Президент • 19 Қаңтар, 2018

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт

451 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті. 

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт

Бұл шараға әлемдік ақпарат құралдары жіті назар аударып, Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет көтерілген тақырыптың маңызы жөнінде, осы мәселеге ұйытқы болған Қазақстанның бастамалары туралы шартарапқа тікелей хабар таратты. Жиынды ашқан Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібін белгіледі. Бұдан соң Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Польша Республикасының Президенті Анджей Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.

«Президент Дуданы Поль­ша­ның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің бас­талуымен құттықтаймын. Соны­мен бірге Кот-д’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гви­неяны да биыл Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болуы­мен құттықтаймын. Жаһан­дық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін», деді Елбасы.

Н.Назарбаев бекітілген күн тәртібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерришке бер­ді. Ұйымның басшысы Қазақстан Президентіне осындай жоғары деңгейлі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтты және атқарған елеулі еңбектерін жоғары бағалады.

«Қазақстан әрдайым ядролық қарудан азат әлем құруды және оны таратпау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының ха­лық­аралық бейбітшілік пен қауіп­сіздікке зияны жөнінде қарар қа­­был­даған болатын», деді А.Гу­тер­риш.

Бас хатшы қазіргі таңда әлемде жаппай қырып-жою қару­ларынан келетін қауіп-қатерге тоқталды. Сенім шараларының маңыз­дылығын атай отырып, Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

А.Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Ке­ңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және төрағалық қызметін әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білетінін жеткізді. 

«Орталық Азияның бұл мәр­тебелі қызметтегі бірінші мем­лекеті ретінде біз өңіріміздегі ха­лықтардың Дүниежүзілік ұйым­ның осы маңызды «үніне» ай­налдық. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірінші жы­лы өтті. Біз Кеңестің күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелерді ше­шуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ау­ған­­стан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эри­трей жөніндегі комитеттерді бас­қара отырып, олардың жемісті қыз­мет етуіне өз үлесімізді қосып ке­леміз», деді Мемлекет басшысы.

Қауіпсіз әрі әділетті әлемге бірлесе қол жеткізу керек

Елбасы ізгі құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бір­ле­се қол жеткізу керек екенін атап көрсетті. «Бұл істе БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз. Адамзат XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін. Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһан­дық апатқа ұшырауына жол бер­мейді деп сенемін. Кеңестің бар­лық мүше-мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ри­за­шы­лығымды білдіремін», деді Елбасы. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі жиын Қазақ­стан­­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін­­дегі төрағалығы кезіндегі негізгі шара. Отырыс жаһандық күн тәр­­тібіндегі ең өзекті тақы­рып­­тар­­дың біріне арналып отыр. 

«Бейбітшілік пен қауіп­сіздікке қол жеткізу жолындағы се­нім шаралары шиеленістің ал­дын алу мен маңызды жаһан­дық проб­лемаларды шешуде негізгі рөл ойнайды. Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессия­сының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру жөнінде ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизм құрылды. Қазіргі таңда Азия­дағы өзара ықпалдастық жә­не сенім шаралары кеңесі өңір­дегі 26 мемлекетті біріктіріп, же­місті жұмыс істеуде», деген Мемлекет басшысы ширек ғасыр­дан кейін БҰҰ ғимаратында Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шесі ретіндегі Қазақстан аты­нан сөз сөйлеп тұрғанын әңгі­меге қосты. 

Өзара сенімді арттыру – аса өзекті

Елбасы жекелеген елдер ара­­сында да, жаһандық деңгей­де де өзара сенімді арттыру мә­се­лесінің әлі де күрделі еке­нін жә­не оның күннен-күнге өзекті бола түскенін жеткізді. Сенім шара­лары жаһандық қауіпсіз­дікті қолдаудың, бүкіл планета кө­ле­мінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуі тиіс. Пре­­зи­­дент Н.Назарбаев оның себеп­­терін жан-жақты түсіндіріп берді.

«Сенім шаралары бүкіл адам­затқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жар­тысында жаппай жойылу қау­пінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Біз­дің басты міндетіміз ‒ келер ұр­пақ­ты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ши­рек ғасыр ішінде менің елім қар­қынды даму жолынан өтті. Яд­ро­лық арсенал бойынша әлем­дегі төртінші елден тарат­пау жө­ніндегі қозғалыстың көш­бас­­шысына айналды. Ядролық қа­ру­дан және ядролық держава мәрте­бесінен бас тарту біздің сана­лы әрі шынайы таңдауымыз жә­не Қазақстанның барша халқы қол­­дап, әлемдік қоғамдастық ла­йық­­ты бағасын берген ерікті қа­да­­мы­мыз болды», деді Н.Назар­­баев. 

Қазіргі таңда Қазақстан яд­ро­лық қауіпсіздік саласындағы бар­лық іргелі халықаралық келі­сім­дердің қатысушысына айналды. Еліміз ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекітті. Елбасы екінші ба­ғыт ретінде өзара сенім ахуалы халық­аралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септі­гін тигізе алатынын атап көр­сетті. МАГАТЭ-нің Төмен байы­тыл­ған уран банкінің ашылуы ‒ осы ынтымақтастықтың жар­­­қын мысалы әрі оның жүзеге асуы­­ның көрінісі. Қазақстан яд­ро­­лық қаруды таратпау режі­мін ны­ғай­туға осылайша кезекті үлес қосты. 

Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырамыз

«Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұр­ғы­сы­нан көмек болар еді. Біз тәуел­сіз ел болып, мемлекетімізді ны­ғайт­­тық. Ядролық қарудан бас тар­­тып және ядролық держава­лар­­дан шабуыл жасамау кепіл­ді­гін алдық. Осы ретте Солтүстік Ко­­рея басшылығын біздің жолы­мыз­­бен жүруге шақырамыз», деді Президент. 

Мемлекет басшысы ғылыми-технологиялық прогрестің қа­зіргі мүмкіндіктері және жа­һан­данудың шынайы болмысы жаппай қырып-жою қаруларын таратпау міндетін адамзаттың аман сақталып қалу мәселесіне айналдырып отырғанын мәлімдеді. «Жаппай қырып-жою қарулары бар елдердің көбеюі, ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың дес­трук­тивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады.  Ядролық қауіп­­сіздікті қамтамасыз ету жөнін­­дегі бүгінгі құқықтық база XX ғасыр соңында «ядролық дер­­жа­валар клубының» кеңеюі­не тосқауыл бола алмады. Ядролық қаруды таратпау ту­­ралы шартқа негізделген барша­­мызға қажет таратпау режі­мін нығайту терең менталды өз­ге­рістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдерді талап етеді деп ойлаймын», деген Елбасы таратпау са­ла­сындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар шаралар атқа­руды ұсынды. 

«Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. КХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», деп атап өтті Н.Назарбаев.

Екінші шара ретінде жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзір­леу керектігін жеткізді. Мұн­дай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жеке­ле­ген қарарларында бекітудің маңыз­ды­лығын айтты. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретін­де атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядро­лық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың бере­тін кепілдігін заң жүзінде мін­дет­тейтін жүйені дамытуға да тоқ­талды. 

«Жаһандық қауіпсіздік жүйе­сін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғам­дас­тықтың милитаристік анахро­низмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім», деді Елбасы. 

Ұсынылған төртінші бағыт ‒ халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару. Іс-қи­мылды толықтай қамтитын бір­лескен жоспар соның жарқын мы­салы болмақ. Мемлекет басшы­сы Иранның ядролық бағдар­ла­масына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көпжақты дипломатияның табысты болатынын мәлімдеді. Мұндай күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналып, оған Қазақстан да өз үлесін қосты. 

Бұдан кейін Елбасы кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туындаған қиындықтарға қарамастан, іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспардың одан әрі табысты іске асуы­на сенім білдірді және бұл мәсе­лені АҚШ Президентімен талқы­ла­ғанын айтты. Осындай конструк­тивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болатынын жеткізді.

«Корея түбегіндегі қазіргі оқи­ғалар терең қарама-қай­шы­лықтың бар екенін білдіреді. Осыған орай мүдделі тарап­тар­ды Солтүстік Корея мәсе­лесін неғұрлым жылдам әрі конс­труктивті жолмен шешуге ша­қырамыз. Сенім ахуа­лын қа­лып­тастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақ­стан келіссөз алаңын ұсынуға да­йын», деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы сенім шаралары Таяу Шығыс үшін де өзекті болып отырғанына тоқ­талды. Сириядағы шиеленіс аймақ­тан алыс жатқан өңірлерге де зия­нын тигізуде. Өзара сенім­нің Женева келіссөздерін толық­тырып, Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келе жатқан Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын осы жерде ерекше атап өткен жөн. 

Ядролық қарудан азат аймақ құру маңызды

«Жаппай қырып-жою қаруларының таралуымен күрес жүргізудегі тиімді құралдың бірі ‒ ядролық қарудан азат аймақтар құру. Сондай-ақ бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға күш-жігер жұмсауды жалғастыруды маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін», деді Президент. 

Мемлекет басшысы бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі төңірегінде сөз қоз­ға­ды. Елбасының айтуынша, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық тех­но­логиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс. Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болады. 

«Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен сенім жағдайында ғана көп­теген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсі­ресе ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрес­тің алдыңғы шебінде болып, жап­пай қырып-жою қаруларын қысқар­тудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете ал­май­ды дегенді білдірмейді», деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы. 

Отырыс тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті

Негізгі баяндамадан кейін сөз кезегі жиынға қатысушыларға берілді. Польша Президенті Анд­жей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйым­дастырған Қазақстанға алғыс айтты. 

«Президент Нұрсұлтан Назар­баев алғаш рет ядролық қару­дан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, мұны мемлекет үшін жасалған таңдау екенін айт­қаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Жақында Қазақстанда төмен байытылған уран банкі ашылғанын атап өткім келеді. Бұл – ядролық қауіпсіздікті қол­дау жолындағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтады», деді А.Дуда. 

Польша Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Оның айтуынша, Кеңестегі талқыланатын күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды. Сонымен қатар тек ядролық қару емес, биологиялық және химиялық қарудың, баллис­тикалық ракетаның да қаупін ескеру керек. Сөз соңында Польша Пре­зиденті отырыс тақырыбының бүкіл әлем үшін маңызды екенін айтты.  
Бұдан кейін сөз алған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лав­ров Иранмен ядролық мәмі­ленің орындалмауы алаңдатарлық ахуалға айналғанын мәлімдеді. 

«Алтылық тобының» бір мү­шесінің кінәсінен Иранның ядролық бағдарламасы төңіре­гіндегі жағдайды реттеу жө­нін­дегі жан-жақты қамтылған бір­­лес­кен іс-қимылдар жос­пар­ы­ның орындалмауы алаң­дау­шы­лық ту­ғызады, соның ішінде Солтүстік Корея мәселесі халық­­аралық қауіпсіздік архитектурасы үшін алаңдатарлық ахуалға айналады», деді С.Лавров. 

Ол Иранмен ядролық мәмілені орнықты дамыту үшін күш бірік­тіруге шақыратындығын әрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жан-жақ­ты қамтылған бірлескен іс-қи­мылдар жоспарының орындалуы жауапкершілігін Ресей тарапы өз мойнына алатындығын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бо­йынша тарихи құжат ‒ БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі төрағасының өңір­лік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдыр­мау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Құжатта қазіргі халық­аралық қатынастар тақыры­бын­дағы маңызды мәселелер қамты­лып, оның шешімдері ұсыныл­ған. Айта кету керек, мұн­дай мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халық­аралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданып отыр. Сондықтан біз сөз соңында осы жайтты және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып, оның төрінен төрткүл дүниеге төрелік ету мүмкіндігі енді тек қырық жылдан кейін ғана келуі ықтималдығын ескере отырып, бұл оқиға шын мәнінде тарихи сәт екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Ел мерейін өсірген еңселі сәттер мен мәртебелі биіктеріміз лайым көп болғай! 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан» – 
Нью-Йорктен (АҚШ)

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше