– Сапар Қайратұлы, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ауылдық елді мекендердің біраз бөлігі өздерінің дербес бюджетін қалыптастыруға көшкені белгілі. Тиісті заң жобасын әзірлеуге қатысқан жұмыс тобының мүшесі ретінде бұл өзгерістің не мақсатпен қолға алынғанына, қандай артықшылықтары бар екеніне тоқталып өтсеңіз...
– Жалпы, аудан орталықтарында, ауылдарда тұратын адамдардың үлесі еліміздегі барлық халықтың 40 пайызынан асып түсетінін ескерсек, жергілікті өзін-өзі басқару ісінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Ауыл халқының күнделікті тыныс-тіршілігі, сапалы білім алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, әлеуметтік жағдайлары күнтәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені шешудің жолы Елбасымыздың Ұлт жоспары – 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 98-қадамында көрсетілген. Онда «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады» деп жазылған болатын.
Тиісті заңды қабылдау барысында жергілікті азаматтардың белсенділігін арттыруға, маңызды шешімдерді жергілікті жиналыстарда шығаруға баса көңіл бөлінді. Әкімнің кандидатурасы, елді мекенді абаттандыру, жол салу, су тарту сынды жұмыстардың барлығы сол жердің өзінде, тұрғылықты халықтың белсене атсалысуы арқылы шешілетін болды. Осы тектес жұмыстар оңынан шешілу үшін не керек? Қаражат керек. Ал заңнамадағы кешенді өзгеріс – төртінші деңгейлі бюджеттің пайда болуы және сол бюджетті қай салаға жұмсау керектігін халықтың өзі анықтайтыны. Кей ауылдарға жол тартылмаған, енді біреуінде су құбыры тозған, балабақшасы жоқ ауылдар бар... Оның барлығын енді ауыл халқы жиналыстарда бірге ойласып, бірлесіп шешеді.
– Бұған дейінгі жылдардағы ауылдық елді мекендердің бюджеті туралы дерек бар ма?
– 2016 жылы осы мақсатқа 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Бірақ жергілікті өзін-өзі басқару тетігі болмағандықтан, қаржының тиімді игерілуіне мүмкіндік болмаған. Қалай кәдеге жаратылып жатқанынан халық бейхабар, жалпылама білгеннің өзінде бюджетті жұмсау үдерісіне қатыспаған. Ал 1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістердің арқасында осы мәселе шешімін тапты.
– Жаңа заңда жергілікті дербес бюджетті құру қамтылғанын айтып отырсыз. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыдан бөлек, оны құрудың басқа тетіктері қандай?
– Бюджетті қалыптастырудың бірнеше жолы қарастырылған. Атап айтқанда, салықтың 6 түрі ауылдарға беріліп отыр. Оның ішінде мүлік салығы, автокөлік салығы, коммуналдық меншікті сату барысында төленетін табыс салығы, жер салығы сынды ең маңызды дегендері бар.
Бюджетті құраудың басқа да жолдары аз емес. Мәселен, күре жолдың бойында орнатылған жарнамадан түсетін салық сол жол бойында қоныс тепкен ауылдарға тиесілі. Мемлекеттік мүлікті сату, жалға беру кезіндегі салық та осы қатарда. Осының бәрін есептейтін болсақ, қыруар қаржының басы құралады екен. Қазір халық басындағы баспанасы, астындағы көлігі үшін мемлекетке салық төлеп отырса, енді ол ақша автоматты түрде ауылдық округ бюджетінің қазанына құйылады. Яғни халық өзі төлеген салықты өзі пайдаланады. Осы тұрғыдан алғанда, төртінші деңгейлі бюджеттің берері көп деп ойлаймын.
– Жергілікті халық, ауыл әкімдері бұл жаңалықты қалай қабылдап жатыр?
– Біз өңірлерді аралап, тұрғындармен кездескен кезде су тарту, жол салу, жарық жеткізу, балабақша салу, мектептерді жөндеу сынды мәселелер жиі алдымыздан шығады. Өзіңіз білетіндей, облыс бюджеті – аудандарға, ауданнан ауылдарға беріледі. Қаржыны бір жағына тартсаң екінші жағына жетпей жататыны да рас. Халық өздерін алаңдатқан сауалды бізге қояды, аудан әкімдеріне қояды. Аудан әкімдері мәселені бірден шешіп тастағысы келгенімен, олардың да мүмкіндігі шексіз емес. Осы орайда, бюджетті құрауды, игеруді өздеріне беру – халық үшін үлкен көмек. Оны ауыл халқының басым көпшілігі, әкімдер дұрыс қабылдап, үлкен үміт артып отыр.
Жалпы, бюджетті құрау мүмкіндігін берудің тұрғындарға тигізетін пайдасы туралы тағы да айта кетейін. Бұл жаңашылдық ауылда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік дамыса, жеке мал шаруашылықтары, жылыжай шаруашылықтары көбейсе, оның салығы сол ауылда қалады. Яғни азаматтары неғұрлым іскер ауылдың тыныс-тіршілігі солғұрлым жақсара түседі деген сөз. Жұмыс істеген ауыл – көркейеді. Енді ауыл халқының жауапкершілігі де күшейеді. Өздерінің мініп жүрген көлігінің, тұрып жатқан үйінің, жасап жатқан жұмысының салығы, барлығы 6 түрлі салық түсімі сол ауылға беріліп жатыр. Олай болса, ол қаржыны қалай игереміз, қандай жұмыстарды бірінші қолға аламыз деген мәселенің барлығын өздері шешеді. Бұл халыққа да, әкімге де сын. Осы сыннан сүрінбей өтіп, іскерлігімен көзге түсу өздерінің қолында.
Бұған дейін ауылды көркейту үшін талай жұмыстар қолға алынды. «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама да болғанын білесіз. Алайда қазір көріп отырғанымыздай, жастар, жас отбасылар ауылда тұрғысы келмейді. Олар ауылда қалу үшін жұмыс керек, әлеуметтік жағдай жасалуы керек, баспана берілуі керек. Жайлы баспана, жұмыс орны, балабақша, мектеп болса, ауылға баратын жастардың да қатары көбейеді. Яғни ауылға жастарды тартудың басты жолы – қаладағыдай жағдай жасау. Төртінші деңгейлі бюджет осыған мүмкіндік береді.
– Ауыл әкімдерінің, басқа да жергілікті жауапты тұлғалардың білім-білігі заңнамалық өзгерістерді дұрыс қолдануға жеткілікті ме?
– Әрине жергілікті басқару ісіндегі үлкен өзгеріс әкімдердің, есепшілердің біліктілігіне, ауылдардың техникалық жарақтандырылуына тікелей қатысты екені түсінікті. Дәл қазір барлық әкімдердің білім-білігі жеткілікті деп айта алмаймын. Жауапты қызметкерлердің біліктілігін әлі де арттыра түсу керек. Бізге берілген мәлімет бойынша Мемлекеттік басқару академиясының тарапынан осы бағытта біраз оқыту жұмыстары жүргізіліпті. Оған Қаржы министрлігінің, Қазынашылық комитетінің, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері оқытылды. Бірақ мәселенің бәрін осымен шешіп тастадық деуге болмайды. Егер кеңірек алып қарайтын болсақ, қай салада да бүгінгі жасалып жатқан жұмыс тәсілі ертең ескіріп қалып жатыр. Жаңа технологияларды, жаңа білімді игеру үдерісі толастамақ емес. Биыл үлкен заңнамалық өзгеріс болды, мұндай өзгерістер енді жыл сайын болып тұрады. Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, облыс әкімдіктері түрлі семинарлар өткізіп, жаңашылдықтармен таныстыруды жүйелі түрде жүргізуі керек деп санаймын.
– Халық саны 2000 адамға жетпейтін ауылдардың бюджетін қалыптастыру бұрынғы күйінде қалады екен. Болашақта олардың жағдайы қалай болмақ?
– Қазақстанда 2445 ауыл бар. 1053 ауылдың халқы 2 мыңнан асса, 1392 ауылдың халқы 2 мыңға жетпейді екен. Заңнамадағы өзгерістің алғашқы топқа тигізген ықпалын 2018-2019 жылдары байқайтын боламыз. Қолымыздағы деректер бойынша, осы ауылдарда интернет бар, салық түсімдері түсетін база бар, әкімдіктері жақсы жұмыс істейді. Ал 2020 жылдан бастап халық саны 2 мың адамға жетпейтін 1392 ауыл да осы қатарға қосылады, олардың дамуына мүмкіндік жасалады. Биылғы өзгеріс қамтыған ауылдардың тәжірибесі, жеткен табыстары оларға тәжірибе ретінде ұсынылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»