Күрес • 01 Қаңтар, 2018

Жігітті жеңген Жібек

665 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының он жасар тұрғыны Жібек Құлымбет джиу-джитсу спортымен айналысып, талай жарыстарда топ жарып жүрген оқушы. Жібек сияқты жеңімпаз қыздарымыз көп қой, оның қандай артықшылығы бар десеңіз жоғарыдағы суретке қараңыз. Жібек қыздарды былай қойып, ер балалар арасында өтетін талай жарыстарда жігіттерге жүлде бермей жүрген жеңімпаз қыз. 

Жігітті жеңген Жібек

 

Кішкентайынан жанына спортты серік еткен Жібек «Сағадат батыр» спорт клубында жаттығу жасайды. Биыл ғана Алматыда өткен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Бразилия елдерінің спортшылары бас қосқан халықаралық турнирде ер балалар арасында 27 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған ол талайды таңдай қақтырды. Әсіресе, ақтық сында Тәжікстанның бірнеше дүркін чемпионы Мадсурджан Сабуровты айқын басымдылықпен жеңгенін жаттықтырушылары мен достары әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүр. Бапкерінің айтуынша, аталған турнирде осы салмақ бойынша қыздар болмағандықтан, ұйымдастырушылар алқасы Жібектің ер балалар арасында бақ сынауын ұйғарған.

«Жібектің спорттық мүмкіндігіне қарап, біз рұқсатымызды бердік. Кей жағдайларда бұл спорттың ережесіне сәйкес 10-12 жасар жасөспірімдерді ұл-қыз деп жіктеп жатпайды. Тіпті әлем чемпионаттарының өзінде осы жас аралығындағы спортшылар жынысына қарамай салмағы сай келсе белдесе береді. Бұл жарыста ғана емес, елімізде өткен талай турнирде Жібек дәл осылай жеңімпаз атанып жүр. Жібектің спортқа қызығушылығы, физикалық мүмкіндігі қатарластарынан әлдеқайда жоғары. Осы қарқынмен жалғастыра берсе, Жібектің болашағынан мол үміт күтуге болады», дейді жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Жібек спортта ғана емес, оқуда да үздік­тер қатарында. Анасы Құлпынай Құлым­бетова қызының кішкентайынан зерек болып өскенін және спортпен айналысқалы бері көп жетістіктерге қол жеткізгенін айтады. Бізде өз тарапы­мыздан талантты қызға табыс тіледік. Бәлкім, болашақта үлкен додаларда көк Туымызды көкте желбіретіп, Әнұра­нымызды әлемге тыңдататын спорт­­шыларымыздың бірі осы қаршадай қыз шығар? Жеңістерің көп болсын, Жібек!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ