Партия мүшелері қоғамдық қабылдаулар кезінде ел-жұртты толғандырып жүрген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін табуға ұмтылады. Мұндайда уақыт созылып кетсе немесе берілген уәде, айтылған сөз сол күйінде қалып қойса ең біріншіден партияның абыройына нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан да филиалда сөз бен істің арасында алшақтық болмауын көздейтін ойлау жүйесі орныққан.
Өңірдегі «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің басым бөлігін экономикалық жағынан белсенді қызмет атқара алатындар құрайды. Олардың бәрі де аймақтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүр. Тәуелсіздік таңымен бірге ере келген еркін ойлау жүйесі, қоғамдық құндылықтарға жаңаша көзқарас филиал қызметінің мазмұн жағынан да, түр жағынан да толыға түсуіне әсерін тигізгені байқалады. Мұндағы тағы бір оң бағыт – «Нұр Отанның» қатарында тек ең лайықтылар болуы керек деген ұстанымның үстем түсіп отырғаны. Әрине жыл сайын белгілі бір мөлшерде партия мүшелерінің қатарын толықтырып отыру керек-ақ. Алайда бұл тәртіп пен талап оның сапалық құрамына әсерін тигізбеуі тиіс.
Елдің ертеңі – жастар. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы бастамашы болып жүрген елдік мәселелерді ертеңгі күнге жалғайтын да бүгінгі ұрпақ өкілдері. Сондықтан да облыстық филиал партия қатарын жастар есебінен өсіруге көңіл бөліп отыр. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының құрамына жаңадан қабылданған жастардың бірі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің төртінші курс студенті Никита Капицын «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдану зор сенім, үлкен жауапкершілік, болашаққа айқын бағдар екенін жеткізді. Ал Шалқар аудандық мұражайы жанындағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Нағима Тіленбиева партияның басты тірегі – бастауыш ұйымдар, егер мұндағы іс жүйелі жолға қойылса, бұл жағдай тұтастай нұротандықтар жүзеге асыратын сан қырлы бағдарламалардың байыпты әрі баянды бола беруіне әсерін тигізеді, дейді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ