Төрт баланың кенжесі, 20 жастағы Перизат жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасып, ағылшын тілін үйреніп, бимен шұғылданып, әнін салып алаңсыз жүрген болатын. Сол күні ол аяқ астынан ыстығы көтеріліп, ауруханаға түседі. «Ауруханаға түскеннен кейін қолы мен аяғы жансызданып, көзінің көруі нашарлады. Дәрігерлер көпке дейін нақты диагноз қоя алмай, ақырында оптикомиелит (орталық нерв жүйесінің бұзылуы) деген диагноз қойды. Дәрігерлерге қаралып, сәл оңалғандай болғанда «бір айналдырса шыр айналдырады» дегендей, 2015 жылы қыста Семейге емханаға көрінуге бара жатқанда көлік аударылып, жарақат алмаса да мүлде қозғалыссыз қалды. Қазір ол күні-түні төсекте жатады, жақында ақырындап орындыққа отыра бастады», - дейді Перизаттың әпкесі Меруерт.
Перизатқа Мәскеудегі емханалардың бірінде диагностика жасатып, ем алу үшін 4 миллион теңге қажет болыпты. Екі жарым миллион теңгені жақын-жуықтары мен таныстары, басқа да жанашыр жандардың көмегімен әупірімдеп жүріп жинапты. Қалған 1 жарым миллион теңгені қайдан табамыз дегенде «Қазцинк» компаниясы ұйымдастырған байқау туралы естіп, қатысуға бел байлапты. «Ұялы телефонды ұтып алсақ, сатып, ақшасын Перизаттың еміне жұмсаймыз» деп ұйғарады. Алайда ұйымдастырушылар Әубәкіровтер әулеті байқауда жеңімпаз болса да, болмаса да 1 жарым миллион теңгені көмек ретінде беру жөнінде шешім қабылдайды. «Бізге «келіңіздер» деп телефон шалғанда не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік. Қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Қазцинк» компаниясына айтар алғысымыз шексіз. Әке-шешеміз де аң-таң. Бұл қаржы Перизаттың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді деген сенімдеміз. Апайым осы сырқаттан жазылсам, ерікті боламын дейді. Оның бұл арманы орындалып, аяғынан қаз тұрып, қиын жағдайға тап болғандарға көмектесетін маман боларына сенгіміз келеді», - дейді байқауға қатысқан Перизаттың тағы бір әпкесі Индира Әубәкірова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН