Біреулердің еңсере алмаған қашықтығына біз жеттік. «Дес бере қоймас...» дегендермен де иық тірестіріп қалдық. Қауқары мықты, тәжірибесі молырақ өзгелерді де мойындаттық. Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқып отырғанда Тәуелсіздіктің 26 жылындағы еліміздің бағындырған биік белестері мен сол биікке жету жолындағы қиындықтар көз алдыңнан кино лентасындай тізіліп өткендей әсер қалдырады. Мемлекет басшысының бұл туындысы «Үшінші жаңғыруын» жүзеге асырып жатқан мемлекеттің қалыптасуын, ойға алған істердің қолға алынған шаруаларға айналғанын, санасын жаңарта отырып, жаңа көкжиекті ашуға бекінгенін, бетбұрысты сәттерде тиімді шешімдер қабылданғанын, ортақ арманмен шабыттанып, жаңа меже белгіленгенін танытады. Қазақстандық жолмен жүріп, бағыттан таймауға ықпал ететін асқақ рухтылық та осы кітаптан сезілетіндей. Бір сөзбен айтқанда, тағылымға толы бұл еңбекті егемендіктің 26 жылының жылнамасы деуге болады.
2017 жыл. Ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Жаңа ұрпақ өсіп келеді. Халықтың басынан кешкендерін еске сала отырып, бүгінгіміз үшін ризашылық сезімін қалыптастыруда бұл кітаптың алар орны зор болмақ. 1991-дің желтоқсанында, өз тізгініміз өз қолымызға тиген тарихи сәтте елін құтты өмірге бастаған, өзімізге пана, өзгелерге қызғаныш болған ел ордасы – Астананы тұрғызған, талай жанның қасіретіне айналған Семей полигонының үнін өшірген Елбасының ерен еңбегін елі ерекше бағалайды. Сұрапыл соғысқа жастығын құрбан еткен ардагерлерге қамқор, ел ертеңі болар жастарға демеу бола білген, ұлтымыздың ұлы құндылықтарын асқақтатып, ата-баба арманын орындап, қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен Президентімізді барша қазақстандықтар мақтан тұтады.
Біз уақыттың араға сызат түсіруіне жол бермеуіміз керек. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, аға буын мен соңымыздан ерген балдырғандардың саф алтыннан киім киген сақ бабаларымыз бен нанотехнологияларды меңгерер келер ұрпақтың арасын жалғар үзік осы кітап болар деп ойлаймыз. Біз ұлтымыздың айқындалған ұлы құндылықтарын бойымызға сіңіре отырып, заманның талабына жауап беруіміз шарт. «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және өзге де бөлімдерден құралған Елбасының бұл кітабы біздің тұсбағдарымыз болмақ.
«Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады», дейді. Тонның ішкі бауындай бірлігі жарасқан халық ретінде қазақстандық жолдан еш таймауға тиіспіз, ал Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы бет түзер құбыламыз болуы керек.
Анар МЫРЗАҒАЛИЕВА,
биология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ проректоры
ӨСКЕМЕН