А.Ғалымбаева қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ғана емес, сонымен қатар киносуретші, әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға ретінде танымал. Көрмеге суретшінің Ә.Қастеев атындағы МӨМ қорынан, отбасылық және жеке коллекциядан алынған 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары қойылды.
Айша Ғалымбаева 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет-безендіру бөлімін аяқтағаннан соң, Алматы көркемсуретті және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек еткен. Оның кино өнеріндегі ең алғашқы, әрі дипломдық жұмысы «Абай әндері» киносценарийіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздері. Сондай-ақ «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кинофильмдеріне костюмдер эскизін жасаған. Сонымен қатар Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» кинофильмінің түсірілу кезінде қазақ тұрмысы және костюм бойынша кеңесші болып қызмет атқарады. 1958 жылы суретшінің талай жыл тер төккен «Қазақтың ұлттық киімдері» суретті альбомы басылып шығады.
Айша Ғалымбаева өмірінің көп бөлігін қондырмалы кескіндемеге арнады. Оның колорист ретіндегі тамаша таланты, рухы мен көркемдік орындау тәсілі, ұлттық жарқын да көркем образдарды жасау қабілеті нақ осы жанрда толығымен ашылды. Оның шығармашылығында қазақ халқының өнері мен мәдениеті, тұрмысы жырланды, сонымен бірге қазақ әйелдерінің тағдыры ерекше қырынан бейнеленді. Оның бір-біріне ұқсамайтын портреттерінде қазақ әйелінің табиғаты, оның өз заманындағы сәнді өмірі, бақытты тағдыры салтанатты бейнеленеді. Оған «Белгілі халық шебері Р. Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығармалары дәлел бола алады.
Айша Ғалымбаева қылқалам шебері ретінде өз ұлтының қайталанбас қасиеті мен шынайы өмірін барынша суреттеуге талпыныс жасады. Ғұмырында ашаршылық, соғыс секілді аласапыран кезеңдерді басынан өткергенімен, оның шығармашылығында халқының жарқын бейнелері, өнері мен мәдениеті тереңінен қозғалады. Сондықтан да оның туындыларының бүгінде ұлттық бейнелеу өнерінің классикасына айналуы заңды деп білеміз.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ