Қысқы спорт • 04 Қаңтар, 2018

«Беларусь ракетасы» құстай ұшуға әзір!

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін Эстерсундте 2017-2018 жылғы биатлоннан Әлем кубогы басталады. Белорустардың үкілі үмітін арқалаған Олимпиада чемпионы Дарья Домрачева аталған жарысқа тас-түйін әзір отыр. Араға үш жыл салып үлкен спортқа қайта оралған ару биыл жүлделі орыннан дәмелі. Оның үстіне, биылғы дүбірлі дода Пхенчханда өтетін қысқы Олимпия ойындарымен тұспа-тұс келіп отыр.

«Беларусь ракетасы» құстай ұшуға әзір!

Алақандай Беларусь елі Сочи Олимпиадасында 5 алтын медальға қол жет­кізді. Оның үшеуі – Дарья Домрачеваның енші­сінде. Биатлоншы қыз үшін­ші рет Олимп шыңын бағын­дырғаннан кейін оған «Беларусь қаһарманы» ата­ғы берілді.

Жанкүйерлер арасында «Беларусь ракетасы» атанған Дарья 1986 жы­лы Минскіде сәу­лет­шілер отбасында дү­ние­ге келген-ді. Төрт жас­қа толғанда ата-анасы Сі­­­бірге қоныс аударыпты. Ол 6 жасынан бастап шаң­­­ғыға қызығушылық танытқан. Белорустардың мақ­танышына айналған қыз білім мен спортты қатар ала жүріп, мектеп пен университетті үз­дік тә­мамдады. Дарья 13 жасында үлкен спорт­пен айналысуға бел ше­ше кі­рісті. Содан бері жиі-жиі же­ңістің биік тұғырынан көрініп жүр. 2003 жылы Домрачевтар от­басы Минс­кіге қайта оралды. Дарья бастапқыда жа­рыс­тарға Ресейдің сапында қа­ты­сып жүрген. 2004 жы­лы тарихи Отанынан ша­қырту алғанда, Дарья ой­ланбас­тан келісті. Міне, бір өзі Беларуське 3 алтын әперген Домрачеваның қыс­қаша өмірбаяны осы.

Дарьяның спорттық карьерасы бірден сәтті бола қойған жоқ. Тұңғыш рет Әлем кубогына 20 жасында қатысқан ол жеңістің тәт­ті дәмін тату үшін екі жыл күтуге тура келді. 2008 жылы Рупольдингтегі Әлем кубогының 5-ші ке­зе­­ңінде Домрачева қола медаль жеңіп алды. Осы же­тістігінен кейін сол жы­лы тағы да екі рет жеңіс тұ­ғырына көтерілді. Ра­зун-Антерсельвада өт­кен бәсекеде екінші және үшін­ші орынға қол жеткізді. Ал 2009 жылдан бастап Дарья үздік ондықтың қата­рынан түскен жоқ. Дом­рачева Ванкувер Олим­пиадасында (2010 жыл) жекелей сында мәреге үшін­ші болып жетіп, қола медаль жеңіп алды (күміс медаль қазақстандық Елена Хрусталеваға бұйырған болатын).

Биатлоннан 2011-2012 жылғы Әлем кубогында алты мәрте мәреге бірінші келіп, жалпы есепте екінші орынға қол жеткізген. Ал 2012-2013 жылы 3 рет жеңіс тұғырынан кө­рініп, жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Сочи Олимпиадасы өткен 2014 жылы үш рет жеңіс тұғырының ең биігіне кө­терілді. Ал Олимпиадада Дарьяның асығы алшы­сынан түсті. Ол 10 шақы­рым­ға із кесу сайысында Олимпиада чемпионы атанды. Араға үш күн салып тағы бір рет алтын медальды қанжығасына байлады. 15 шақырымға жекелей сын­да Дарьяға тең келер еш­кім болған жоқ. Сондай-ақ 12,5 ша­қы­рымға жаппай жарысуда Домрачева үшінші рет мықтылығын дәлелдеді. Одан кейінгі мау­сымда Дарьяға тағы тең келер еш­кім болмады. Бір өзі тоғыз кезеңді бағын­дырған «Беларусь ракетасы» Әлем кубогының чемпионы атан­ды.

Беларусь бұған дейінгі қысқы Олимпиададан бас-аяғы 9 медаль ұтып ал­ды. Ақ Олимпиаданың тұңғыш алтыны 2010 жылы Ван­куверде бұйырған-ды. Фрис­тайлшы Алексей Гри­­шин елінің әнұранын Кана­да төрінде шырқатты. Дарья Домрачеваның 3 дүркін Олимпиада чемпио­ны атанғанын жоғарыда айттық. Қалған екі алтын Гри­шиннің ізбасарларына бұйырыпты. Фристайлшы Алла Цупнер мен Антон Кушнир Олимп шыңын бағындырды. Надежда Скар­дино биатлоннан қола медаль иеленді. Халқының саны 10 миллионға жуық, кішкентай Беларусь елінің ақ Олимпиададағы жеткен жетістігі осындай!

 Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»