Қызық болды. Он бірінші жылыңыздың он бірінші айының он бірінші күнінде оңтүстігіңізге он бір ақын-жазушы келді. Астанаңыз бен Алматыдан. Ташкенттен һәм Мәскеуден. Он бір ірі-ірі БАҚ басшылары жетті. Сондай-ақ басқа да бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының Шымкентке келген өкілдерін есептесеңіз ше, олар-дағы оннан астам екен.
Қарашаның қары елжірей еріді. Шымкенттің шат-шадыман мизам шуағы қайта оралғандай күй кешті. Қонақтар. «Ұлысымнын ұйытқысы – Оңтүстік» атты басқосуға болат жолдың бойымен және ұшақпен асыға жеткен меймандар. Облыс әкімінің шақыруы бойынша.
Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе дейік. Ұлан-байтақ елімізде ұлан-ғайыр тірліктер атқарылып, ұлан-асыр тойлар өтіп жатыпты. Оңтүстік Қазақстан облысында да бүкіл байтағымыздағыдай жасампаздықтың жиырма жылы жеткізген жеңістер мол. Тек бірен-саран сандарды санаңызға салыңызшы. Өңірлік өнім 1991 жылғы 7 миллиард теңгеден 1,1 триллион теңгеге дейін, яғни 163 есе артты. Жан басына шаққанда ІЖӨ 3,7 мың теңгеден 447,8 мың теңгеге дейін немесе 121 есе өсті. Инвестицияңыз 225 есе, бюджетіңіз 25 есе көбейді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының жалпы өнімдік көрсеткіштері жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді. Индустриялық-инновациялық аймақта 31 жоба жүзеленуде. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Көксарай су реттегіші мерейіңізді тасыта түсер.
Жаңа мектептер мен жаңа ауруханалардың, жаңа жолдардың, ауылдарға таза, табиғи ауыз су мен көгілдір отын апарудың ең жоғарғы көрсеткіштері де осы Оңтүстігіңізде. Жылыжайларыңыздың жетпіс пайыздан астамы, тамшылатып суарудың басым бөлігі осы Оңтүстігіңізде. Биыл Мақтааралдың мақташылары бастап, қалғандары қостап, «ақ алтыныңыздан» ең көп өнім жинады. Қазақ мақтасының сапасы артып, сұрыптары молая түсті.
Тәуелсіздіктің жасампаз жиырма жылы ішінде жаңадан 224 мәдениет ошағы ашылды. Олардың ішінде жетпістен аса клуб, жүз отызға жуық кітапхана, оншақты саябақ, төрт театр, жеті музей, тағысын-тағылар бар. Еңселі, елдік, елеулі ескерткіштер мыңнан асты. Осыдан екі апта бұрын ғана Отырарыңызда күш атасы Қажымұқанның, рух сардары Өзбекәлі Жәнібековтің, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың тұғырлы тұлғалары бой көтерді.
«Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» басқосуына қатысушы қонақтар шырайлы шаһарыңыз Шымкенттегі «Даңқ» мемориалын, Шәмші аллеясын, Неке сарайын, «Жер Ана» монументін, Тәуелсіздік саябағын таңдана аралап көрді. Индустриалды аймақтармен, жаңа кәсіпорындармен таңырқай танысты. «ERNUR-пресс» корпорациясы, «Замана» баспа үйі, «Айғақ» баспа үйі, «Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Рейтинг» сияқты БАҚ жұмыстарына ден қойып, тәжірибе алмасты.
Ең әуелі, таңертеңгі сағат онда Шымкенттегі көркемсурет галереясында өткен «Баспасөз жәрмеңкесі» баршаның назарын аударды. Өңір баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бастап, барлық аудандық және қалалық газеттердің, тәуелсіз деп, мемлекеттік емес деп, жекеменшік деп, түрлі-түрлі аталатын жүздеген басылымдардың, телеарналардың, баспахана-баспалардың, тағы басқалардың көрме-жәрмеңкесінде емін-еркін, емен-жарқын шүйіркелесу болды, өнімдер таратылды.
Сол он бірінші қарашаңызда, сағат он бірден он бір минөт өткенде «Рейтинг» апталығының үш жылдық мерекесі және жаңа ғимаратының ашылу салтанаты ұйымдастырылды. «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат өз сөзінде әзілге орай былай деді: «Не шықса да Шымкенттен шығады деген сөз бекер айтылмас. Мына «Рейтинг» апталығының айтары алымды, әр нөмірі шалымды, жаңашыл газет. Тәуелсіздікке қызмет етпектің тың тынысын ашқан текті басылым боп келеді. Бұндай басылым облыс, өңір шеңберінде қалмауы тиіс, бүкіл елге таралмағы жөн». «Қаламгер-Media» орталығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан: «Үш жылдың өзінде өз үнін танытып үлгерген газеттің жүрер жолы, жетер жеңістері жарқын екені даусыз», деп түйді.
Түс ауа талай-талай таңғажайыптармен танысып оралған БАҚ басшылары мен қалың журналистер қауымы «Еркін сөзге 20 жыл» атты форумға жиналды. Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бейсенбай Тәжібаев модераторлық еткен форумның «дөңгелек үстелінде» ордалы ойлар ортаға салынды, өткір-өткір пікірлер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев ұлыстың ұйытқысы атанған өңірдің өзгешеліктерін, Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы толағай табыстардың басты-бастыларын тілге тиек етті. Рухани-мәдени, БАҚ салаларындағы жетістіктерді мысалға келтірді. Оңтүстікте қазір 200-ге жуық БАҚ бар, оларда 2000-нан аса адам жұмыс істейді. БАҚ-тардың 90 пайызы – жекеменшік. Жекемешік баспаханалар да бар. Жекеменшік БАҚ-тардың биік-биік, сәулетті ғимараттары бой көтеруде. «Қазақстан Журналистер одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастырып отырған «Еркін сөзге 20 жыл» форумының өзі біраз жайтты аңғартады. Бізде баспасөз еркіндігіне, сөз бостандығына, қалам тәуелсіздігіне толық жол ашылған. Бұл – Тәуелсіздіктің нақты нәтижесі», деді Әли Бектаев.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов, республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Қуандық Оразбекұлы баяндама жасады. Қайрат Сақ республика бойынша БАҚ әлемінде өзгешеліктердің мол екенін, Оңтүстікте 177 газет тіркелгенін, көбі жарық көріп жатқанын, 11 өзбек, 26 орыс газеті бар екенін, ауданнан, ауылдан шығып, бүкіл республикаға тарайтын басылымдардың аз еместігін айтты. Олардың бәрі дерлік мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты пайдаланады. Өкінішке қарай, республика көлеміндегі қазақ және орыс тілді басылымдар арасында айтарлықтай алшақтықтар орын алуда. Бір-бірінің көтерген күрделі мәселелеріне қолдау көрсетпейді. Тығыз ынтымақтастық, нығыз ықпалдастық жетіспейді. Сөз бостандығындағы шектен шығушылыққа тосқауыл қойылмағы жөн. Сөз бостандығы шексіз емес. Журналистік ар-ождан жауапкершілігі естен шығып кететін кездер жиі орын алады.
Есберген Алауханов ұлттық ұлы мұраттарға жету жолында журналистика мен журналистердің үлкен рөл атқаратынын, кейбір елдер тарапынан жасалатын ақпараттық экспансияға, тыныштықты бұзып, халық ынтымағын ыдыратуды көздейтін іріткі әрекеттерге қарсы жұмыстың жеткіліксіздігін әңгімеледі. ҚазҰМУ-дің журналист кадрларын дайындау ерекшеліктеріне тоқталды. «ОҚО-да БАҚ көп. Бұл жақсы. Алайда кім болса сол, қалай болса солай газет шығаратын, не болса соны жазатын, БАҚ деген атты былғайтын жағдайларға ет үйренгені жақсы емес», деді декан.
Қуандық Оразбекұлы болса, жиырма жылда тәуелсіз сана қалыптаса бастағанына назар аударды. Мемлекеттік БАҚ пен тәуелсіз БАҚ арасындағы алшақтық пен айырмашылық азайды. Өкінішке қарай, базбір басылымдар байыпты бәсекелестік орнына бетпақ бет жыртысуға бара беретін болды.
Форумның жарыссөзінде «Шәмші» журналының бас редакторы Қалдыбек Құрманәлі мемтапсырыстың миллиондап бөлінетін қаржысын кейбір басылымдар ақтамайтынын, мемлекет мақсатына қарсы жұмыс істейтінін ашынып айтты. «Замана» баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы Иса Омар осындай пайдалы басқосулар мен талқылауларды дәстүрге айналдыруды ұсынды. «Біз бүгін «Еркін сөзге 20 жыл» деп жатырмыз, бірақ бірқатар газет тарату, баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мекемелері еркін таңдау мүмкіндігін шектейді. Тендер өткізуде бұра тарту тіпті асқынды. Мемлекеттік емес газеттер арасында өзгелердің идеялары мен жаңаша жобаларын, тың тақырыптарын ұрлайтын, ұят-аятсыз пайдалана беретін ауру белең алып барады», деді Омар. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының басшысы Ғалым Омарханов: «Мемлекеттік тапсырыстың миллиондары жолбике газеттер мен телеарналарға, жолбике журналистерге басымырақ бөлінетіні рас. Айтпаса, сөздің атасы өледі. Әріптестер дұрыс қозғап жатыр. Тойдың ғана телевидениесі боп жүрген телеарналарды, жалғыз адам шығаратын кездейсоқ газеттерді әдейі қолдайтындар, солардан қорқатындар билік буындарында отыр. Осындай көзқарас, осындай әрекет – өте-мөте қауіпті», деді. Журналист-жазушылар Өтеш Қырғызбаев пен Бағдат Қалаубай да келелі ойлар айтты.
Осылайша «Еркін сөзге 20 жыл» жиыны бірқанша мәселелерді қызу қозғап барып, байыпты пікірлер түйіндеп, байсалды аяқталды.
Екінді әлетінде Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» басқосуының қорытынды кеші Түркештің «Көңілашар» күйімен басталған. Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрі күмбірлеткен күйден соң «Нұрын шашқан Оңтүстік» әні әуелеген.
Қазақтың көрнекті жазушылары, дара драматургтері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Әкім Тарази мен Дулат Исабеков сахна төріне шақырылған. Қос суреткер толғаныстарынан Шанин шаңырағындағы той мен ойдың тоғысуы анық та қанық танылғандайтұғын. Әкім ағамыз әлем жүзіндегі жүздеген ұлттар ішінде қазақтың ғана адами затыңызды адам деп атайтын айрықшалығынан бастап, Оңтүстіктің өзгешелігіне дейінгі аралыққа талдама жасады. Дүкең жақында ғана еврейлер елінен, Израильден оралғандықтан, қазақтарды, Қазақстанды, ұлттық мәдениет пен әдебиетті, драматургияны, театрды таныту, шетжұрттықтарға насихаттау жайында әңгіме әдіптеді.
Сахна өнерінің саңлақ сыншысы, мәдениеттанушы Әшірбек Сығай мен өзбекстандық шайыр, «Жаһан әдебиеті» журналының бас редакторы Мирполат Мирзо жұрт алдында жараса, жарыса сыр шертті. «Оңтүстік тек Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне өзіндік өнегесімен таныла түссе игі» деген Әшірбек қасиетті, киелі өңірдің тарихи тамырларына шолу жасаса, Мирполат қазақтың елу ақынын аударғанын, олардың ішінде Оңтүстік өрендері бар екенін сүйіншіледі.
«Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақиық ақын Ұлықбек Есдәулет: «Мен оңтүстікшіл боп алдым, жылы жаққа жиі-жиі келемін, аңсап, сағынып жүремін» деп, тыңдарманды жырмен тербеді. Астанадан жеткен Қазақстанның халық ақыны, қалжыңы да қалың Қонысбай Әбіл әзілге ораған ойларына Оңтүстікті арқау етіп, шымкентшілдігін мағлұмдап, өлеңдерімен өрнектеді. Мәскеуден келген мінәйі мінез иесі, қазақтардың қалаулы, сахалардың сүйікті ақыны Тұрсынай Оразбайқызы Тәуелсіздік тойымен құттықтап, әуезді үнімен жыр жолдарын тартулады.
Мұстафа Шоқай ізімен ізгілік сапар жасаған, екі томдық кітап шығарған шайыр, түркі халықтары халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты Қасымхан Бегманов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Маралтай Райымбекұлы мен Ақберен Елгезек сынды ақындарға театр толы тыңдармандар ыстық ықылас білдірген.
Ақын-жазушылар екі-екіден, үш-үштен шыққан сайын жұртшылық ду-ду қол шапалақтап, сергек серпіліске түскен. Талантты әншілер Мамадияр Таукеев, Әбдіхан Нұрмағамбетов, Дінмұхаммед Байқожа, Досжан Дәрібаев, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов, облыстық опера және балет театрының арнайы тобы жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырған. «Шаншар» театрының тарланы Уәлибек Әбдірайымовтың әзілі қыран-топан күлкіге кенелткен.
Ертеңіне қонақтар мен жергілікті жазбагерлер топ-топтарға бірігіп, облыстың түкпір-түкпіріне жол тартқан. «Ақ алтынды» аймақ Мақтааралда, сағыныш сағымына оранған Сарыағашта, тоғыз жолдың торабы Арыста, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрі Түлкібаста өткен керемет кездесулер мен жайдарман жүздесулердің алтын арқауы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен ұлысыңыздың ұйытқысы Оңтүстік қой, әрине.
«Тәуелсіздік ұзағынан сүйіндіргей, қазақтың, оның ішінде Оңтүстіктің тойы тарқамағай!» деген тілекпен аттанды қонақтар. Пойыздарға, ұшақтарға шығып бара жатып. Қимай да қимай қарасып.
Мархабат БАЙҒҰТ,
Суреттерді түсірген Қайсар Шерім.