Бетперде киген белгісіз екі адам түн қараңғылығын жамылып, жанармай бекетіне баса-көктеп кірген. Алайда, кассир мен күзетші оларға қарсылық көрсетіп, олжасыз қалдырған.
«Бекет түнгі сағат онда жабылып, терезе арқылы қызмет көрсетілетінін қылмыскерлер алдын ала білген. Осы сәтті пайдаланып, арам ойларын жүзеге асырмақ болған», делінген ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қаскөйлердің бірі күзетшіге, екіншісі кассир келіншекке тап берген. Күзетші өзіне ұмтылған қарақшыны травматикалық қарумен бірнеше рет атып әлсіретіп, кассирге көмекке келген. Екінші қарақшы сыбайласын алып, қашып кеткен.
Осылайша кассир мен күзетшінің қайсарлығы арқасында бекет тоналмай аман қалған. Қазір қылмыскерлер іздестіріліп жатыр.
Осыдан екі жыл бұрын дәл осы бекетке шабуыл жасаған қарақшылар 4 миллион теңге алып кетіп, іздерін суытқан болатын.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы