Бокс • 08 Қаңтар, 2018

Топжарған: Бақтияр Артаев өмірінің қалтарыс тұсынан сыр іздесек

2114 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бақтиярдың ұпайы ұлғайған сайын жалымыз күдірейіп, трибунаға сыймай, секіріп кетуге шақ отырмыз. Осылайша төрт раундты тауысыппыз. Электронды табло­дағы есеп сондай нұрлы, сондай шуақты... са­ма­ладай жарқырайды: 36:26! Артаев – Олимпиада жеңімпазы!

Топжарған: Бақтияр Артаев өмірінің қалтарыс тұсынан сыр іздесек

Жұмбақ

2004 жыл. Афины. Төраға Дәулет Тұрлықанов бастаған Спорт және дене шынықтыру агенттігінің іскер жігіттері Грекия астанасының көрнекті жеріне «Қазақ ауылын» құрып, Олимпиадаға келген отандастар түгелге жуық жи­нал­дық. Олимпиада дуына түскен спортшыларымыздың көпшілігі осында екен. Солардың арасынан сұңғақ бойлы, ашаң жүзді жігіт көзіме жылы ұшырай берді. 21 жастағы Бақтияр Артаев. Танымайтын адам жеңіл атлет­ші немесе турист екен деп қалуы мүмкін. Сыртқа тепсініп тұрған күші байқал­майды. Жұқалтаңдау ғана ауыл баласы. Әңгімеміз бірден жарасты.

Оның Олимпиадаға қандай қиын­дықпен келгенін білеміз: павлодарлық Азамат Мақажанов екеуі жолдама үшін соңына дейін айқасты. Екеуі екі лицен­зиялық жарысқа түскен еді. Жол­дама ұстатпады. Алда – жолдама үшін үшінші жарыс. Құрама бапкерлері Бақ­тияр мен Азаматты рингте өзара беттес­тірген жөн деп шешті. Қай жеңгені Пәкістандағы шешуші сынаққа аттанбақ. Бақтияр жеңіп шықты. Осы сынға арнайы келген республика спортының басшысы Дәулет Тұрлықанов кесімді сөзін айтты: Пәкістанға Артаев барады.

Пәкістандағы бәсекеде Бақтияр өмірінде көрмеген құқайға тап болды. Рингке шыға сала Пәкістан боксшысын дырдай ғып сабады. Бірақ ананың ұпайы аспандап барады. Ышқына соғып, қарсыласын есеңгіретіп тастаған. Анау шығандап барады. Бір сәт иектің астынан оң қолмен опыра ұрғанда пәкістандық боксшы кескен теректей сұлап түсті. Тұра алмас деп ойлаған. Өлермен неме екен. Қасқиып қайта бел­сенді. Әлі де таразының арғы басы ауыр тартып тұр. Жеңілсе – Олимпиада жолдамасы көзден бұлбұл ұшатынын жан жүрегімен сезінген Артаев арыстанша шабынды. Қос қолын құлаштай сілтеп, оңтайлы әдісімен кеңірдектің түбінен көтере сілтегенде пәкістандық жігіт еденге гүрс етіп құлады. Осы мезет ортадағы төреші генерал алдындағы сарбаздай сымдай тартыла қалды. Әлемдік бокс федерациясының президенті Әнуар Чаудридің өзі араласқан екен бұлардың айқасына. Өз бауырын аяусыз тоқпақтаған өрімдей қазаққа риза болғаны ма, әлде мыңдаған адамның көз алдындағы әділетсіздікке төзе алмады ма, кім білсін, Әнуар мырза Алланың қалауымен Бақтиярдың талассыз жеңісін жоққа шығармай, әділдікке басыпты.

Осындай тар жол, тайғақ кешуден өткен Бақтиярмен әңгіме шертіп келеміз. Олимпиада додасы деп жүрексініп, қобалжып тұрған спортшыға мүлде ұқсамайды. Құдды бір нағашысының тойында жүрген ерке жиен тәрізді. «Ал­ғашқы жекпе-жектен сәтті өттің. Бабың қалай, көңілде толқу бар шығар?» деп сыр суыртпақтап көріп едім: «Аға, – деді күлімдей үн қатып, – егер төрешілер жолым­­ды бөгемесе, Олимпиада чемпио­ны боламын!» ...Өз құлағыма өзім сенбей, ауыл иісі аңқыған ініме қараймын. Сөзін желге шашатын адамға ұқсамайды. Көзі шоқтай жанып тұр. Менің де тұла бойымды бір жалын шарпып өткендей болды.

Жиырма жылдай спорттың басы-қасында жүрмін. Талай ірі жарыстың от-жалынын көрдік. Небір саңлақтардың қасында болдық. Бірақ Олимпиада үстінде дәл Бақтияр құсап аңқылдап: «...Чемпион боламын!» деген бауырды кездес­тірмеппін. Бұл не, балалық па, әлде бұл жерде басқа бір жұмбақ бар ма? Аламан жаңа басталды. Алдын­да қос бірдей Олимпиаданы ұтқан Олег Сайытов тұр, одан басқа әлемге әй­гілі кубалық Лоренсо Арагон, әлем чемпио­натының жүлдегері өзбек Шерзод Хусанов, Украина батыры Виктор Поля­ков... бар. Сонда біздің бауыр осы мық­тылар­дың бәрін бүге-шігесіне дейін зерт­теп қойған ба? Ал зерттедің, оларды бес саусақтай білесің дейік, бірақ дәл осылармен бәсеке кезінде сенің бабың қандай болмақ?..

Бақтияр болса, сол жайдары қалпы. Мыңдаған жанды ұйқы-күлкіден айыр­ған Олимпиада үстінде жүрегі дір етпей, еркін жүрген батыр ініме деген тілектестігім енді бұрынғыдан бетер үдей түсті. Бірақ Артаевтың рухын қай­рап, намысын жанып тұрған күштің тым тереңде жатқанын дәл сол мезет аңғара да, біле де қоймап едім...

Айқас

Бақтиярдың ширек финалдағы Вик­тор Поляковпен айқасы басталғанша көңіл шіркін толқумен болды. Ал екеуі жұдырық түйістірген бетте неше күн көкіректі торлаған күмән сейіліп сала берген. Бақтияр ауыл рингінде жүр­гендей ойқастасын. Қарсыласым – 47 миллиондық Украинаның оғланы, небір жампоздың сағын сындырған Поляков деп қауіп қылатын сыңайы байқалмайды. Шүу дегеннен тізгінді мығым ұстап, Викторды білгенінен жаңылдырып тастады. Екінші раунд соңында есеп – 27:13, Бақтияр бет қаратпай тұрды. Үшінші раундта Поляковтың жұдырығы тек ауа қармаумен болды. Артаев арасын үзбей алты ұпай олжалаған сәтте төреші айқасты тоқтатып тастады – 33:13! Ай­қын жеңіс!

Жартылай финалдағы қарсыласы – өзі бала кезден еліктеп өскен саңлақ, 2 мәрте Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы, 2 рет Еуропада озық шыққан ресейлік Олег Сайытов. Бір жыл бұрын Азия чемпионатында олжа салған Бақ­тияр ширығып шықты бұл сынға. Атағы дүркіреп тұрған Сайытовтан тай­салатын түрі жоқ. Қос жұдырығы оқтаулы мылтықтай сарт-сұрт. Олегке ес жиғызбай, тізгін ұстатпай, нағыз хас батырша екпіндей кірісті. Ақыры не керек, Сайытовты төрт раунд бойы ес жиғызбай, бірде діңкелете қуып, енді бірде қол жетер жерден соғып, жан таптырған жоқ. Кейінгі он жылда бокс дүниесін армансыз дүркіреткен Олег аш бурадай буырқанған Бақтиярды тежей алмады. Оның кеңес және Ресей боксының тарихындағы тұңғыш үш дүркін Олимпиада чемпионы болсам деген асқақ арманын Артаев орта жолдан үзіп жіберді. «Бокс майданындағы ең мықты қарсыласым – осы Сайытов болды, – дейді Бақтияр сол күндерді еске түсіріп. – Шынымды айтсам, мен оны нокаутпен ұтуды көздедім. Ал оның соққысы сұрапыл екен. Ертеңіне оның ұрған жері, әсіресе көкірек тұсым шаншып ауырып, кәдімгідей қиналдым. Олегтің жұдырығы тигенде денеңді төмен қарай ірей сойып жібергендей күй кешесің. Кейін бір басқосуда Сайытов: «Жаратушының бұйрығымен Бақтияр менен басым түсті», деп жігіттік сөзін айтты».

Финал. Неге екені белгісіз, өзіне нық сенімді. Реті келсе, Арагонды межелі уақытқа жеткізбей тәлтіректетіп, талассыз ұтсам дейді. Соны серт ұстанып рингке көтерілді. Бақтияр шаршы алаң­ға қадам басқанда тақымын қысып, тықыршып отырған қалың қазақ ду ете қалды. Мұхиттың арғы бетіндегі қызуқанды кубалықтар да теледидарға телміргені анық. Ұлдарын ұлы додаға қосқан қос халықтың жүрек лүпілі мен ақ­жар­ма тілегі Афиныдағы ақ шар­шының үстінде қалықтаған сәт еді бұл.

Артаев арындап кірісті. Рингті билеп-төстеп үйренген Арагонның тынысы тарылып қалғандай көрінді бізге. Бақтияр тықсыра түсті. Арагон тізгіннен айырылмау үшін қанша жанталасқанымен, қазақ батырының жойқын қимылы оны дегелең қақтырып, шырқ үйіріп әкетіп барады. Бақтиярмен жарыса біздің де қиқуымыз күшейді. Бақтияр ұрған сайын біз де сілтейміз жалаңаш жұдырықты. Бақтиярдың ұпайы ұлғайған сайын жалымыз күдірейіп, трибунаға сыймай, секіріп кетуге шақ отырмыз. Осылайша төрт раундты тауысыппыз. Электронды таблодағы есеп сондай нұрлы, сондай шуақты... самаладай жарқырайды: 36:26! Артаев – Олимпиада жеңімпазы!

Әрдайым сабырлы қалпынан айнымайтын Бекет Махмұтов (АИБА-ның бірінші вице-президенті) ағамның ақсары жүзі анадайдан балбұл жанып тұр. Зәулім залдағы бар қазақтың, алыс­тағы миллиондаған Алаш бала­сы­ның аңсары Бақтиярға ауған ғажап бір сәт еді бұл. Бұл жеңіс егіз екен: Бақ­тияр Артаевқа Олимпиаданың алтын медалімен бірге, техникалық шеберлігі ең кемел боксшыға арналған Вэл Баркер ку­­богы қоса бұйырды. Бұған дейін қа­зақ боксшысы ұстап көрмеген кубок! Бокс марғасқалары «қазақтың салма­ғы» атаған 69 килодағы жеңіс шеруі Бақ­­тияр­дан басталғанын да ұмытпаған абзал.

«...Тартпай қоймас негізге!»

Содан бері талай уақыт өтті. Уақы­тында көз арбап, көңіл тербеген талай дүние көмескі тартты, талай қызық санадан өшті. Бірақ Бақтиярдың «...егер төрешілер жолымды бөгемесе, Олим­пиада чемпионы боламын!» деген бір ауыз сөзі көкейде сақталып қалыпты. Жақында осы сөздің негізін тауып, сырын ашқандай болдым.

Артаев екеуміз жеке әңгіме шертіп отыр едік. Әңгіме арнасы әкесі Ғари­фоллаға қарай ойысты. «Сонау бабалардан қанға сіңген батырлық жолды мен жалғауым керек еді дегенді әкем жиі айтатын, – деді Бақтияр сөзін сабақтай түсіп. – Ол кісінің айтуынша, атам Бибасар дәм-тұзы таусылғанша әкемнен мықты балуан шығады деп үміттеніпті. Әкем тағдырдың жазуымен ауылда жүк машинасын жүргізді. Ағам Бақыт екеуміз әкеміздің: «Естеріңде болсын, сендердің жетінші аталарың Көмекбай жалғыз өзі он адамға дес бермейтін батыр болыпты. Бектеміс бабаларың бірнеше кісі жабылып тартатын үлкен диірменді бір өзі орнатқан деседі. Ал Байғұт атамыз үй орнындай диірмен тасын ешкімнің көмегінсіз тоқтататын жойқын күш иесі болған. Негізде бар батырлық пен бұла күш Алла қаласа екеуің­нің біреуіңе қонуы керек. Не саған, не саған», деген әңгімесін сан мәрте естідік.

Бақыт ағам тумысынан өте қарулы. Қол күрестіргенде жан шыдатпайтын. Бокста да қарқыны күшті болатын. Бір күні әкем оны бапкеріміз Нұрлан Ақүр­пековтен алып, Болат Жұма­діловтің жаттықтырушысы Феликс Цойдың қолына берді. Содан бастап Бақыттың бабы тая бастады. Уақыт өте келе Бақыт үйленіп, боксты біржола доғарды. Сол күні әкем: «Қап, қай жерден қателестім, осы ұлдан шығуы керек еді ғой, енді қайттім?! Жеті атада қайталанатын батырлық қасиет біздің әулетті айналып өткені ме?», деп көзі жасаураған күйі үстелді бір-ақ ұрып, далаға шығып кетті. Ол кезде мен баламын. Уақыт сырғып өтіп жатты. Мен де есейдім. Алғаш рет Қазақстанның ересектер чемпионатын ұтқан кезімде әкемнің көкірегіндегі үміт оты қайта маздады. Ал Олимпиада жолдамасы үшін Филиппиндегі турнирден жеңіліп қайтқанымда ол кісі түні бойы көз ілген жоқ. Мен Карачиге Олимпиада жолдамасына таласуға аттанғанда садақа таратып, Құран оқытып, тілеуімді жанын сала тілепті. Афиныға жолға шығарда: «Балам, аман-сау барып келші. Маған бала керек», деді іштегі жан толқынысын білдіргісі келмей. Олимпиададан жеңіс­пен оралғанымда: «Аллаға шүкір! Аллаға шүкір!..» деп Жаратқан Иеге қайта-қайта ризалығын білдірді. Менен қанша жасырғанымен қуаныштан армансыз жылап алғанын сезіп қойдым. Тек араға біраз уақыт салып: «Қайталанды!» деді арман-тілегінің орындалғанына көңілі тоғайғанын сездіріп. Айтпақшы, өмірден өтерінен аз ғана бұрын мені еркелетіп, «күресейік» деді. 29-дағы ши­рығып тұрған кезім. Белдесе кеттік: денесіне қол батпайды, дуал ұстағандай болдым. Елудің бел ортасындағы әкем мені шиырып бір-ақ атты. Сол қызумен қол күрестірдік. Бұрын үнемі ұтылушы едім. Бұл жолы мен жеңдім. Әкем риза. «Боксты жалғастырсаң болады екен», деді риясыз көңілмен...»

«Негізде бар жоғалмас» деген бабалар даналығы Бақтияр тағдырына да із тастапты. Артаевтың туған нағашысы Өміртай қайратты кезінде трактордың дөңгелегін домкратсыз бір өзі көтеріп салған деседі. Ендеше, Бақтиярдың Олимпиада майданына жүрегі дір етпей, атойлап кіруінің басты сыры – ата-бабадан дарыған тегеурін мен нағашы жұртының батырлығының бір жүректе ұштасуында жатқаны анық.

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист