Бұл зауыт Белорусьтың ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін атақты «Гомсельмаш» зауытының өнімін Қазақстанда құрастыру құқына ие болған жалғыз өндіріс орны екенін айту ләзім. Өткен жыл аяғында қол қойылған келісімге сәйкес үстіміздегі жылы зауыт астық жинайтын 500 комбайнды сапқа қоймақ. Сонымен қатар, бүгінде еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларының 50 пайызын «АгромашХолдинг» зауыты өндірген. Альберт Рау Қостанайдағы қос зауыт жұмысы алға басқандығын, өткен жылдың өзінде өнім үш есе көбейгендігі жөнінде жақсы хабар жеткізді.
«Ресейдегі өткен жылдардағы экономикалық дағдарыс біздің машина жасау өндірісіне де салқынын тигізген болатын. Өнім 4 есеге дейін қысқарған еді. Өндіріс кеудесін қайта тіктеді. Енді ауыл шаруашылығын техника жөнінен қолдау керек. Ол үшін Ресейден ескі ауыл шаруашылығы техникаларын кәдеге жарату бағдарламасын әкелу керек. Осыдан бір жыл бұрын мұндай бағдарлама жеңіл көліктер үшін болды, ол нәтижесін берді. Міне, осындай жолмен ауыл шапруашылығын қолдап ғана емес, техникалар паркін жаңалауымызға болады» деді Альберт Павлович.
Құрамында И.Аронова, В.Олейник, А.Суслов, И.Клименко, С.Құсайынов, А.Рау бар Мәжіліс депутаттарының тобы іскерлік сапар барысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Қостанай ауданындағы «Северный» шағын тұрғын ауданында болды. Мұнан бұрын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыстық мәслихат депутаттарымен кездескен болатын. Алдағы уақытта да депутаттар тобы облыс аудандары мен қалаларын аралап, еңбек ұжымдарында болып, экономикалық және әлеуметтік салалардағы өзекті деген мәселелерді зерделейтін болады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай