Осы жылы қазаққа еңбегі сіңген перзенттердің мерейлі жылдарынан бір пара ұсынып көрмекпіз. Қазақ тағдырына алаңдап, зар заманда тарығып ғұмыр кешкен Шортанбай ақынның туғанына 210 жыл. «Мына дүниеге біз білетін төрт мұхиттың үстіне жаңа мұхит – Күй мұхитын қосқан» Құрманғазының дүние есігін ашқанына – екі ғасыр толыпты. Ақан сері мен Ықылас Дүкенұлына – 175 жыл, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің туғанына – 160 жыл. Кеңес дәуіріне дейін өзі туып-өскен Торғай даласында би болған, патша үкіметі «Оян, қазақ» деген кітапты тәркілеген тұста, жасырын таратқан, Бутырка түрмесінде жатып, Карелияға айдалған, кейін сонда қайтыс болып, тек 1991 жылы ғана ақталған Асқар Дулатов (Міржақыптың туған ағасы) пен Абайдың тәрбиесін көріп, тәлімін алған, ақын мұрасын жинап, тұңғыш баспаға ұсынған Кәкітай Ысқақұлының туғанына – 150 жыл. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірін жазған Спандияр Көбеев пен жыр-дастандардың айтулы жүйрігі Шораяқтың Омарына – 140 жыл. Ал Еуропаның төрінде қазақ әнін әуелетіп, қазақ атын асқақтатқан Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл болыпты. Тума талант, қазақ театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаевтың, жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, қазақ поэзиясына еуропалық әшекейді әкелген Мағжан Жұмабаевтың, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанованың туғанына – 125 жыл. Ұстаз-әдіскер, қуғынға ұшыраған Шахзада Шонанованың дүниеге келгеніне 115 жыл болыпты.
Биыл талантты сыншы, көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың, Қайнекей Жармағамбетовтің, қоғам қайраткері, ғалым Нұрымбек Жанділдиннің, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің, шебер аудармашы Ісләм Жарылғаповтың, Кеңес Одағының Батыры Абдолла Жанзақовтың туғандарына – 100 жыл. Қазақ радиосының үні болған Әнуар Байжанбаев пен қазақ кино өнеріне үлкен үлес қосқан Сұлтан Қожықовтың дүние есігін ашқандарына 95 жыл толыпты. Күллі қазақ даласын ана туралы әнімен тербеткен Ғафу Қайырбековтің туғанына 90 жыл.
Балуан Әбілсейіт Айхановтың, жазушы Асқар Сүлейменовтің, ақын Өтежан Нұрғалиевтің туғандарына 80 жыл. Амандық болса, қазақтың желаяғы Әмин Тұяқов, қазақ балетмейстері Болат Аюханов, актриса Торғын Тасыбекова мерейлі 80 жасқа келеді.
Бұдан өзге мерейлі жастардың бәрі той үшін, дүрмек үшін емес. Өткенді мұқият зерделеу үшін айтылады, ескеріледі, аталады. Тәуелсіз дамудың жолында рухани тұрлаулы болуымызға зор үлес қосқан арыстардың еңбегі ризагер ұрпақтың санасынан бір сәтке өшпек емес.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»