Мамандар айтқан цифрлардан жан шошиды. Тыңдап отырып ойға кеткенмін. Неге қоғамдағы проблеманы ортаға салғанда нақты оқиғасын, салдарын ғана сөз етеміз. Неге түп төркінін іздеп, тамыры қайда жатыр неге түбірін қазбаймыз деген ой келген.
Бұрынғы қазақ өмірінде жеке адам руынан тыс тіршілік ете алмайтын. Өйткені көшіп-қонса да, топырақты өлімі мен торқалы тойында да, күнделікті тіршілігінде де, баласының тәрбиесінде де жеке өзі тіршілік етпейтін. «У ішсең руыңмен» деп, шалыс басып, жаза басқанның да айыбын ру болып көтеріп, құнын төлейтін. Қоғам атқаратын жауапкершілік қандай жоғары деңгейде болса, әрбір жеке тұлға да тура жолдан ауытқудың қандай зардаптарға әкелетінін біліп, ондайдан бойын қашық ұстауға тырысатын. Ауылдағы қыз баланың ғана емес, ұлдың да тәрбиесіне бүкіл қоғам көз тігетін.
Әрине, БАҚ-тың қиыс кеткен жері аз емес, сенсация қуып, жаңалық жеткіземіз деп жамандықты желпілдетіп кететін тұстар жетіп-артылады.
Тренингте осы бір өте нәзік мәселені қалай жария етудің жолдарымен бөлісу жайы қозғалды. Журналист ақпарат жеткізуші, оқиғаны жариялау-
шы. Ал жеткіншектердің жыныстық денсаулығы туралы мәселе БАҚ-тың жұртшылыққа жеткізуінде кеткен қапыдан туып отырған жоқ. Сондықтан әлеуетті ұйымдардың ұлттық дәстүрге негізделген халықтық институттардың қайта жандануына үлес қосуына мүмкіндік беру туралы айтылды.
Тренингте балалардың тым ерте жетілуінде отбасылық жоспарлаудың маңызына назар аударылды.
Сонымен деректер не дейді? Соңғы 5 жылда 33 мың жасөспірім қыздың аяғы ауыр болып, оның 10 мыңы жасанды түсік жасатқызған. Мәселен, әлеуметтік сауалдама жүргізіліп, оған еліміздің әр аймағынан, қаласы бар, ауылы бар 1166 ұл-қызы аралас жасөспірім қатысқан респонденттердің 14 пайызы ерте жетілгендерін көрсеткен. Осы 14 пайыздағы балаларға сауалдарды әрі қарай тереңдете қойғандағы алынған жауаптар жаға ұстатарлықтай. Олардың 8 пайыздан астамы 14 жастан, 33 пайызы 15 жасынан бастап ересек өмірді бастап кеткен. Әрине, физиологиялық тұрғыда қанша жетілді дегенмен, баланың аты бала. Балалы болған балалардың санының азаймауы көптеген әлеуметтік қиындықтарды тудырады. Не оқу бітірмеген, не мамандық алмаған, кәмелетке толмаған баланың өзімен қоса өмірге алып келген баласының да болашағы бұлыңғыр болары бесенеден белгілі. Мамандар тығырықтан шығудың жалғыз жолы жыныстық тәрбие беру, балаларды ақпаратпен қамтамасыз ету екендігін айтады. Рас, ерте жетілген балаға ақпарат керек. Контрацепті препараттарды пайдалануды үйрету жоғарыдағыдай проблеманың тумауына оң ықпалын тигізер. Бірақ қазір қоғамдағы балалардың 20 пайыздайы ғана жыныстық тұрғыда ерте жетіледі екен де, оларға қажет ақпарат береміз деп жүргенде қалған 80 пайыздан астам баланың ойына не саламыз, оларды жасынан ерте берілген ақпаратпен бүлдіріп алмаймыз ба, деген сауал туады.
Тренингте шымылдықтың арғы жағындағы 15 жастағы аяғы ауыр қыз жағдайымен бөлісті. Жігіті өзінен 6 жас үлкен, мамандығы да бар, таяуда үйленбек екен. Ол сірә, өзінің тым ертерек жетілгенін есепке алса керек, жасөспірімдерге 15 жастан бастап жыныстық тәрбие берген дұрыс деп ойлайтынын жеткізді.
Жуырда некедегі ерлер белсіздігінің 16 пайызға жеткенін Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев жария еткен еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, егер елдегі бедеулік 15 пайыздан асса, бұл әлеуметтік-демографиялық мәселеге айналады екен. Осы тренингте мәлім болған деректің бірі жоғарыдағы ерлер арасында туып отырған проблеманың бір тіні жасөспірім уақыттағы жойдасыз байланыстарда жататын көрінеді. Мәселен, дейді мамандар, әлеуметтік сауалдамада ерте жетілген 15 пайызға әрі қарай тереңдете берілген сауал бойынша олардың 24 пайызы мерез, 30 пайызы соз, 38 пайызы трихомониаз тәрізді ауру жұқтырып, жасырын емделгені белгілі болды. Ал ондай ем қабылдаулардан барлығы бірдей құлан-таза айығып, соңына із қалдырмады деу қиын, дейді дәрігерлер. Сондықтан ұлт денсаулығын ойлағанда, демографиялық ахуалдың күрделі жағдайға ұрынуына тек қыздарды кінәлай бермей, ер балалар тәрбиесіне де көңіл бөлудің өзектілігі алға шығады.
Бір қуанарлығы, БҰҰ Халық қоныстану қоры қоғамның бетін осы проблемаға аудару мақсатында әлеуметтік мәні бар бірқатар шара атқаруда. Яғни өңірлерде жастар денсаулықтарын сақтау үйлері ашылып, жасөспірімдерге қажетті ақпарат пен денсаулық күтіміне қатысты кеңес беріліп, әнші Ақмаржан Көшербаеваның (Kaliya) қатысуымен «Қыз тағдыры» атты жобаның жүзеге асуына үлес қосып отыр. Нәтижесінде «Қыз тағдыры» атты бейнебаян түсірілген. Тренингке қатысқан әнші өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасына тағдырлы қыздардың көптеп хабарласатынын айтты. Расында, қоғам өз жарасын өзі емдемей, елең қылмай жүре берсе асқынған дерттің меңдемей қоймасы анық. Ойланарлық мәселе!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»