Жыр кешіне ақынның өнердегі замандастары мен қаламдас інілері, жергілікті жазушылар, жалпы жыр сүйер халық қатысып, рухани сөз өнерімен сусындатты.
Әдебиет сүйер қауымға етене таныс ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия универсиетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар одағы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлнәр Салықбаева, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Аймұхамбет, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова, атыраулық ақындар Бақытгүл Бабаш пен Әлия Дәулетбаева, сондай-ақ Атырау облыстық әкімдігінің делегациясы шығармашылық кешке арнайы келді.
Рухани кешті ақын Жанат Аймұхамбет пен ақын-журналист Ербол Алшынбай жүргізді.
Шарада сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Сөздің киесі құрметтелген мерейлі де мәртебелі, рухани кешке куә болып отырмыз. Қазақ үшін сөз – кие, жыр – намыс, өлең – өмірдің мәні. Светқали Нұржан поэзиясына бойлаған сайын «Рухани жаңғыру» үдерісін жүзеге асыруда таптырмас құрал барына көзің жете түседі. Светқали өз жырларында ұлтты бірлікке жетелейді. Осы бағдарлама аясында, ақын шығармаларының толық жинағын шығаруды қолға алғанымыз дұрыс. Келесі жылы, Астанамыздың 20 жылдығы аясында ақынның кешін Елорданың төрінде өткізгеніміз жөн. Светқали шығармашылығын насихаттаудағы шараның бірі – «Хан кегі» дастанының сахналануы болмақ. Бұл бағыттағы әзірлік жұмыстары басталып кетті, бұйырса, 2018 жылдың ақпан айының басында спектакльдің премьерасы өтпек. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, қоғамда елдік идеясы бар ақын!»,-деді.
Ұлттық рухты танытып, түп-тамырымызды жырлаған қаламгердің кеші араға жиырма жыл салып өтіп отыр. Сағындырып өткізген кешінде ақын сахнаға шығып өз туындыларын оқыды.
Кешке жиылған қауым қошемет көрсетіп, жыр кеші иесіне деген құрметпен тарасты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы