Әдебиет • 05 Қаңтар, 2018

Сын мұраты – тану

1653 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әдебиет алып мұхит болса, сын оны танудың – әмбебап құралы. Ол сөз өнерінің табиғатын зерттеумен, ақиқатты танудың эстетикалық заңдылығын белгілеумен, классикалық мұрамызды талдаумен ғана айналысып қоймай, бүгінгі әдебиетіміздің бағыт-бағдарын айқындап, жетістігіміз бен кемшілігімізді көрсетіп, көркем шығарманың ерекшелігін, жілігін шағып түсіндіреді. Оқырманның дүниетанымын байытпайтын, адамға рухани ләззат сыйламайтын шығарма нағыз өнер туындысы бола алмайды.  

Сын мұраты – тану

«Әдеби сын арасына бірнеше ғасыр салып, проза мен поэзия­дан кейін дүниеге келді» дейтін­дердің пікірі шындыққа жанаспайды. Көркем сын да әде­биеттің – бел баласы, ол өнер туындыларымен бір мез­гіл­де өмірдің есігін ашқан. Ежел­гі дәуірдегі ойлай алатын, эстети­калық көзқарасы қа­лып­тасқан, шығармашылық тәжірибесі бар адамдардың көркем туын­ды жайындағы тол­ғам-тұжы­рымдарын алғашқы әде­би сынға әбден жатқыза аламыз. 

Әрине, уақыт өте келе сын өнерден ен­шісін алып, бөлек отау болып шық­ты, өз бетінше дамып, ақын мен жазушы еңбегінің құндылығы мен олқы­лығын көрсетіп, қаламгердің танымын тереңдетіп, шығармашылық ше­бер­лігін шыңдай түсуіне игі әсерін ти­гізді. Көркем сын­­ның әдебиет тарихынан айыр­машылығы, ол ең алдымен қазіргі күндегі прозамыз бен поэзиямыздағы болып жат­қан құбы­лыстарды саралайды, классикалық мұ­ра­мызды бүгінгі уақыттың қоғамдық және көркемдік мақсаттары тұрғысы­нан түсіндіреді. Әдеби сын өмір­мен, қоғам­дық күреспен, сондай-ақ дәуірдің эсте­тикалық және философиялық ойларымен тығыз байланыста болады, ол түрлі тарихи кезеңдерден өтіп, тек ХІХ ғасырда әдебиеттің ерекше түрі ретінде қалыптасты. Батыста Д.Дидро мен Г.Лессинг, Г.Гейне, В.Гюго, Э.Золя, Ш.О.Сент-Бёв, И.Тэн и Ф.Брюнетьер, М.Арнолд, Г.Брандестер сын саласының дамуына зор ықпалын тигізді. 

Біздің елімізде әдебиеттану саласында еңбек етіп жатқан ғалым­дар көп болғанымен, кәсі­би сыншылар жоқтың қасы. Өйткені нағыз сыншы болу – жанкештілікті, үздіксіз іздену­ді, тау-тау кітаптарды оқып қа­на қоймай, солардың ішінен пайдалысын ажырата алатын ішкі түйсігіңнің мықты болуын талап етеді. Саясатты, әлеу­меттануды, психологияны, тарихты, өнер мен эстетиканы терең білетін және оларды әдемі ұштастыра алатын адамнан ғана кәсіби сыншы шығады. Сонымен бірге, ұлы ақынның немесе ірі суреткердің шығармашылығы туралы әңгіме қозғаған сыншының бойында, оның талантына пара-пар қабілет болуы тиіс. Басқаша жағдайда сен тұлғаның тереңдігін тани алмай, шығармашылығының бетінен ғана қалқисың. 

Сынның басты мақсаты әде­­­­биеттің қозғаушы күші бо­лу. ­Көркем сыны дамы­ған ел­дің әдебиеті ғана биік белес­ке­ көтеріле алады. Кейде сөз өнері­нің мұраты үшін сын­шы­лар­дың өз заманының ақын-жазу­шыларын қам­шылап, тым қатты кететін кездері де жоқ емес. Міне, осы жерде орыстың атақ­ты сыншысы В.Г.Белинскийді ес­ке алуға тура келеді. «Бізде әдебиет жоқ, – дейді Белинский бір сөзінде. – Мен бұл сөздерді шат­тықпен, ләззат ала отырып айтамын, өйткені, осы ақи­­қаттан келешектегі біздің әде­би табыстарымыздың кепілі бола алатын зор мүмкіндігін көре­мін». Одан әрі әйгілі сыншы, сөз өнерінің балалық кезеңінің өт­кенін, нағыз әдебиетті туғыза­тын уақыттың енді келгенін жүрегі жарыла жаздап, жалпақ жұртқа жария етеді. Бізде осыдан он жыл бұрын бір үлкен сыншы апамыз «Нағыз әдебиет енді туа­ды» дегенді айтып қалып еді, қазақ қаламгерлерінің бәрі оны ағаш атқа мінгізіп, түтіп жеп қоя жаздады. Міне, осыған қарап, сынды қабылдау мәдениетінің қазақ қоғамында төмендеп кет­кенін көреміз.

Өткен ғасырдың сексенінші жылда­ры­ның басында, «Жалын» журналында сыншы Тұрсынжан Шапайдың шартты тұрғыда «соғыстан соң туған ұрпақ» аталып жүрген, жастары қырыққа таяп қалған ақындардың поэзия­лық шығармаларын қат­ты сына­ған «Алыс пен жақынның арас­ы» деген зерттеуінің жарық көргені есі­ме түсіп отырғаны. Жасы жиыр­мадан жаңа ғана асқан жігіттің талдауында «шындықты шым­байға батырып айтамын» деген оймен, тым артық кеткен тұстары да бар болатын. Алай­да, көлемді еңбектің әде­биет­тің ұлы мақсатын көзде­ген, қазақ поэзиясының бүгі­ні мен болашағына деген алаң­даушылықтан, жанашырлық пи­ғыл­дан туған дүние екені бірден көзге ұрып тұрды. Әлбетте, сын есту оңай деймісің. Ренжігендер болды, келіспегендер болды, қатты өкпелегендер де табыл­ды. Бір ғажабы мақалада өлең­дері сыналған, сол жылда­ры қазақ поэзиясының аспанында жұлдыздары жарқы­раған ғажайып ақындар Темір­хан, Жұматай, Кеңшілік, Жарас­қандар ізін басып келе жатқан әдебиеттегі талантты інісінің жағасына жармасқан жоқ. Айтқан сындарына түсіністікпен қарады. 

 Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ақын-жазушылардың сынды қабылдай алатын ішкі мәдениеті жоғалып кетті. Бір кішкентай сын айтқан адамға шоқпар ала жүгіретін жаман әдет, жұлдыз ауруына шалдыққан бәріміздің бойымызға кесел болып жабысты. Ақындар мен жазушылар бірін-бірі жамандап, бірін-бірі жоққа шығарып, бейшара оқырман бір адамның таза субъективті пікірі ғана болып табылатын осындай дүмбілез дүниелерді сын ретінде қабылдап, рухани қорек етіп жүр. Сынның азусыздығын пайдаланып, кейбір ақындар теледидардан, газеттен, әлеуметтік желіден аузына не келсе, соны сөйлей беретін болды. Он жыл бұрын жетпістен асқан ақса­қал ақынымыз: «Мен өлеңді шығармаймын, Құдай маған оны құла­ғыма сыбырлап отырады. Соны сол қалпында қағаз бетіне түсіре беремін» деп сұхбат бергенде, жасы біразға келіп қалған адамға аяушылықпен қарағанмын. Енді бүгін жасы әлі қырыққа да толмаған бір ақынның «Менің ішімде Құ­дайдың құпиясын білетін кісі отыр» деген сөзін естіп, не жыларымды, не күлерімді білмей, қатты сасып қалдым. Сын жоғал­ған жерде, әдебиет осындай «депрессияға» түседі. 

Сынды құрметтеу парыз­ емес, сынды бағалау парыз емес, бірақ сынмен санасу­ парыз. Әлем әдебиетіндегі әйгілі қалам­герлердің бәрі де сын естіген. Айтылған сындарды қабыл­дай алмағанымен, онымен санасқан. Қоры­тынды шы­ғар­ған. Қолына қалам алған кез келген ақын немесе жазу­шының шығармалары міндетті түрде сынға ұшы­райды жә­не бұл өте дұрыс, қалып­ты жағ­дай. Көп жазған сайын сені сынау­шылардың қатары да арта түседі. Үлкен ақын немесе ірі суреткер болғысы келетін шығармашылық адамы үшін бұл өзін-өзін тексерудің үлкен мектебі, өйт­кені сен өзіңді мұқият оқитын адамдардың бар екенін көресің және олардың сенің болмашы кемшілігіңді де кешірмейтінін түсініп, барынша жақсы жазуға тырысасың. Сын шығармашылық адамының рухының қайралуына, жігерінің шынығуына мол мүмкіндік береді. Өмірі сыналмай, тек қана мақтау ести беру, шы­ғар­машылық адамы үшін – өте қауіпті. 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы