Аймақтар • 21 Қаңтар, 2018

Өскемен мен Аягөздегі әскери бөлімдер жауынгерлік даярлықтарын пысықтады

940 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Өскемен гарнизонының 27943 және Аягөздегі 10810 әскери бөлімдерінде 2018 жылдың бірінші оқу кезеңінде бөлімшелердің, есептоптардың, роталардың жауынгерлік машықтары пысықталды.

Өскемен мен Аягөздегі әскери бөлімдер жауынгерлік даярлықтарын пысықтады

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде роталық – тактикалық тобының жаттығуы ұйымдастырылды. Бөлімінің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес атысқа тартылған барлық құрылымдар жауынгерлік әзірліктің жоғарғы деңгейіне келтірілді. Жауынгерлік машиналар паркіне келіп, белгілеген шартты ауданға маршты жүзеге асыру жөнінде оқу-жауынгерлік тапсырмасын алды. Жеке құрамның қимылы анықталған соң колонна оқу полигонына жол тартты. Марш кезінде мотоатқыштар бөлімшелері тактикалық дайындық бойынша нормативтерді орындаудан шеберліктерін шыңдады.

Оқу полигонында мотоатқыштар және барлау бөлімшелерінің жауынгерлік атысын сапалы жүргізу мақсатында барлау ротасының командирі, капитан Мерей Исенов барлау ротасының 1 – барлау взводы 1 – бөлімшесінің жеке құрамымен «Барлау бөлімшесі іздеуде» тақырыбында, 1-ші мотоатқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Е.Мұқатаев 1 мотоатқыштар ротасының 1 мотоатқыштар взводы 1 мотоатқыштар бөлімшесінің жеке құрамымен «Мотоатқыштар бөлімшесі қорғаныста» тақырыптарында нұсқаушылық – әдістемелік дәрістер өткізді. Сондай-ақ, диверсантты-барлау топтары мен есептоптар әуедегі қарсыластың шабуылдары кезіндегі және залалсыздандырылмаған ауданды жүріп өтудегі қимылдарды да меңгерді. Осылайша ең алдымен зенитті есептоптардың, зенитті дивизиондар бөлімшелерінің, бұдан соң мотоатқыштар бөлімшелерінің, 1 және 2 мотоатқыштар батальонының, соңында штабтық батальонның барлау ротасы бөлімшелерінің атысы жүзеге асты.

Жауынгерлік атыстың нәтижесінде кіші сержант А.Құмаров, кіші сержант Дулат Рақымов, сержант Айдын Нұрсұлтанов, сержант А.Желнебеков, сержант Олжас Сейітқазин өздерінің жоғары кәсіби біліктіліктерін көрсете білді.

«Роталардың күрделі жағдайдағы қимыл-әрекеті мен ауызбіршілігін тексеру мақсатындағы тактикалық жаттығу әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес жүзеге асты. Ол 2 мотоатқыштар батальонында жауынгерлік атыспен «Мемлекеттік шекараны күшейту кезіндегі қорғаныс ұрысын жүргізу» тақырыбында өтті. Роталық-тактикалық тобы жаттығудың жоспары бойынша бейбіт тұрғындарға зардабы тиер, аймақтағы әскери-саяси жағдайдың ушыққанын пайдаланып, мемлекеттік шекараны бұзу арқылы заңсыз қаруланған лаңкестер шекара және әкімшілік ғимараттар мен нысандарды басып алып, елдің тыныштығын бұзуды көздейді. Заңсыз қаруланған құрамның көзін жою және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұйрық алғаннан кейін рота командирі, аға лейтенант Мақсат Қалмырзаевтың жетекшілігімен 4 мотоатқыштар ротасы дабылмен көтеріліп, шоғырлану ауданына марш жасады. Жаттығуға қатысушылардың біріккен жедел қимылының нәтижесінде қарсылас топтың көзі түгел жойылды. Роталық – тактикалық тобының жаттығуы өз мақсатына жетті. Жеке құрам тактикалық кәсіби қимылдарды жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, шеберліктерін одан әрі арттырды», - дейді 27943 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асыл Ерғалиев.

Ал Аягөздегі 10810 әскери бөлімі мотоатқыштар бөлімшесінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін пысықтау кезеңі басталды. Аталған шара шеңберінде жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес әскери қызметшілерге «Бөлімшенің жауынгерлік атысты қолдана отырып шабуылдауы», «Бөлімшенің жауынгерлік атысты қолданбай елді мекенде іс-қимыл жасауы» және түнгі жағдайда «Бөлімшенің жауынгерлік атысты қолдана отырып қорғаныс жасауы» тақырыптарында сабақтар жүргізілді. Бөлімшелердің командирлеріне жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде тәжірибелік машықтарын жетілдіру және оларды табысты орындау, қарсыласты тауып олардың көзін жоюға арналған тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, сабақтар барысында жауынгерлік атыстар кезінде авиацияның соққысы, зарарсыздандырылған мекеннен жүріп өту, жеке құрамды түсіру, мина-жарылғыш қоршаудан өту, сондай-ақ алдыңғы шепте қарсыласқа шабуылдау және көзін жою сияқты тақырыптар кеңірек пысықталды. «Өздеріңіз білесіздер, жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 2018 жылдың 8 қаңтары мен 2 ақпан аралығында бөлімшелердің жауынгерлік үйлесміділігі өтуде. Біз бүгін бөлімшелермен жауынгерлік атыс бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтарын өткіздік. Бөлімшелердің жауынгерлік атыстары қорғаныс, шабуылдау және арнайы операциялар тақырыбын қамтыды», - деді 10810 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі орынбасары, подполковник Әділ Тұрғынбаев.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»