Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Төрткүл дүниеге төрағалық ететін жыл

569 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүше болып сайланғаны белгілі. Беделді ұйым құрамындағы бір жылымыз табысты аяқталды. 2018 жылды аталған Кеңеске төрағалық етумен бастап отырмыз. Осыған байланысты Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен әңгімелескен едік.  

Төрткүл дүниеге төрағалық ететін жыл

– Қайрат Ермекұлы, Қа­зақ­стан­ның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жұмыс істе­­геніне бір жыл толды. Осы уақыт ішін­де қан­дай жұмыстар атқа­рыл­ды? Жаңа 2018 жылғы қаң­тар­­да елі­міз Кеңеске төраға­лық етеді. Қазақ­­стан тара­пы қандай мәсе­ле­­лерді қарас­тыруды жос­парлап отыр?

– Еліміз Қауіпсіздік Кеңе­сі құра­мында ұйымның көп­теген оты­рыс­тарына, ашық пікірталас­тары мен бри­фингтеріне қатысты. Соны­мен қатар бірқатар бейресми консуль­тацияларға, Кеңес­ке тұрақты емес мүше елдер бірлес­тігінің кездесуіне атса­лысты. Қазақстан делегация­сы Кеңестің түрлі комиссиялары құра­мында Колумбия, Гаити, Орта­лық, Батыс және Шығыс Африка елдеріне, Аддис-Абебадағы Африка одағының штаб-пәтеріне, АҚШ басшылығымен кездесу үшін Вашингтон қаласына іссапармен барып қайтты. Еліміздің өкілдігі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары секілді маңызды құжаттарды қабыл­дауға мазмұнды үлес қосты.

Қауіпсіздік Кеңесі құра­мын­­дағы Қазақстанның басты мақ­саты­ның бірі – әлемдік соғыс қаупі­нің алдын алу. Бұ­дан бөлек Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты пара­диг­малық манифесінде айтылған БҰҰ-ның 100 жылдығына орай 2045 жылы жанжалсыз әлем құруды жүзеге асы­ру да негізгі бағыттың қатар­ында. Бұған қол жеткізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына мү­ше мемлекеттер ядролық қару­сыз әлемді құру мәселесін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанжалдар мен шиеленістерді шешуге бірлесе ұмтылуы керек.

2018 жылғы қаңтардың екін­ші жартысында Нью-Йоркте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­аға­лығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақы­рыбында пікір­талас ұйым­дас­тыру жоспарда бар. Сон­дай-ақ Сырт­қы істер министрі Қ.Әбдір­ах­манов­тың төрағалығымен «Қауіп­сіздік пен дамудың өзара тәуел­ділігінің үлгісі ретінде Ауған­стан мен Орталық Азиядағы ай­мақ­тық серіктестікті құру» та­қы­ры­бында БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің жарыс­сөзі өт­­пек. Шара­ға Орталық Азия елдері­нің және Ауғанс­тан­ның сырт­қы істер министр­лері қатысады. Жарыс­сөз­дің нәтижесі бойынша қоры­тынды құжат әзірленеді деген үмітіміз бар. Ал қаңтардың соңына таман Таяу Шығыс мәселесі бойынша тоқсандық жарыссөз өтеді.

– Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақ­­стан­ның басты бағыт­тарының бірі – әлем наза­рын Орталық Азия­ның түйт­­­­кілді мәселелеріне аудару. Осы тұр­ғы­­д­ан алғанда елі­міз алға қой­ған мақ­­са­тына қаншалықты жете алды?

– Орталық Азия мәселесі – делегациямыздың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмы­сының маңызды басымдығы. Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бей­біт­шілік, ынтымақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне ай­налдыруды көздейді және осы мақсатта жұмыс істей­ді. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мүше ре­тінде Орталық Азия аймағы­нан сайланған тұңғыш мемле­кет екені белгілі. Осыған бай­ланысты еліміз аймақтағы мәселелерге ерекше мән бере­ді. Әрі халықаралық қоғам­дас­тық назарын өңірге аудару мақсатында ҚК-нің бүкіл мүмкіншілігін пайдаланамыз.

Аталған басымдықты жүзеге асыру барысында ай­мақтағы тарап­­тардың мүдде­лерін ескере­міз. Қазақ­стан үшін көрші ауған елінің бей­біт өмір сүргені, әлеу­мет­тік-эко­но­микалық дамуы, әлеуе­­тінің күшеюі, қауіпсіз болуы маңызды. Сон­дық­тан әлем наза­рын осыған ауда­руға талпы­намыз. Айта кету керек, еліміз­дің деле­га­циясы Қауіпсіздік Кеңесі­нің Ауғанстан мен Талибан бойын­ша 1988 комитетінің төр­ағасы ретін­де жүйелі жұмыс істеп келеді.

2017 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамб­леясының 72-шi сес­сиясының аясында Орта­лық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Кездесу нәтижесінде Бас Ас­самблея шеңберінде алғаш рет Орталық Азия елдері сырт­қы істер министрлерінің бес­жақты бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжатта тараптар өңірлік мәселелерді теңдік, өзара тиімділік және барлық тарап­тардың мүдделерін құр­меттеу негізінде өзара тиім­ді шешімдер қабыл­дау­дың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жиында ай­мақ­тағы мәселелерді Орталық Азия елдері­нің өздері шешуге қабілетті екені айтылды. Министрлер екіжақты дең­гейде және халықаралық ұйымдар шеңберінде лаңкес­тікке, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, адам саудасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз қару-жарақ саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуға да­йын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар 27 қа­ра­шада, Қазақстан, Гер­мания және Ауған­стан делега­циялары Қауіпсіздік Кеңе­сінің Аррия формуласы бойынша «Ауған­стан үшін серік­тестер: Орта­лық Азия­дағы қауіпсіздік пен даму­дың өзара ықпалдастығы» тақыры­бын­да мәжіліс өткізді. Аталған шараға қатысушылар ауған тарапына экономикалық қолдау көрсету­дің маңыздылығына назар бөлу қажеттігін сөзге тиек етіп, бұл осы елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қол жеткізудің бірден-бір жолы екендігін жеткізді. Орталық Азия елдерінің делегациялары өз елдерінің Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін және бұл олардың саяси және экономикалық мүдделеріне сәйкес келетінін алға тартты.

– Еліміз Африка ел­де­рі­нің мәселелерін де кө­те­­ру­ді мақсат еткен. Бұл ба­ғыт­­та қандай іс-шаралар атқарылды?

– Африкада бейбітшілік пен қауіп­сіздікке қол жеткізу – мемле­кетіміздің Қауіпсіздік Кеңесін­дегі жұмысының басты бағытының бірі. Бұл мәселені Елбасы еліміздің БҰҰ ҚК құрамын­дағы бесін­ші басымдығы ретінде атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда Қазақстан Африка одағына байқаушы мемлекет ретінде қатысады және ҚК-нің Сомали/Эритрея бо­йынша комитетінің төраға­сы ре­тінде құрлықтағы тату­лық пен бей­бітшілікті қалпына келтіру мақсатында халық­аралық іс-қимыл­дарға үлес қосып отыр. Айта кету керек, Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде тұрған мәсе­ле­­лер­дің 70 пайызға жуығы осы Африкадағы шиеле­ніс­терге арналған. Солардың ішінде Судан мен Оңтүстік Судан, Орталық Африка Рес­пуб­ликасы, Конго Демократиялық Республикасы, Бурунди, Мали, Ливия, Сомали секілді бірқатар мемлекет­тер­де­гі ұзаққа созылған және шие­леніске толы қақтығыстарға жі­ті көңіл бөлінген.

Африканың біздің елден гео­гра­фиялық алыстығына қарамастан, Қазақстан делегациясы осы мәселелер бо­­­йынша Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің жұмысына белсенді қаты­сады. Жыл басынан бері қа­зақстандық делегация Аф­рика мәселелері бойын­ша Кеңестің қосалқы орган­дарының, әсіресе Сома­ли/Эритрея комитетінің шең­берінде белсенді жұмыс ат­қа­рып келеді. Сонымен қатар атал­ған тақырып бойын­ша бірқатар қа­рар­­ларды әзір­леу мен келісу жұ­мысына қатысып, барлық кез­десулер мен консультация­лар­да сөз сөйледі. Кеңес Чад кө­­лі ай­мағына (Нигерия, Ни­гер, Ка­ме­­рун, Чад) және Са­хель ай­­­ма­­ғына (Мали, Мав­ри­тания, Бур­­­кина-Фасо) жүзеге асыр­ған екі далалық сапардың, сон­­­дай-ақ Судан еліне сарап­шы­­лар дең­гейіндегі сапар­дың нәти­же­лері Африкадағы не­­гізгі проблема­лар мен жан­­жалдардың түпкі себеп­тері Орта­лық Азия мен Ау­ған­станның проб­лема­л­арына ұқсас екенін көрсетті.

Чад көлінің алқабына Қа­уіпсіздік Кеңесі делегация­сы тұң­ғыш рет іссапармен барды. Біз мұны БҰҰ-ның бітім­гер­лік күштерін бақы­лау үшін емес, аймақта қалып­тасқан ауыр жағдайға халық­аралық қоғам­дастық назарын аудару мақ­сатында ұйым­дастыр­дық. Себебі Чад көлінің маңын­дағы мемлекеттерде қауіп­сіздік, тұрақты даму және гуманитарлық көмек көрсету мәселелері күйіп тұр. Сапар қорытындысы бойынша, Кеңес аймақтың проблемаларын шешуге үлес қосатын тиісті қарар қабылдады.

Жалпы, Қазақстан ай­мақ­тағы «Боко Харам» жә­не Сирия мен Ирак­та жеңіліс тауып, Афри­каға назар ау­дар­ған басқа да терро­­ристік және экстремистік ұйым­дардың тамырына балта шабу үшін Африка одағының бастама­ларын, оның ішінде террорис­тер­ге және трансшекаралық ұйым­­дасқан қылмысқа қар­сы күрес жөніндегі Са­хель ай­мағы бес мемлеке­тінің бір­лескен күштерінің құ­рылуын жә­не іске қосылуын то­лық­тай қолдап, ҚК-нің тиісті қа­­рар­ларын әзірлеуге атса­лысты.

Африкадағы қарулы қақ­ты­ғыс­тар­дың алдын алу үшін жанжалдардың түпкі тамырларын, оның ішінде су мен жер ресурстарының тапшылы­ғын, кедейлік, жұмыссыз­дық пен сауатсыздықты жою, инфрақұры­лымды дамытудың қажеттігі анық. Осы себептен Қазақстан Африканың шөлейт аймақтарында ел­ді мекендерді ауыз сумен қам­тамасыз ету сияқты инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Мәселен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сомали­де «Гуру Уэйн ауданында таза су және суға қауіпсіз қол жеткізуді қамта­ма­сыз ету» және «Йо­харе ауданын таза сумен қам­тамасыз ету» атты жоба­л­ар­ды іске асыру үшін 215 мың АҚШ дол­ларын бөлу туралы шешім қабылдады.

Осымен ғана шектелмей, Қазақстан Африкадағы БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына да тікелей қатысуда. Атап айтқанда, қазақстандық әскери бақылаушылар БҰҰ-ның «Батыс Сахарадағы ре­ферендумды бақылау ар­қылы бейбітшілікті қолдау» жөніндегі (MINURSO) миссиясында қызмет етеді. Келер жылы біздің бітімгершілер бөлімшесін тағы бір БҰҰ миссиясына енгізу жос­парда бар.

Жалпы алғанда, Афри­каның ерекше зор әлеуеті бар екенін және алдағы уа­қытта осы құр­лық әлем эко­но­микасының бас­ты қоз­ғалтқышы болуы әбден мүм­кін екенін есте сақтау керек. Бұл әлеуетті іске асыру және Африканың қазіргі проблема­ларын шешу үшін барлық мүше мемлекеттер мен БҰҰ мекеме­лерінің үйлесімді іс-қимылы талап етілетінін атап өтуіміз қажет.

– Елбасы Н.Назарбаевтың былтыр қаңтарда БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне ар­на­ған саяси Үндеуінде жеті басымдықты ата­ды. Солар­дың бірі – ядро­лық қаруды тарат­пау. Осы ба­сым­дық­тың орындалуы жөнін­де айтып берсеңіз.

– БҰҰ-ның 100 жыл­ды­ғына орай ядро­лық қарусыз әлемге қол жеткі­зу бағы­­тында бірқатар жұмыстар атқа­рыл­­ды. Мәселен, жаппай қырып-жою қару­ларын таратпау бойынша Қауіп­сіз­дік Кеңесінің 1540, 1718 және 2231 қарарларын бұлжытпай орын­дап келеміз. Сонымен қатар Ядро­лық қарудан азат әлем құру туралы жал­пы­ға бірдей декларацияның, Яд­ролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты мен Ядролық қаруға тыйым салу шартының тиісті  ережелері сақталып отыр. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын сынау салдарынан ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі екені белгілі. Еліміз тарихи жағдайды ескере отырып, КХДР-дың Қауіпсіздік Кеңе­сінің қарарларын көп мәр­те бұзуы­на байланыс­ты туындаған кезең­де өз ұс­та­ны­мынан бас тартпайды. Осы­­ған сәйкес Солтүстік Ко­реяға қатыс­ты отырыста біз­дің ел Қауіпсіздік Кеңесі­нің қа­рарларын қолдап дауыс берді.

Жалпы, БҰҰ-ның 100 жыл­­дық мерейтойына орай яд­ро­лық қарудан азат әлем құру туралы бастама Қазақ­стан­ның сыртқы саясаты­ның ең маңызды басымдық­тары­ның бірі болып қала береді. Бұл мәселені БҰҰ алаң­ында дәйекті түрде айтып оты­рамыз. 2015 жылдың желтоқ­санында БҰҰ Бас Ассам­блеясы Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларацияны қабылдады. Биыл Ядролық қаруға тыйым салу шарты (ЯҚТШ) мақұлданды. Бұл халықаралық келісім біздің декларациямызға демеу беріп, ядролық қаруды жасау, сынау, сақ­тау, қол жеткізу және қолдану мүм­кін­діктеріне түбегейлі түрде тыйым салу­ды көздейді. Қазақстан бұл құжаттың әзірленуіне бел­сен­ді түрде қатысып, оның қа­был­­дануына дауыс берген 122 мемлекеттің қатарында болды.

Былтыр Өскеменде ашыл­ған АЭХА (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкі  осы саладағы маңыз­ды тарихи оқиға саналады. Қазақ­стан әрдайым ядролық қауіп­сіз­дік жөніндегі саммиттер туралы идея­ны белсенді қолдап, осы күнге дейін ұйымдастырылған бар­лық отырыстарға тұрақты түрде қаты­сып келді. Төр­тін­ші Ядролық қауіпсіз­дік саммитінде «Әлем. XXI ға­сыр» манифесі баршаның наза­ры­на ұсы­нылған болатын. Төмен байы­тыл­ған уран банкінің салтанатты ашы­лу рәсімінде қазақстандық тарап ядро­лық қауіпсіздік мәселесі бойынша ең жоғары деңгейде кездесулер өткізу дәстүрін қайта жаңғыртуды ұсын­ғаны белгілі. Қазақстан БҰҰ алаңында барлық мүд­делі тараптармен осы мәселе бо­йынша үйлесімді өзара әре­кет­тестіктің барлық мүмкін амалдарын талқылап келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»