Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2017

Атырау облысында «Бекіре-2017» акциясы қандай нәтиже берді?

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында «Бекіре-2017» акциясы кезінде браконьерлерден 64 тоннадан астам балық, 118 жүзу құралы және 11  килограмм уылдырық тәркіленді 

Атырау облысында «Бекіре-2017» акциясы қандай нәтиже берді?

27 желтоқсанда Атырау облыстық әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиналысқа барлық құқық қорғау және қадағалау органдары мен құзырлы мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты.  Күн тәртібіндегі мәселелердің бірін қарау барысында аймақ басшысы браконьерлікпен күрес бойынша атқарылған жұмыстар туралы есепті тыңдады. 

«Бекіре-2017» табиғат қорғау акциясы кезінде  826 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 21 іс бойынша сот шешімі шықты. Балық қорғау заңнамасын бұзғандарға 13  млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.  Балық  қорына залал келтіргені үшін балық қорғау заңнамасын бұзғандарға 2 млн 230  мың теңге көлемінде  қуыным берілді.  64 тонна балық тәркіленді,  оның 3  тонна 126  килограмы бекіре тұқымдас және 11  кг уылдырық.   Заңсыз айналымнан 118  жүзу құралы мен 42  бірлік автомотокөлік шығарылды.  

Нұрлан Ноғаев барлық деңгейдегі мемлекеттік  орган қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.  Жиналыста  тұрғындардың заңсыз балық аулаумен айналысуларына  себеп жоқтығы  да айтылды.  Аймақта әр түрлі салада лайықты жұмыс табуға қажет жағдайдың бәрі  жасалуда.  

Аймақ басшысы  орынбасарларына  нақты тапсырмалар берді. 

-Аз жұмыс істелген жоқ,  біз біраз оң көрсеткіштерге қол жеткіздік,  бірақ әлі де қызметімізді   күшейтуіміз керек,-деді Нұрлан Ноғаев.- Браконьерлік -  біздің қоғамның азғындығы,  оның тамырына балта  шабуымыз  керек,  ол  үшін мемлекеттік органдар өзара әрекетте жұмылып жұмыс істеуі тиіс.  Балық аулаумен заңды тұрде айналысқысы келетін балықшылар салық органында жеке кәсіпкер ретінде  тіркеліп,  балық тапсыратын өндірістік кооперативтермен ресми келісім шартқа  отырулары керек. Бәрі  ашық, айқын болуы қажет.

Бақытгүл Бабаш,

"Егемен Қазақстан"