Саны жоқ сайлаулар
АҚШ президенті Доналд Трамптың инаугурациясынан басталған жылдың саяси жаңалықтары өзге елдердегі сайлауларға ұласты. Наурызда Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты ел басшысы Пак Кын Хеге импичмент жариялап, екі айдан соң корей халқы жаңа президенті Мун Чжэ Инді сайлады. Мамырда Францияда президенттік сайлаудың екінші туры өтіп, Елисей сарайына иелік ету Эманюель Макронға бұйырды. Соңғы екі президент қызметке кіріскен соң, медиадағы жарқылын азайтса, Трамп мырза жыл он екі ай басылым беттерінен түспеді. Оның ашуға толы твиттері мен қисық шешімдері бүкіл әлемді дүрліктіріп отырды. Әсіресе АҚШ президентінің соңғы айдағы Иерусалимді Израиль астанасы деп мәлімдеуі әлемдік қоғамдастықтың қатаң наразылығына тап болды.
Атқарушы биліктің басшысын заң шығарушы органдардағы партиялар анықтайтын елдерде парламенттік сайлаулардың орны ерекше екені белгілі. Парламенттік басқару формасындағы мұндай мемлекеттерге мысал ретінде Германияны келтіруге болады. Биыл қыркүйектің 24 жұлдызында осы Германияда парламенттік сайлау болып, 709 Бундестаг мүшесі сайланды. Нәтижесінде Христиан-демократиялық одақ/Христиан-социалды одақ блогы мен Германияның социал-демократиялық партиясы «үлкен» коалиция құрып, Ангела Меркель канцлерлікті жалғастыратын болды.
Парламенттік сайлауды маусым айында Ұлыбритания да өткізді. Монархиялық ел болса да, парламенттік басқару формасына жүгінетін британиялықтар мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлауға қатысуға мәжбүр болды. 2016 жылғы референдум кезінде ағылшындар Еуроодақтан шығамыз деп дауыс беріп, сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон бөлінуге қарсы саясаткер ретінде өз еркімен отставкаға кеткен болатын. Оның орнына Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын қолдайтын Тереза Мэй келді.
Референдумдар реті
2017 жылы референдумдар да аз болмады. 16 сәуірде Түркияда Конституциялық референдум өтіп, ата заңға енгізілетін 18 түзетуді мақұлдау мәселесі қойылды. Түзетулер Түркияны парламенттік басқару формасынан президенттік республикаға айналдырмақ еді. Ол бойынша премьер-министр қызметі жойылып, парламенттің құқықтары шектелетін болды. Референдумда дауыс берушілердің 51,41 пайызы реформаға «иә» деп жауап беріп, Реджеп Тайип Ердоғанның билігін күшейтіп берді.
Биыл қатарынан екі тәуелсіздік референдумы өтті. Соның бірі – Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы еді. 25 қыркүйекте өткен референдумда дауыс берушілердің 92 пайызынан астамы азат ел болуды қолдаған болатын. Дауыс беру Ирак Күрдістаны автономиясына қарасты территорияларда жүргізілді. Референдумға сондай-ақ Ирак күрдтерінің бақылауындағы аймақтар мен қалалар да қатысты. Солардың қатарында мұнайлы провинция Киркук та бар. Күрдтердің өкінішіне қарай, Ирак Күрдістаны тәуелсіз бола алмады. 27 қыркүйек күні Ирак үкіметі референдум нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, премьер-министр Әл-Абадиге күрдтердің бақылауындағы автономия құрамына кірмейтін территорияларды мейлі бейбіт жолмен, мейлі күш қолдану арқылы босатуға құзырет берілді. Артынан автономия астанасы Эрбильге және Сүлейманиеге әуе рейстері тоқтатылды. Сонымен қатар автономиялы аймақпен қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салды. Ирактың автономияға блокада қоюын Иран мен Түркия қолдап, санкцияларға қосылуға дайын екенін білдірді. 25 қазанда автономия билігі Иракқа референдум нәтижелерін «әрекетсіздендіріп», Багдадпен диалогты бастау туралы ұсыныс білдірді. Төрт күннен соң тәуелсіздік алу ісін соңына дейін жеткізе алмаған Ирак Күрдістанының президенті Масуд Барзани 12 жылдық басқаруынан соң қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеді. Осылайша күрдтер ұзақ күткен тәуелсіздікке жақындап барып, қол жеткізе алмады.
Осы оқиғадан алты күн өткен соң өз бағын каталониялықтар сынап көрді. Испаниядан еншісін алып, дербес ел болуды Каталония тұрғындары көптен аңсап жүр еді. Түрлі тартыстардан соң осы жылдың 1 қазанында Мадридтің қарсылығына қарамастан, тәуелсіздік референдумын өткізді. Дауыс беруге қатысқандардың 90 пайызы азат ел боламыз деп жауап қатты. Испания үкіметі конституциясының 155-бабына сүйеніп, басқаруды өз қолына алды да, аймақтық парламентті таратып, автономияның президенті Карлес Пучдемон мен вице-президенті Ориол Жункерасты қамауға алмақ болды. Пучдемон Бельгияға қашып, Жункерасты түрмеге түсті. Желтоқсанның 21 жұлдызындағы кезектен тыс парламенттік сайлау-
да Испания құрамында қалуды қолдайтын «Азаматтар» партиясы жеңіске жеткенімен, азаттықты қолдайтын үш партияның жиынтық есебі оның нәтижесін еңсеріп кетті. Ендігі кезекте әлгі үш партия келісімге келіп, коалиция құра алса, қайтадан тәуелсіздікті жақтайтын аймақ басшысын сайлай алады.
Тығырыққа тіреген террорлық шабуылдар
Өкінішке қарай, тауық жылын жаппай қырып-жою оқиғаларынсыз өткізе алмадық. Бірінен соң бірі қайталанған шабуылдар мыңдаған адамның өмірін әкетті. Жылдың бірінші күні Ыстанбұлдағы түнгі клубтардың бірінде Өзбекстан тумасы Абдулқадір Машарипов оқ жаудырып, 39 адам қайтыс болды. Шабуылды ДАИШ террорлық ұйымы өз мойнына алды.
22 мамырда Ұлыбританияның Манчестер қаласында Ариана Гранде есімді америкалық әншінің концертінде жанкешті лаңкес өзін-өзі жарып, концертті тамашалауға келген 22 адамның өмірін қиды. Терроршының қолынан бір адам қаза тапса, соны зорайтып көрсететін Батыс қоғамы үшін бұл үлкен қайғылы оқиға еді. Бұдан сұмдық шабуыл болуы мүмкін еместей көрінді, алайда араға төрт ай салып, 1 қазанда АҚШ-тың Лас Вегасындағы концертте Стивен Паддок есімді азамат жақын маңдағы қонақүйден оқ жаудырып, 58 адамды мерт қылды.
Бұл – бейбіт, қауіпсіздік шаралары сақталған дамыған қоғамдағы оқиғалар. Әлемдік медианың назарынан тыс қалатын, соғыстан көз ашпай келе жатқан, экстремизмнің ошағы болып отырған елдердегі жағдай бұдан әлдеқайда қиын. Ирак, Сирия, Пәкістан, Ауғанстан, Египет және Сомали секілді елдерде лаңкестік жарылыстар күнде болып жатты. Жүзден аса адамның өмірін қиған 8 шабуыл болса, соның үшеуі Сирияға келеді екен. Жылдың ең сорақы шабуылы Сомали астанасы Могадишода болды. Жүк көлігінің жарылысы 512 адам құрбан болды. Esri.com
cайтының мәліметінше, биыл 1 099 террорлық шабуыл болып, 7 455 адам өлімі тіркелген екен.
Жылдың жағымды жаңалықтары
ДАИШ террорлық ұйымының Сирия мен Ирактағы жаулап алған жерлері тұтастай босатылды. Біреулер мұны ДАИШ-тің түбегейлі жеңілісі деп бағаласа, біреулер ұйымнан келер қауіп әлі сейілген жоқ дейді. Сириядағы азаматтық соғысты пайдаланған террорлық ұйым 2014 жылы күшіне еніп, Шам елі мен Ирактағы көптеген қалаларды басып алды да, қысқа уақытта үлкен күш жинап, әлемнің назарын өзіне бұрды. Бұл ұйым өзгелерден жоғары деңгейдегі ұйымдасуымен ерекшеленді. Қуаты мықты, қаражаты мол ДАИШ коммуникация құралдарын да тиімді пайдаланғаны белгілі. Нәтижесінде, мүдделі елдердің бәрі жұмылып ДАИШ-пен күресті. Үш жылға созылған тартыстың әсерінен биылғы көктемде Ракка, шілдеде Мосул терроршылардан азат етілді. Желтоқсанда қалған территориялар да тазартылып, ДАИШ талқандалды деген ақпарат таралды. Жағдайды пайдаланған Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы Ресей әскерін елге қайтаратынын мәлімдеді.
Жағымды жаңалықтар легін Сауд Арабиясы жалғастырды. Биыл саудиялықтар әйелдер қауымының құқықтарын кеңейтіп, көлік айдауға, спорт стадиондарына кіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар осыған дейін тыйым салынып келген концерттер мен кинотеатрларға рұқсат етілді. Бұл 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан еркіндік толқынының жалғасы еді. Сол жылдан бастап саудиялықтар уахаббизмнің қатып қалған кейбір қағидаларынан бас тартып, либералдық құндылықтарды қабылдай бастады. Мәселен, 2013 жылы сол кездегі ел басшысы король Абдуллах беделі жоғары Шура кеңесіне 30 әйелді мүшелікке қабылдады. Ал 2015 жылдың 12 желтоқсанында әйелдерге дауыс беру және сайлану құқығы берілді. Бұл жылдар бойы әйелдер құқығы үшін күрескендерге үлкен жеңіс болды. 2016 жылдың сәуірінде мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман Сауд Арабиясының 2030 жылға дейінгі жол картасын жариялап, мұнайға тәуелсіз экономика құруға бет алғанын көрсетті. Осы арқылы саудиялықтар әйелдердің қоғам мен экономиканы дамытудағы әлеуетін мойындады.
Биылғының негізгі әлемдік оқиғалары – осылар. Аталған тақырыптардың бәрі «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде сапалы сараптама күйінде уақтылы жарық көріп отырды. Осылайша Тауық жылы түрлі деңгейдегі тартыстар мен тарихи сәттерге толы жыл болды.
Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»