Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2017

Глубокое аудандық Достық үйі жаңа ғимаратқа көшті

501 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Глубокое аудандық Достық үйі Жаңа жыл қарсаңында Уварово ауылына көшіріліп, екі қабатты еңселі жаңа ғимаратқа ие болды. 

Глубокое аудандық Достық үйі жаңа ғимаратқа көшті

Келесі жылы құрылғанына 10 жыл толатын Достық үйінде бұған дейін жеке ғимарат болмай, этномәдени бірлестік мүшелері әр есікті бір жағалап келіпті. Қоғамдық келісім орталығының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Қалихан Байғонысовжаңа нысан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында пайдалануға берілгенін, аймақта 50-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік кешіп жатқанын атап өтіп: «Уварово ауылында ашылған Достық үйі өңір тұрғындарының береке-бірлігін одан әрі нығайта түседі деп сенеміз», - деп ізгі тілегін жеткізді.

Глубокое аудандық Достық үйінің директоры Жанар Қабидоллақызы жаңа ғимаратта жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын, алдағы уақытта Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандырып, бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтады. «Ауданымызда 17 ауылдық округ, 40-тан астам ауыл бар. Өңірде 54 ұлттың өкілдері тұрады. Қаңтар айынан бастап аудандағы барлық ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін насихаттау үшін әр ұлттың мәдени күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы ретте Достық үйінің жайлы да жаңа ғимаратқа көшуіне ұйытқы болған аудан әкіміне айтар алғысымыз шексіз», - дейді Достық үйінің директоры.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы.