Аймақтар • 04 Қаңтар, 2018

Шыңғырлауда жаңа музей ашылды

1171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы қолға алынғалы Батыс Қазақстан облысында бірнеше музей ашылды. Соның бірі – Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану мұражайы.

Шыңғырлауда жаңа музей ашылды

Өткен жылдың соңғы күндерінде тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 3 мыңға жуық жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Шыңғырлаудың өткені мен бүгіні көрініс тапқан.

Музей 5 залдан тұрады. Келу­шілер арнайы экраннан Шың­ғырлаудың әсем табиғаты мен көз тартар орындарынан түсірілген бейнебаянды да тамашалай алады.

Дәл осы күні өңірдегі көне зираттарда сақталған тарихи ескерт­кіштер – араб жазулы көне құлпы­тастардың құпиясы шертілген арнайы жинақтың да тұсауы кесілді.

Шыңғырлау ауданы үшін есте қаларлық осы оқиғаға орай өзге өңірлерден туған жерге арнайы жиналған бір топ ардагер музей ғимараты алдына қарағай көшеттерін отырғызды. Бұл көшеттерді олар өз қаржысына сатып алып, туған жерге тарту ретінде ала келген екен.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы