Ашылу салтанатында корей соғысына қатысып, кішкентай корей қызын құтқарып қалған түрік офицері туралы баяндайтын «Айла» атты көркем фильм көрсетілсе, жабылатын күні «Тау 2» атты көркем фильм ұсынылды. Мәдениетте елеулі маңызы бар шараны табысты аяқтаған соң Қазақстан және Түркия киногерлері «Қазақфильмде» бас қосып, кездесу барысында екі елдің кино мамандары бірлескен жобаларды түсіру мүмкіндігін талқылады.
– Мен сіздермен танысып, киностудияны көргеніме қуаныштымын. Біздің ортақ мәдениетіміз, тарихымыз, ортақ сеніміміз, мақсатымыз бар. Қожа Ахмет Ясауи, Көроғлы, Қорқыт ата секілді ортақ тұлғаларымыз бар. Олар қазақтың не түріктің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тұлғасы. Осындай кейіпкерлеріміз барда, ортақ тарихымыз тұрғанда, бірлесіп фильм түсірсек екі елдің мәдениеті мен өнері үшін үлкен олжа болады деп есептеймін. Бұл мақсат үшін екі мемлекет те мүдделестік танытса, орындалуы онша қиынға соқпайды. Ортақ фильмдер түсіріп, бүкіл әлемге түркі әлемінің бейбіт халық екенін паш етсек, деді кездесу кезінде танымал түрік режиссері Өнер Кылыч.
«Қазақфильмнің» қызметкерлері түркиялық қонақтарға – режиссер Өнер Кылычқа, продюсер Ахмет Едебалыға, режиссер Мұстафа Угур Яғджыоғлуға және журналист Бедір Ачарға киностудия аумағын аралатып, өндірістік мүмкіндіктерімен таныстырды. Кездесу соңында екі тарап болашақта бірлесіп түсіретін жобалардың сценарийлерімен алмасты.
Соңғы жылдары «Қазақфильм» бюджет қаржысын үнемдеу және халықаралық прокатқа шығу мақсатында шетелдік серіктестермен киноөндірісті қарқынды түрде дамытуды қолға алды (барлық бірлескен жобалар ортақ қаржыландыру шарты бойынша жүзеге асады). Осы орайда Ресеймен бірлесіп түсіріп, прокаты үлкен табыспен өткен «28 панфиловшы» фильмін, прокатқа енді ғана шыққан, Үндістанмен бірлескен «Туған үйім – тірегім» («Love you family») фильмін және аяқталуға жақын қалған «Әміре» (Әміре Қашаубаев туралы) атты қазақ-американ фильмін, түсірілім кезеңінде тұрған қазақ-қытай жобасы «Композитор» (Си Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы) фильмін атауға болады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ