Қысқы спорт • 01 Қаңтар, 2018

Юлия, сенен алтын күтеміз!

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

...Юлия әкесі Евгений Александрович Галышевтан ерте айырылды. Ол қызын ерекше жақсы көретін. Бір үйдің жалғыз баласы болған соң анасы Светлана Геннадьевна да қызын еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Елгезек қыз алты жасында би үйірмесіне қатысты. Біраздан кейін биді ұнатпай, Өскеменнен он шақырым жердегі енді ғана ұйымдастырыла бастаған фристайл секциясына  жазылды. Тобықтай ғана қыздың көзінен отты байқаған алғашқы бапкері Анна Корнышева әкесі мен анасына «Юлияның фристайлды таңдауы қуантады, бірақ бұл аса күрделі де қауіпті спорт түрі. Құлап қалып, немесе жарақат алып жатса, маған ренжімеңіздер» деп қысқа қайырды. Бір-біріне аңтарыла қараған Евгений Александрович пен Светлана Геннадьевна, «өкпе айту орынсыз ғой, қызым өжет, алған бетінен қайтпайды» деп сендіре сөйледі. 

Юлия, сенен алтын күтеміз!

Уақыт жүрдек. Анна Кор­ны­шева екі жылдан кейін тұрмыс құрып, Ал­манияға қоныс аударды. Алғашқы бапкері Юлияға бар біл­генін жалықпай үйретті. Шы­дамдылық пен тактикалық шеберліктің қыр-сырына қаныққан дарынды қызды алғашқы жат­тық­тырушысы балалар мен жас­өс­пірімдер спорт мектебінің бапкері Виктор Павлович Лемешкоға тапсырып кетті. Ал Лемешко фрис­тайлдың нағыз тәжірибелі бапкері болатын.

11 жасар талантты қыз 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қала­сындағы дү­бірлі жарысқа қатысып, чем­пиондық атаққа ие болып, кубокты жеңіп алды. Арада үш жылдан кейін жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде күміс алқаны иеленіп, спорт ше­бері атанды. Фристайлдың могул түріне екінің бірі бара бер­­мейді. Кедір-бұ­дырлы таудан төмен қа­рай зымыраған кезде бұ­ры­лыста қате қимыл жасап қойсаң, омақасасың. Әрине, талай дүбірлі жарыс­тарда Юлия қателіктерге жол беріп алды. Бірақ жасымады, қайта өр­ше­леніп, шеберлігін шыңдай түсті. 15-ке енді толар кезде әлем чемпиона­тына қаты­сып, алғашқы ондыққа табан тіреді.

Юлияның жеңісті қадамы 2008 жылдан басталды. Ол бұл уа­қытта Еуропаның екі дүркін чемпионы атанды. 2009 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тамаша өнер көрсеткен бойжеткен бапкерлердің көзіне ілікті. Бір­лесіп өнер көрсетуде әлем чемпио­ны атанды. Канаданың Ван­кувер қала­сында өткен Қыс­­қы Олимпия ойындарын­да жолы болмады, сәл қате­лік жасап еді, Канада, АҚШ елінің қа­зылары тө­мен қа­рай сырғыта сал­­ды. Сочи Олим­пиадасына қаты­сып, жерлесіміздің өнерін көз­бен көрген едік. Юлияның жеңіс тұғырына көтерілсем деген арма­нын тағы да мұхит­тың арғы жа­ғынан келген төре­шілердің қиғанына куә болдық. Керемет ше­берлік көрсеткен Юлияны қа­зылар жетінші орынға сыр­ғыта салып, финалдық айқастан шет­тетті. Ол ол ма, тағы бір жерле­сі­міз Дми­трий Рейхердтің балын тө­мендетіп, үшінші орынды ре­сей­лік фристайлшыға бере сал­ған кезде өзегімізді өрт шалды. Әттең!..

Бұдан кейін Юлия жер­лес­терін абыройға бөледі. Фран­ция­ның Мэрибель қа­ласында өткен Әлем кубогында алтыннан алқа тақты. 2015-2016 жылдары әлем чем­­пионатының қоласын, бірнеше рет Әлем кубогы сайыстарында топ жарды, жүлде терді.

...2011 жылдың қаңтары. Ал­матыда VІІ Қысқы Азия ойындары өтіп жатыр. Оң­түстік астанада бірде қар жауса, келесі күні ақ жау­ын толассыз сіркірейді. Қа­­­лың тұман тұмшалаған кезде жарыстар бірнеше рет өтпей қалды. Ақыры ауа райы ашылған соң Юлиялар сайысқа түсіп, жеке могульде, параллельді могульде Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атан­ды. Ол ол ма, былтыр Аме­рикада Әлем кубо­гы жарысында 2-орынды, биыл Алматыда өткен дүние­жүзілік ХХVІІІ Қыс­қы Уни­версиада ойындарында чемпион атанды. Жапонияның Саппоро қаласында жалауын кө­тер­ген Азия ойындарында да Юлияның жұлдызы жанды.

2017 жыл талантты жер­­лесіміз үшін жеңіске то­лы болды. Жақында ға­на Юлия Қытайда өткен Әлем кубогының кезекті сайы­сында бір алтын, бір күміске ие болып, әлем­дік рейтингте екінші орынға жайғасты. 25 желтоқсанда бір топ өскемендік Юлияны әуежайдан қарсы алды. Ол бірер күнге елге оралып, одан соң Канадада өтетін Әлем кубогына аттанбақ.

– Финляндияның Рука қала­сын­да өткен Әлем кубогында жо­лым болмады. Есесін Қытай елін­де қайтардым деп ойлаймын. Арманым – Пхенчханда өтетін Ақ Олимпиадада Қа­зақстанның туын желбірету. Менімен бірге жерлестерім Дмитрий Рейхерд, 16 жас­тағы өскемендік өрен Аяу­лым Әміренова елі­міз­дің намысын қор­ғайды. Фрис­тайлдың могуль түрі Ка­нада мен Америкада қат­ты дамы­ған. Олимпия ойын­дарының бар­лығында сол елдердің мамандары төрешілік етеді. Ванкуверде, Сочиде де медаль алуға бір­ден-бір үміткер едім. Амал бар ма, мұхиттың арғы жа­ғынан келген төрешілер көпе-көрінеу қиянат жасады, тобықтан қақты. Менің алға қарай ұмтылып, секіретін әдісімді әлемде бірде-бір фрис­тайлшы жасай алмайды. Осы жолы корей елінде жұлдызым жанар деген үміт­темін, – деді Юлия бізбен әңгі­мелескенде.

Бұл – Юлияның үшінші Олим­­пиадасы. Әлем кубогы жа­рыс­тарында сан мәр­те жеңімпаз атан­ған, әлем чемпионатының қола жүл­дегері, бірнеше дүр­кін Азия ойын­дары мен Уни­­вер­сиадада топ жар­ған өске­мендік саңлақ қыздан алтын алқа күтетінімізді несін жа­сырайық.

Оңдасын ЕЛУБАЙ

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген автор