Білім саласының қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту мақсатындағы байқауға өңірдің әр түкпіріндегі 33 білім беру ұйымынан 122 педагог құжаттарын ұсынған. Облыс әкімі жанындағы сараптау комиссиясы мүшелерінің шешімімен жеңімпаздар анықталды.
Салтанатты кеште сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Жаңа Жыл қарсаңында рухы таза, ой-өрісі биік, барлық уақытта өз тұғырында қала беретін текті тұлға – ұстаздарды марапаттауға арналған бүгінгі салтанатты мереке құтты болсын! «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» дегендей, мұғалім қай кезде де білім ордасының жүрегі, қоғамның тірегі. Ел дамуының келешегін көрегендікпен меңзеп отыратын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей: біріншіден, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ буынын қалыптастыру; екіншіден, жастардың санасына Ұлы дала елінің перзенттері екенін, еліне деген сүйіспеншілікті, тіліне деген құрметті сіңірту. Үшіншіден, көзқарасы айқын, парасаты биік оқушы тәрбиелеу, баршамыздың міндетіміз. Ендеше, осындай рухы биік ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңізге шығармашылық табыс, қажымас қайрат тілеймін!»,-деп өз тілегін жеткізді.
Биыл Маңғыстау облысында 9 мектептің құрылысы басталып, 26 балабақша ашылған. Бөбекжайдың 96%-ы (25 балабақша) жекеменшік үлесіне тиесілі. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту биылғы жылы 93%-ды құрап, келесі жылы осы көрсеткішті 100% - ға жеткізу жоспарланған. Білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша 8 жоба қолға алынған.
Жергілікті бюджет қаржысына жаратылыстану пәндерінің 300 ауыл мұғалімі ағылшын тілін меңгерген. Облыс әкімдігінің қолдауымен 50 мектеп басшысы менеджмент бойынша магистрлік білім алуда.
Облыстың 30 мектебінде оқушыларға кәсіпкерлік негіздерін үйрету бағытында арнайы курс басталатын болады. Бүгінде 30 мұғалім арнайы дайындықтан өткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім - жасыл мекенім» атты жобасы арқылы барлық мектеп жанынан жылыжайлар салынбақ. Сайыс қорытындысы бойынша мына номинацияны иеленген әр білім беру ұйымдарына 1 млн. теңгеден табысталды:
- «Үздік қосымша білім беру ұйымы» - Ақтау қаласы «Оқушы»
орталығы;
- «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» - Бейнеу
политехникалық колледжі;
- «Үздік мектепке дейінгі ұйымы» - Ақтау қаласы №22 балабақша
«Алтын бесік»;
- «Үздік ауыл мектебі» - Мұнайлы ауданы «Қызылтөбе лицейі»;
- «Үздік қала мектебі» - Ақтау қаласы №11 мамандандырылған физика
математика мектебі.
10 номинация бойынша әр педагогқа 500 мың теңгеден табысталды:
- «Үздік шығармашыл маман» - Аталықов Якуб Қайырұлы;
- «Үздік педагогикалық жаңа идеялар» - Титинов Қайрат Үсенұлы;
- «Үздік арнайы білім беру шебері» - Шағанова Оңайгүл;
- «Үздік технологияларды қолданушы» - Баенбаева Гүлдарига
Құрманбайқызы;
- «Үздік ұлттық дәстүрді насихаттаушы» - Сәулебай Жұлдыз
Қосқалиқызы;
- «Үздік жетістіктер шебері» - Қарасартов Жұмахан Кенжебайұлы;
- «Үздік қосымша білім беру шебері» - Бітімова Тамара
Дүйсенбайқызы;
- «Үздік дарынды балалар жетекшісі» - Сүлейменова Қарлығаш
Амангелдіқызы;
- «Үздік әдістемені ұсынушы» - Аймағамбетова Сәнім Бисенбайқызы;
- «Үздік полиглот мұғалім» - Кұлмырзаева Айгүл Әлімбайқызы;
«Үздік жыл педагогы» номинациясы бойынша – Айманов Бауыржан Сағидоллаұлы әкім облысы Е. Тоғжановтың арнайы марапатына ие болып, 1 млн. теңге сертификат алды. Бауыржан Сағидоллаұлы Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі. «Түркістан-20» халықаралық байқауының, «Үздік ғылыми баяндама авторы» номинациясының иегері, «Өлкетану» оқулығының авторы, «Қазақ тарихы», «Қазақстан тарихы» республикалық әдістемелік басылымдардың үздік оқырманы және мақалалар авторы. 11 оқушысы облыстық, 9 оқушысы республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері.
Сонымен қатар, облыс әкімі 10 педагогқа Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысын тапсырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы