Кеңестік кезеңнің мамандары түзген тізім бойынша Қазақстанда 25 000 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қамқорлығына алынған-тын. Бүгінгі тізімде 11 000-нан аса ескерткіш бар. Бұл ескерткіштердің 10-нан астамы ЮНЕСКО қорғауындағы әлемдік маңызы бар ескерткіш, 700-і аса ірі республикалық дәрежедегі, қалғандары жергілікті маңызы бар ескерткіштер болып саналады. Тарихи-мәдени маңызы зор, көне замандардың күмбірі болып жеткен осы ескерткіштер ойға оралғандай болса, олардың бәрінің тозығы жетіп, міндетті түрде күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртылуы қажет секілді ойдың қоса қылаң беретіні бар. Бірақ біз ойлағандай, тізімдегі 11 000 жәдігердің бәрі бірдей жөндеуге, жаңғыртуға мұқтаж емес. Мұндай жұмыс нақты дәлелге сүйенген белгілі бір талап-көрсеткіш негізінде ғана жүзеге асырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 100-ге жуық тарихи нысан айырықша тізімге алынды, соған сәйкес, белгіленген көрсеткіш бойынша сыр-сәулеті қайта сүзгіден өтетін болады.
Құндылығы жүзжылдықтармен қастерленетін ескерткіштерді сақтау және қамқорлық танытудың да бірқатар құқықтық тетіктері бар. Қолданыстағы заңның көптеген тармақтары ескірді, жаңа заң қабылдау зәруліктен туындап отыр. Сондықтан Қазақстан Кедендік Одақ аясындағы Ресей, Беларусь елдерімен және Орталық Азия елдерімен тарихи қалыптасқан ынтымақтастығын ескере отырып, посткеңестік кеңістіктің өкілдерін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына тарту мақсаты көзделді. Бес мемлекеттің мамандары бас қосқан ғылыми шара көрсетілген нормативтерді әзірлеу барысындағы өзекті мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға бағытталды.
Халықаралық деңгейдегі конференцияға Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден келген тарихшы, реставратор мамандар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері және ел аумағында орналасқан Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ құрылыс және сәулет Ғылыми-зерттеу және жобалау институты, «KAZGOR» жобалау академиясы, «Күмбез» мекемесі, «Остров Крым» мекемелерінің басшылары мен өкілдері және осы сала мамандары қатысты.
Конференцияның бірінші бөлімінде Е.Тоқмагамбетов, Д.Воякин, Л.Чарлина, Л.Бейсенбаева, О. Петрова, А. Алтынбеков сынды тарихи ескерткіштермен жұмыс істеп жүрген мамандар баяндама жасап, өз тараптарынан нормативтерді әзірлеу жұмысындағы көкейтесті пікірлері мен ұстамдарын талқылауға салды.
Биылғы жылы өз елдерінде нормативті бағалау құжаттарын түзген Беларусь Республикасы мамандары және Өзбекстаннан келген А.Шамагрупов, А.Рахманов, Қырғызстан Республикасы атынан сөз алған Д.Иманкулов, Н.Нурбекова, Тәжікстаннан арнайы шақырылған Р.Мукимовтар ой-пікірлерімен конференцияның екінші бөлімінде бөлісті. Осы мәселе бойынша өткізіліп отырған алғашқы конференцияда бірқатар сұрақтар өз шешімін тауып, нақты ұсыныс-пікірлер құқықтық-нормативті тармақтарды әзірлеуде басшылыққа алынатын болды.
«Қазқайтажаңғырту» РМК ғылыми-зерттеу филиалының директоры Сәдуақас Ағытаев: «Бұл дөңгелек үстел Қазақстандағы реставрация саласының нормативтік-құқықтық негіздерінің айналасында жинақталып қалған өткір мәселелерді мамандармен бірге отырып талқылауға арналды. Жиынға осы салаға қатысы бар посткеңестік елдердің реставратор мамандары қатысты. Ескерткіштерді бағалауға келгенде, ең алдымен құндылықтың көрсеткішін анықтау тәсілі – әлемдік мәдени мұраның бізге тигізген жақсы әсері. Себебі бір ескерткіштің көркемдік образы керемет, бір ескерткіштің маңдайшасы, күмбезі жақсы болуы мүмкін, енді бірі идеясымен құнды, тағы бірі пішінімен ұтымды. Осындай ерекшелігімен ескерткіштер де көптеген көрсеткіштерге бөлінеді. Біз осы көрсеткіштердің тозып кетпеуіне, көрінісінің сақталып қалуына қызмет жасаймыз», дейді. Әлемдік мәдени мұраның бүгінгі талабы қажет етіп отырғандықтан, еліміздің тарих және мәдени ескерткіштеріне ғылыми-реставрация жасау ісінің нормативтік-құқықтық талабы да жаңаша айқындалуы керек. ТМД елдеріндегі әріптес мамандардың шақырылу себебі де сол – осы елдердегі тәжірибемен танысып, жан-жақты зерделеп барып, өз заңымызды сауатты етіп жазу.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ