Қос аққудың Ақсуат маңындағы шағын өзендердің біріне қонғаны жөніндегі ақпар пен видеоны ең әуелі айтыскер ақын Оңғар Қабденовтің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан оқып, көріп, өзіне хабарласқанбыз. Сөйтсек бұл видеоны түсірген Ақсуат ауылының Жамбыл көшесінің тұрғыны Ұлпан Арғынтайқызы екен. Оны бізге аудандық «Тарбағатай» газетінің тілшісі Динара Қабділашымқызы айтты. Бірден Ұлпанның өзіне телефон шалдық. «Қос аққудың үйіміздің жанындағы арыққа қонғанын ең бірінші менің бауырым көріпті. Маған келіп «видеоға түсіремін» деп телефонымды сұрады. «Не үшін?» деп ем, «бақшаның жанындағы суда аққу жүр» деді. Бауырыммен бірге барсам расында да екі аққу жүзіп жүр екен. Барып нан бермекші болып ек, үркіп әрі қарай ұшып, маңына жуытпады. Ертеңінде жұмыстан түскі асқа келсем, ұшып кетіпті», - дейді Ұлпан.
Құс төресінің қаңтардағы келісін аудан жұртшылығының бірқатары жақсылыққа балап жатса, енді бірі «көлге қонатын аққудың шағын өзенде жүргені несі?» деп түсінбей әлек. Тарбағатай ауданындағы экология және табиғатты қорғау қорының төрағасы Ержан Құттыбаев қос аққудың бірі ауырып қонуы мүмкін екендігін айтады.
Айтпақшы, бүгін Оңғар Қабденов фейсбуктегі парақшасында Ақсуат маңына күннің жылы кезінде жүретін дуадақтың да келгенін жазыпты. Ғаламдық жылыну бізге де жетті ме екен?!
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы
Видео мен суретті түсірген Ұлпан АРҒЫНТАЙҚЫЗЫ