Аймақтар • 04 Қаңтар, 2018

Кәсіби сурет өнерінің классигі – Айша Ғалымбаева

6184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде МӨМ ұлттық мәдениет тарихына қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші ретінде енген Қазақстанның халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның туғанына 100 жыл толуына арналған көрменің ашылуы және көркемсуретті альбомының тұсаукесер-таныстырылымы болып өтті. 

Кәсіби сурет өнерінің классигі – Айша Ғалымбаева

А.Ғалымбаева қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ға­на емес, сонымен қатар кино­­суретші, әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға ре­тінде танымал. Көрмеге суретшінің Ә.Қастеев атын­­дағы МӨМ қорынан, отбасылық және жеке коллекциядан алынған 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары қойылды.

Айша Ғалымбаева 1949 жылы Мәскеудегі Бүкіл­одақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет-безендіру бө­лімін аяқтағаннан соң, Ал­маты көркемсуретті және хроникалық фильмдер киностудиясында ең­бек еткен. Оның кино өне­ріндегі ең алғашқы, әрі дип­ломдық жұмысы «Абай әндері» киносценарийіне декорация­лар, костюмдер мен кадр­лар көрінісінің эскиздері. Сондай-ақ «Қо­зы Көрпеш-Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кинофильмдеріне кос­тюмдер эскизін жасаған. Сонымен қатар Шоқан Уә­ли­хановқа арналған «Оның уақыты келеді» ки­но­­филь­мінің түсірілу ке­зін­де қазақ тұрмысы және костюм бо­йын­ша кеңесші болып қыз­мет атқарады. 1958 жылы суретшінің талай жыл тер төккен «Қазақтың ұлттық киімдері» суретті альбомы басылып шығады.

Айша Ғалымбаева өмі­рінің көп бөлігін қон­дыр­малы кескіндемеге ар­нады. Оның колорист ре­тін­дегі тамаша таланты, рухы мен көркемдік орындау тәсілі, ұлттық жарқын да көркем образдарды жасау қабілеті нақ осы жанрда толығымен ашылды. Оның шығармашылығында қазақ халқының өнері мен мәдениеті, тұрмысы жырланды, сонымен бірге қазақ әйелдерінің тағдыры ерекше қырынан бейнеленді. Оның бір-біріне ұқсамайтын портреттерінде қазақ әйе­лінің табиғаты, оның өз за­манындағы сәнді өмірі, ба­қытты тағдыры салтанатты бейнеленеді. Оған «Белгілі халық шебері Р. Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Ха­лық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кес­телі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығар­малары дәлел бола алады.

Айша Ғалымбаева қыл­қа­лам шебері ретінде өз ұлты­ның қайталанбас қасиеті мен шынайы өмірін барынша суреттеуге талпыныс жа­са­ды. Ғұмырында ашар­шы­лық, соғыс секілді аласапыран кезеңдерді басынан өткергенімен, оның шығар­машылығында халқының жарқын бейнелері, өнері мен мәдениеті тереңінен қоз­ғалады. Сондықтан да оның туындыларының бү­гін­де ұлттық бейнелеу өне­рінің классикасына айналуы заңды деп білеміз.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ