31 Желтоқсан, 2017

Министр Дәурен Абаев биыл қандай жұмыстар атқарылғанын айтты

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзі басқарып отырған ведомствоның бір жылдық жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Министр Дәурен Абаев биыл қандай жұмыстар атқарылғанын айтты

«Біздің министрлік үшін 2017 жыл айтарлықтай жемісті болды деп айтуға болады. Меніңше, біз бір жылдың ішінде көптеген жұмыстарды атқарып үлгердік, алайда әлі де болса атқарылар шаруа жетерлік. Сондықтан, 2018 жылға аса ыждағаттылықпен (оптимизммен) қадам басқалы отырмыз. Бір жылдың ішінде не істеп үлгердік? Ең алдымен, әлбетте, ақпарат және коммуникацияларға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын атап өткім келеді. Бұл - 288 өзгерістен тұратын үлкен заң жобасы. Өзіңіз білетіндей, өте қызу талқыланып, бүгінгі таңда қабылданды. Осы заң жобасына қатысты алда өте үлкен жұмыстар күтіп тұр», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында сұхбатында.

Министр өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «жаңа өзгерістер БАҚ жұмысына кері әсерін тигізбей ме?» деген наразылығынан хабардар екенін жеткізді.

«Мен сенімді түрде кері әсері тимейтінін айта кеткім келеді. Біз бұл заңды тұтынушылардың да, журналистік ортаның да ойымен келісе отырып әзірледік. Оның қалайша сәтті жұмыс істейтіні туралы сұраққа мен келесі жылдың (2018 жыл - авт.) алғашқы алты айында жауап беремін деген ойдамын», - дейді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев сонымен қатар, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тағы бір бағындырған белесі - «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына ерекше атсалысуы деп білетінін айтты.

«Бағдарлама Мемлекет басшысымен мақұлданып, қабылданды. Ол Қазақстандағы әрбір азаматқа қатысты шаруа. Ол әрбір қазақстандықтың өміріне және экономиканың барлық саласына, барлық инфрақұрылымға жағымды әсерін тигізеді. Халық бұрынғыдан сапалы интернетке, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметке қол жеткізеді», - дейді ол.

Министр өзінің пайымын қарапайым мысалмен шегелей түсті.

«Біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ел өміріне енгізе бастаған уақытта, яғни 15 жыл бұрын қандай сын айтылғанын білесіздер. Ал оған дейін адамдар қарапайым жеке куәлікті алудың өзі қаншалықты оңай емес екенін, қаншама кезек күтіп тұр керектігін байқамай өмір сүре берді. Бірақ, ХҚКО-лар жұмысын бастағаннан кейін халық олардың жұмысын біршама сынға алғанымен, бір аптадан кейін өтінім берген құжатын алу жолына үйрене бастады. Ал қазір халық орталыққа екі мәрте келгісі келмейді. Яғни, өтінім үшін және алып кету үшін екі мәрте келуге құлықсыз. Адамдар үйінде отырып-ақ қажетті қағаз-құжаттарын толтырып, жеке мәліметтерін жолдау әдісімен бір аптадан кейін «Қазпошта» арқылы құжатын қолына алғысы келеді. Біз осы жолмен келе жатырмыз. Демек, біз қызмет көрсету сапасын арттырып, қазақстандықтардың уақытын үнемдеп отырмыз», - дейді Дәурен Абаев.

Министр үшіншіден, министрлік ерекше атсалысқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы екенін айтып берді.

«Біз бұл жұмысқа атсалысқанымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан үшін жаңа есімдерді, мақтан тұтар адамдарды ашып бере алғанымызға сенгіміз келеді. Менің ойымша, бұл жоба өзінің жалғасын табады», - деп түйді министр.