Өңірлік кездесуде сөйлеген халықаралық ұйымдар сарапшыларының пікіріне жүгінер болсақ, еңбек мигранттарынан тыс, тек босқындар арасында жүргізілген зерттеулер олардың алғашқы 5 жыл ішінде туберкулезге шалдығуының деңгейі жоғарылығын анықтаған. Әрине, үй-күйі жоқ адамда қандай жағдай бар, сондықтан да олардың әлеуметтік дерт саналатын туберкулезбен ауруының бір астарын осыдан да іздеуге болар. Еліміздің шекарасын босқындар легі баспағанымен жақын көршілерден келетін еңбек мигранттары баршылық. Ал туберкулездің жұқпалы әрі ауа арқылы тарай беретінін ескере келе, Үкімет бірнеше жыл бұрын өңірлік басқосулар өткізуді бастады. Астанада желтоқсан айында өткен Орталық Азия елдерінде туберкулезге трансшекаралық бақылау жүргізу мәселелеріне арналған жоғары деңгейлі үшінші өңірлік кездесуде біраз мәселенің басы қайырылды.
Иә, бүгінгі медицинаның жетістігіне, ауруларды емдеуде жаңа технологиялардың қолданылуына қарамастан туберкулез дертін толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Оны кездесуге қатысқан білікті сарапшылардың өзі мойындаған. Мәселен, «Стоп ТБ» серіктестігінің жауапты хатшысы Лючика Дитиу әлем бойынша осы ауру түрінің таралуына көші-қонның өз «үлесін» қосып отырғанына қынжылыс білдірді. «Әлемдегі туберкулезбен ауыратындардың 10 пайызынан астамы мигранттар» екенін айтқан ол дүние жүзіне кеңінен таралған үш жұқпалы аурудың қатарындағы инфекцияны ауыздықтауда күш-жігерді біріктіру қажеттігін, бұл орайда ынтымақтастықты тиімді дамытуда Қазақстанның Орталық Азиядағы көршілермен үнқатысуды бастап, бірқатар мемлекетпен екіжақты келісімдерге қол қойғанына ризашылығын жеткізді. Жалпы, елімізде осы бір жұқпалы дертке қарсы күреске қатысты 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданғаны мәлім. Соның арқасында ауру қарқыны саябырлаған. Фтизиопульмонология ұлттық зерттеу орталығының директоры Мәлік Әденовтің айтуынша, Қазақстанда туберкулез диагнозымен диспансерлік тіркеуде тұрған 9 мыңнан астам адам бар. Ауруға шалдығу 100 мыңға шаққанда соңғы 10 жыл ішінде 3,3 есеге, ал өлімнің 5,4 есеге төмендегенін айтқан ол туберкулезді диагностикалау мен емдеудің Қазақстан азаматтары үшін толық тегін атқарылатынын, ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың да сондай құқыққа ие болатынына тоқталды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Лаура Ахметниязова елімізге жыл сайын 300 мыңнан миллионға дейін келетін еңбек мигранттарының 15 пайызының туберкулез, АИТВ (СПИД) сынды жұқпалы ауруларға шалдығу мүмкіндігін тілге тиек еттті.
Жағымды жайтты да айта кеткен ләзім. Туберкулезді анықтау бойынша жүргізілетін шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымында 70 пайыз болуы көрсетілсе, елімізде бұл көрсеткіш 80 пайызды құрады, туберкулездің дәрілерге төзімді формаларын емдеуде де айтарлықтай жетістіктер бар. «Бұл аурумен күресте қоғам мүшелерінің түсінуі мен белсенділігі өте маңызды. Егер бірнеше жыл бұрын екі ҮЕҰ ғана бізге көмекке келсе, қазір олардың саны 12-ге жетті. Азаматтардың туберкулезден толық айығуға болатынын білуі маңызды. Тіпті елімізде төзімді формаларымен күресте жақсы нәтижелер байқалды. Ол Үкімет тарапынан өте жоғары сапалы препараттардың сатып алынуының арқасында жүзеге асты» дейді М.Әбенов.
Астанаға жиылған алқалы топ еңбек мигранттарында ауру анықталған жағдайда елден шығарып жібермей, емдеуді бастап кетудің маңыздылығына тоқталды. Себебі еңбек мигранты шет жерде жүрген шамалы уақытында ақша тапсам дейді. Ал егер ауру анықталған күні елден шығарыласың десе олар тексерілуден бой тасалаудың жолын табады. Сондықтан еңбек мигрантының уақытша келген мемлекетінде де, кейін еліне қайтқанда емді жалғастыра аламын деген сенімінің орнауы да маңызды деген пікірлерін жеткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»