Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі» – Шежірелік еңбек

601 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты тарихи еңбегінде «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп айрық­ша атап өтуі бекер емес. Өйт­кені әрбір оқырманның қолы­на жаңа Қазақстанның қалып­тасу сатыларының тарихи си­пат­тамасы, тәуелсіздіктің алғаш­қ­ы онжылдығындағы мемле­кетіміздің қалыптасуы үшін Елбасының ішкі және сыртқы ғаламдық сын-қатерлерге жауап ретінде маңызды шешімдерді қабылдаудағы ішкі қисын мен тетіктердің мұқият талдауы қам­тылған саяси, экономикалық және тарихи маңызы зор еңбек тиді. Сонымен қатар респуб­лика­дағы болған оқиғалар мен қазақ­стандық даму үлгісінің қалыптасуы туралы шынайы факті­лерді сол оқиғалардың қай­наған ортасында болған автор­дың өзі ұсынуы тұрғысынан алған­да да кітаптың айрықша құнды рухани дүние екенін түсі­несіз. Кітапта ақиқат уақиға­лар мен тарихи жағдайлар, шына­йы фактілер, және ең бастысы, ел­і­міз­дің күнделікті өмірінен алын­ған кейіпкерлер – Қазақстан хал­қы мен Тұңғыш Президенті тұр. 

«Тәуелсіздік дәуірі» – Шежірелік еңбек

Елбасы кітабы 4 бөлімнен тұрады: «Мемлекетіміздің дүние­ге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құ­лаш сермеу. Қазақстанның екін­ші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)». Шығарманың ғажайыптылығы сонда, автор, оқырманға мемлекетіміздің қарышты, қарқынды дамуын көрсете отырып, сонымен бірге болған оқиғаларға сыни бағам жасайды, қабылданған шешімдердің жан-жақтылығын тереңдей талдайды, халықтың мүддесі мен арман-мұраттарын өз пайымдары мен сезім тебі­реніс­тері арқылы өткізеді, орын алып жатқан үдерістерді Қазақ­станның гүлденуі жолында өзі аянбай қызмет жасап келе жатқан көп ұлтты халқының тұрғысынан түсініп, қабылдайды.

Автор өткенді еске алып, бү­гін­ді бағалай отырып, оқыр­манға, жас ұрпаққа еліміздің жа­рқын болашағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлер, тәуелсіздік пен егемендік, бір­лік пен келісім, бейбітшілік, төзім­ділік пен ашықтық тәрізді ғаж­айып құндылықтарды иеле­­ніп, оны алға қарай дамыту не­гі­зін­де ғана құрылатынын көрсе­теді. Елбасы тәуелсіздік жыл­­дарын­да дүниеге келген, өз маз­мұны бойынша қазақстандық құн­дылықтарды білдіретін «Біз ең бастысы – бейбітшілікті сақтап қалдық»; «Соны лептер мен дәстүрлердің қайта өрлеуі»; «Сыртқы саясатты құру нөлден басталды», «Қазақстан барысы» секіріс жасауға дайындалуда»; «Жаңа астана жасаймыз!»; «Экономикалық саясат және экономиканың тұрақтануы»; «Тәуелсіздік біздің рухымыз­ды нығайтты»; «Әлемдік дағ­да­рыс сынағына біз төтеп бере алдық»; «Бұрын-соңды бол­ма­ған зияткерлік ренессанс»; «Барша әлем мойындаған көшбас­шы­лық»; «Көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер»; «Жаңа эконо­микаға қарай батыл ұмты­лыс», «Адам капиталының жаңа сапасы»; «Қазақстанның басым бағыттары айқын әрі айнымас» тәрізді және басқа да көптеген нақты да мағынасы кең айшықты теңеулерін тал­ғам­паз оқырманның жоғары бағалайтыны сөзсіз.

Елбасымыз тәуелсіздік жылдарында өзіміз иеленген және еліміздің әрбір азаматының мақ­танышы болып табылатын Қазақстанның басты 33 жетіс­тігінің мәнін символикалық түрде жан-жақты ашып көрсет­кен: заманауи мықты мемлекет құру; мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық бекіту; этносаралық және конфес­сияаралық келісімнің ғажа­йып үлгісі; Семей ядролық поли­гонын жабу; нарықтық эконо­миканы нөлден бастап қалыптастыру; өз валютамыз – теңге; жаңа елордамыз – Астананы салу; заманауи Қарулы Күштерді құру; ауқымды инновациялық индуст­рияландыру; әлеуметтік жаң­­ғырту; ЕҚЫҰ-ға және бас­қа беделді халықаралық ұйым­­дарға төрағалық ету; мерзі­мінен бұрын жүзеге асырылған «Қазақстан-2030» Стратегиясы және елдің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы; Бес инс­ти­ту­т­тық реформа; халық­ара­лық ЭКСПО-2017 көр­месі және тағы басқа. Сол арқы­лы, кітап тұтас­тай алғанда, өске­лең ұр­паққа: «Біздің барша халқы­мыз­дың күш жұмылдыруы нәти­жесінде қазіргі күні бізде берік іргетас жасалып, біз өзіміз­дің ортақ болашағымыз – қалып­тасқан мемлекетімізді тұрғызуды жалғастырып келеміз», дегені ертеңгі күнге үлкен сенім береді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы­ның бізге беретін аса маңызды сабағы – кез келген қолайсыз беталыстарды жеңуге, кез келген келеңсіз болжамдарды жоққа шығаруға және ең өршіл әрі биік мақсаттарға жетуге болатынымен тұжырымдалады. Табыстың кепілі – үнемі алға жылжу. Еркін, прогрессивті азаматтар ғана Қазақ­станды жоғары дамыған мем­лекет жасай алады. Бұл деге­німіз терең білім, қажырлы еңбек, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыру әр адамның тіршілік нормасы болуы тиістігін білдіреді. «Ұлы тарих Ұлы болашақты ту­ғы­зады», деп көрсетеді Елбасы.

Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының әрбір бетін парақтай, әр тарауына үңіле отырып, онда сипатталған жас мемлекетіміздің өміріндегі әрбір оқиға үшін мақтаныш сезімі, тарихи қысқа уақытта қол жеткізген табыстар үшін кеудеңді ерекше қуаныш кернейді. Қазақ­стан өзінің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық зор беделі мен кемеңгер саясатының және оны халықтың барынша қолдауының арқасында жаңа мазмұндағы мемлекетті орнату жолында сындарлы сынақтар мен аса күрделі кедергілерден сәтті өткендігі туралы терең сезіммен тұжырым жасайсың.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор