Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

Ширек ғасырдың шынайы тарихы

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тік­теріміздің маңызды­лы­ғын бағалай отырып, біз бола­шақ­қа сеніммен қарай аламыз. Елбасы Н.Назарбаевтың еге­мен­­дігіміздің алғашқы жылдары анық­таған стратегиясының арқа­сында еліміз аз уақыт ішінде әлем­дік деңгейде құрметке ие, жетіс­тіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналды. Әлем өзгеру жолында, бірақ біз ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Жуырда жарық көрген Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы бүгінгі қоғамға аса қажетті және кейінгі ұрпаққа аманат етер құнды дүние.

Ширек ғасырдың шынайы тарихы

Біздің студенттер қауымына бұл кітап күнделікті қолданатын құ­нды оқулық та дер едім. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің тарихы қамтылған, болашағымызды белгілеп берген кітап. Бүгінде егемен елдің энциклопедиясы деп бағаланған, тарихи публицис­тика жанрында жазылған туын­дыда жас мемлекеттің не­гізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерек­ше­ліктері мен 26 жылдық дәуі­ріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. «Қазақ­стандық даму үлгісінің» та­би­ғаты мен оның эволюция­сы, басты ұстанымдарымен қоз­ғау­шы күштері жан-жақты сара­ланған. Қазақстанды жаң­ғыр­ту­­дың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Жалпы туын­ды авторының өзі айтқан­дай, кітап кемел келешекке өзі­нің қазақ­стандық жолымен қарыштаған жасампаз халыққа арнал­ған. Сондай-ақ Елбасы жуырд­а журналистерге берген сұх­батында кітапты өзінің жеке тәжірибелерінен түйген негізді ойларына сене отырып жазғанын айтып өтті. Еліміз ширек ғасыр­дың ішінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттігі, тиімді нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамдық құрылысы мен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. Қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы аса көрегенділікпен жүргізілген реформалар мен инно­вациялардың нәтижесі.

Еліміздің жаңа тарихы тұтас қамтылған, мазмұны аса бай кітаптың әр бөлімінің атауларына да ерекше мән беріліп, қазақстандық құндылықтар­дың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Еліміз­дің жарқын сәттері баяндалған. Елбасы туындысындағы: «Қазақ­стан­ды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет», деген өнегелі сөздері де әсіресе жастар­ды жігерлендіріп, кемел істер­ге жетелейді. Сондықтан да жаңғыру жолына түсе алған қазақ елінің жаңа дәуірдегі даму тарихы кеңінен тарқатылған бұл энциклопедияны, әсіресе жас­тарға дәріптеу маңызды. Қазақ­стан­ның жаңа тарихынан сыр шер­тетін, әрбір дата, оқиға нақты көр­се­тіл­ген туынды уақыт өте келе ел туралы таптырмас танымдық оқу құралына айналары сөзсіз.

Саттар ҚУАШБАЙ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан облыстық  мәслихатының депутаты