Жиында тарихи-мәдени мұраның конституциялық деңгейде бекітілген құндылықтар жүйесіндегі рөлі және ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызы талқыланды. Сарапшылар тарихи жады мен мәдени сабақтастықтың мемлекеттілікті нығайтудағы стратегиялық мәніне тоқталып, тарихи-мәдени мұраны қорғау – мәдени саясаттың бір қыры ғана емес, конституциялық құрылыстың ажырамас құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және сарапшылар қатысты.
Модератор – Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Мунира Абулова іс-шараның маңызына тоқталып, Конституцияның жаңа жобасында мәдениет пен білімге, ғылым мен инновацияға айрықша басымдық берілгенін атап өтті.
«Тарихи-мәдени мұра – қоғамның рухани негізі әрі конституциялық құндылықтардың мазмұнын айқындайтын маңызды фактор. Ата заңның жаңа жобасында осы сала да назардан тыс қалмаған, ұлттық құндылықтарға ерекше мән беріліп, азаматтар мен мемлекеттің міндеті нақты айқындалған. Мұндай өзгерістер тарихи-мәдени мұраны қоғам игілігі ретінде танудың құқықтық негізін нығайта түседі», Мунира Абулова.
«Қазақ газеттерінің» бас директоры, Конституциялық комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы Конституцияның жаңа жобасы бұрын айтылмаған, қазіргі уақытта ерекше маңызы бар мәселелерді қамтыды деп пікір білдірді.
«Ата заңның преамбуласы мыңдаған жылғы тарих сабақтастығын, білім мен ғылым, мәдениет құндылықтарын қамти отырып, жаңа стратегиялық бағдарларды айқындап берді. Осы бағыттардың Конституция деңгейінде бекітілуі мәдениет саласының дамуына, тарихи-мәдени мұрамыздың әрі қарай дәріптелуіне, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын жалғауға септігін тигізеді», Дихан Қамзабекұлы.
Жиында Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» жобасы жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Күміс Сейітова баяндама жасады.
«Тарихи-мәдени құндылықтар мәселесінің Конституция деңгейінде бекітілуі елдің бай мұрасын халықаралық кеңістікте насихаттауға зор ықпал етеді. Бұл қадам мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтарды нақтылай түсті», деді спикер.
Сондай-ақ талқыда ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Серікзат Дүйсенғазы, ҚЭЗИ Этномедиация орталығының директоры, мәдениеттанушы Фарида Мұсатаева сөз сөйлеп, тарихи-мәдени мұраны қорғауға бағытталған конституциялық қағидаттарды іске асырудағы мемлекеттің және ғылыми-зерттеу институттарының рөліне тоқталды.
Одан бөлек, отырыс барысында тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеп, халықаралық және жергілікті деңгейде кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды. Сарапшылар өзара пікір алмасып, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу, жетілдіру және тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастырады, оның ішінде тарихи-мәдени мұраның насихатына да тың серпін береді деген қорытындыға келді.