– Мардан былтыр қола жүлдеге қол жеткіздіңдер. Өткен жылға өкпе жоқ шығар. Қоланы қанағат тұттыңыздар ма, әлде одан да жақсы нәтижеге жетуге болар ма еді?
– Көп рахмет. Клуб басшыларының маусым алдында қойған талаптарын орындадық деп ойлаймын. Әрине, оңай болған жоқ. Қазіргі қазақ футболында «Астана» мен «Қайратқа» қайрат көрсету қиын. Қос клубтың қаржылық мүмкіндігі, құрамындағы футболшылардың деңгейі, әлеуеті қалған командалардан әлдеқайда жоғары. Мұны мойындауға тиіспіз. Бізге «Ертіс» пен «Тобылды» тізе бүктіру маңызды болды. Барлық ойындарда мүмкіндігінше ұпай жоғалтпауға күш салдық. Шүкіршілік етеміз. Қолаға қолдау көрсеткен қалың жанкүйерлеріміздің арқасында қол жеткіздік.
– «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде екі жыл қатарынан сәтсіз ойнап келеді. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Рас. Сәтсіз ойнадық. «Широки Бриег» командасын жеңуге тиіс едік. Соншалықты мықты қарсылас емес-тұғын. Футбол болған соң жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Биылғы маусымда бұл сәтсіздікті болдырмауға тырысамыз. «Астана» командасы секілді қазақ жанкүйерлерін жетістіктерімізбен қуантқымыз келеді.
– «Астана» демекші, елорда клубының жетістіктерін қалай бағалайсыз. Басқа командаларымызға Еуропа алаңдарында жоғары деңгейде ойнауға не кедергі?
– Біріншіден, елорда ұжымының Еуропа лигасының 1/16 кезеңіне өтуі керемет жетістік. «Славиямен» болған ойынды көрдік. Жанкүйер болдық. Қазақ командасы мықтылардың қатарына қосылғанына қуандық.
Екіншіден, бұл басқа командаларымызға серпін береді деп ойлаймын. «Қайратты» да болашақта биіктерден көретініміз анық. Біздің ауылда да іргелі жеңістер болады деп үміттенемін. Сол мақсатта бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз. Өткен ойындардан қорытынды шығарып, биылғы жылы барынша биік белестерді бағындыруға жұмыс істейміз.
– Мардан, енді жеке өзіңіздің ойындарыңызға тоқталсақ. Маусымда 26 ойын өткізіп, төрт гол соқтыңыз. Ойындарыңызға көңіліңіз тола ма?
– Біржақты жауап беру қиын. Сәтті де, сәтсіз де кездесулер болды. Негізі, қалай ойнағанымның нақты бағасын футбол жанкүйерлері береді деп ойлаймын. Бапкер мен жанкүйерлердің сенімінен шығу үшін ойнаймыз. Жеке өзімінің көрсеткіштерімді емес, командамыздың жеңісін басты назарда ұстаймын. Егер мүмкіндік болып жатса, гол соғуға да тырысамын.
– Барлық голдарыңды айып добын орындау арқылы соғыпсың. Керемет. Айып добын соғудың сырларымен бөліссең. Арнайы жаттығу жасайтын боларсың?
– Сыры жоқ (күліп). Жасырмаймын, жаттығудан соң, өзім қалып жарты сағаттай дайындығымды пысықтаймын. Жалпы, жаттығусыз ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Меніңше, барлығы еңбектің арқасында келеді. Сондықтан шеберлігімді арттыру үшін қосымша еңбектенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»