Фильмді режиссер-аниматор - Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы жасап шыққан.
Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.
"Біз осы "Мұзбалақты" жасаудан бұрын "Тастүлек" атты қысқа метрлі анимациялық фильмді аяқтаған кезіміз, "Қазақфильмге" Бақыт Ғафуұлы басшы болып келген болатын. Ол кісі анимация бөліміне келіп біздің "Тастүлек" анимациялық фильмімізді көріп, ұнатып, көңілінен өткеннен кейін, осы фильмді ары қарай толықметражды етіп жасауды тапсырып, қолдайтынын айтты. Содан бастап осы тақырып негізінде жаңа толықметражды "Мұзбалақ" мультфильмінің сценарйын жаздық, жаңа кейіпкерлерді қостық және экшн жанрында түсіреміз деп шештік. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осы мультфильмді жасап шықтық", - деді Тілек Төлеуғазы.
Авторлар "Мұзбалақ" атты анимациялық фильмі арқылы тарих қойнауына еніп, жоғалып бара жатқан, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы, адаммен бүркіт арасындағы сенім негізіне құралған достықты жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді. "Бес жасар бүркітті қазақ Мұзбалақ дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық", - деді Тұрдыбек Майдан.
Еске салайық, киностудия 2017 жылы екі толықметрлі анимациялық фильмді өндірді. Соның бірі "Мұзбалақ" болса, екіншісі режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы картинасы. Аталған фильмдер толыққанды аяқталған және прокаты мен тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктеміне жоспарланған.