Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Шекарасы нақтыланған азат ел

443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз көп. Жарқын көріністеріміз ішкі-сыртқы саясат пен экономикалық бағыттарда да баршылық. Бұл ретте бір ғана жетістікпен шектелу қиын. Ал енді жеке пікірім ретінде айрықша атап өткім келетіні, ол – шекарамыздың құқықтық тұрғыда шегенделуі. 

 

Нақтылай түссек, Қазақстан көрші мемлекеттермен шектесетін жерлерінің барлығын да халықаралық талапқа сай шеңберде заңдастырып үлгерді. Яғни Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен өз шекарамызды анықтап, қажетті барлық келісімдерге қол қойып, құқықтық тұрғыдан реттедік. Мұны негізгі жетістігіміздің бірі ретінде санайтыным, бұл − елдің Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің мемлекеттік тұрғыда мойын­далғандығын айқындайтын тетік.

Ал енді салыстырмалы түрде алар болсақ, мәселен, Кеңес Одағының өзі қандай алпауыт ел болса-дағы, Қы­таймен арадағы шекараны құқықтық тұрғыда бір келісімге келіп, реттей алмады. Осы орайда, тәуелсіздігімізді алған соң уақыт созбай Қытаймен шекарамызды анықтауымыз үлкен жетістік. Сол сияқты Ресеймен де бұл мәселенің түбегейлі шешілгені көңілге демеу тұтарлық дүние. Орталық Азия елдерімен де шекара сызығымыз нақтыланған. Мұның бәрі де Қазақстанның іргелес елдермен мемлекеттік тұрғыда дамуы­на, саяси-экономикалық қарым-қатынас­тарды реттеуіне оң әсерін тигізеді. Осы­лай­ша, тәуелсіздік жылдарында жүйелі байланыстардың беки түсіп, барыс-келісіміз кемелдену үстінде деп айтуға то­лық негіз бар.

Әлемде шекара мәселесін әлі күнге шеше алмай жатқан талай мемлекет бар екендігін ескерсек, осы тұс­та Елбасы­мыздың ерен еңбегіне лайық­ты бағасын беруіміз керек. Мұны көрші елдердің басшыларымен саяси дипломатиялық қарым-қатынастарда салмақты сөз айтып, іскерлік қабілетін таныта білген Мемлекет басшысының қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында орын алған жетістік деп бағалауға болады.

Жуырда ғана біз Түрікменстанмен демаркация мәселесін шешуге бағыт­талған заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жібердік. Осы жерде демаркациялау жайына тоқталып өткім келеді. Өйт­кені, шекара мәселесінде демаркация және делимитация деген түсініктер бар. Делимитация дегеніміз, шекараны картада анықтап алу. Халықаралық тәжірибеде ең негізгі құжат осы делимитация мәселесі болып саналады. Ал демаркация техникалық процес болып табылады. Яғни  жалпақ тілмен айтқанда, картада айқындалған сызықтар бойынша шекара сызығының түйіскен тұсында шекара бағандарын тұрғызып, сыналарды қағып шығу.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, 
қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы