұротандықтар біріккен еліміздегі ірі партиялық ұйымның бірі жұмыс істейді. Осы “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өткен жиынды ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осы тарихи құ­жатта айтылған әрбір істі, әрбір міндетті абы­рой­мен атқару баршаның басты міндеті екенін атап өтті. Одан әрі ол Елбасы Жолдауының мәні мен ма­ңызына тоқталып, құжаттың барлық қазақ­стандықтар тарапынан кең қолдау табатынына сенім білдірді. Форумда елдің өркендеуін көздейтін құжаттың өміршеңдігі бұл Жолдау ел болашағының бағдарламасы, алдағы атқарылар жұмыстың сара жолы деген пікір білдірілді. Біздің еліміздің бүгінде аса бір маңызды тарихи кезеңде тұрғанын жас та, кәрі де жақсы біледі. Сондықтан олар Елбасы бастамаларын әрқашан қол­дайды. Алдағы онжылдыққа арналған эко­но­микалық дамуымыздың жолын айқындап берген бұл құжаттың келешегімізді кемелдендіре түсеріне дау жоқ. Болашаққа деген сенімдері арта түскен отан­дастарымыз “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты тың құжатқа қызу қолдау көр­се­туде. Бұқараға кең ауқымда насихаттау, түсіндіру ша­расына “Нұр Отан” ХДП осылай жол бастап берді. Форумды өткізуге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев басқаратын облыс әкімдігінің бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Мұның да өзіндік себебі бар. Елімізде жүзеге асырыла бастаған 162 индус­тр­иялық-инновациялық жобаның 12-сі біздің об­лыстың еншісінде. Өңір тұрғындары мен еңбек­шілерінің ықыласы ерекше екенін айта келе облыс әкімі Президент бастамаларын барлық қазақ­стан­дықтар сияқты павлодарлықтардың да қызу қол­дайтынына зор сенім білдірді. Ал, Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысшысы Медет Дүйсембаев жас мамандарға Үкімет тарапынан жасалынып жатқан қолдауларға ризашылығын білдірсе, “Ауыл” партиясы облыстық филиалының өкілі Рымтай Шөкеев саяси партиялар мен ұйымдардың үнқа­тысуына жол ашқан Елбасының ұсынысы көңілінен шыққанын жеткізді. Жиналғандар алдында алдыңғы қатарлы өндірістік кәсіпорын жұмысшылары, білім және денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері, “Жас Отан” Жастар қанаты өкілдері де сөз сөйледі. Атап өтерлігі – барлығының пікірі бір арнаға тоғысып, бұл Жолдаудың болашаққа бағдар беретіндігін, соның аясында атқарылар жұмыстың жетекші құралы болатындығын паш етті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. КАДРЛЫҚ САЯСАТТЫҢ ЖАҢА  КЕЗЕҢІ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ “Жас Отан” ЖҚ атқарушы хат­шысы Нұрлан Өтешев пен “Бола­шақ” қауымдастығының атқарушы директоры Жанна Төлегенованың қатысуымен брифинг өтті. Онда республикалық “Жастар кадрлық резерві-2010” жобасы және оған жаңа үміткерлерді қабылдау барысы баяндалды. Н.Өтешев аталған бастаманың 2009 жылдан жүзеге асырыла бас­та­ға­нын, алғашқы жоба бойынша бар­­лы­ғы 900-ден астам үміткер қатыс­қанын атап өтті. “Солардың ішін­де тест нәтижелері жоғары бол­ған үміт­керлер екінші кезеңге өткен. Мұнда олар Қазақстанды түрлі сала бойын­ша дамытуға қа­тысты өздері әзірле­ген жобалары­мен таныстырып, ар­найы комиссия алдында қорғады. Сынақтан өткен 32 резервист Астана қаласында оқу курстарын оқығаннан кейін рес­публикалық деңгейдегі түрлі меке­мелерде тәжірибелерін шыңдады”, деді “Жас Отан” ЖҚ-ның атқару­шы хатшысы. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылғы байқау ережелерінде сәл өзге­ріс бар екен. Мәселен, аталған бай­қауға қатысуға үміт білдіргендер өт­кен жылдағыдай құжат тапсыр­ған­нан кейін әр үміткерге арнайы порт­фолио жасалады. Онда қаты­су­шы­ның барлық жетістіктері көр­се­тіледі. Ал бұл көрсеткіштер жал­пы рей­тинг­ке енгізіледі. “Олар 4 ай бойы рей­тинг көрсеткіштерін жоға­рылатулары қажет. Оның нәти­же­сінде ең жоғары рейтинг жинаған тек 1000 қатысушы ғана тестілеу ке­зеңіне жіберіледі. Тест қорытын­дысы бойынша ең жоғары көрсет­кіштер көрсеткен үміткерлер ар­найы құрылған комиссиямен әң­гімеле­суден өтіп, еліміздің түрлі са­ласын дамытуға арналған жоба­ларын қорғайды. Міне, осындай кезеңдер­ден өткен 300 қатысушы білім алу кезеңіне жіберіледі. Ал олардың ішінен ең жоғары рейтинг пен көрсеткішке жеткен 70 қа­тысушы республикалық деңгейдегі кадрлық резервке енгізілетін болады”, деді Нұрлан Өтешев өз сөзінде. Тағы бір атап өтерлігі, байқауға қа­тысқан қалған 230 үміткер ай­мақ­тық деңгейдегі резервке қой­ыла­ды екен. Олар кейін мемлекеттік қызметке, партия және қоғамдық ұйымдарға, әлеуметтік салаға, БАҚ-қа және бизнес саласына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Брифинг кезінде сондай-ақ, “Жас­тар кадрлық резерві-2010” жо­басының Білім және ғылым минис­трлігінің қаржылық қолдауы және Қазақстан Республикасы Президен­тінің “Бола­шақ” халықаралық сти­пендиясы қау­ым­дастығы негізінде жүзеге асырыл­ған­дығы айтылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.