Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларына аталмыш басқосудың мән-маңызы жайлы түсіндірген комитет төрағасы Қуат Бораш, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының жетінші бағытында атап өтілгендей, адами капиталдың өзектілігі және сонымен қатар терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату мәселесін жүзеге асыру үрдісі негізінде кезекті жиын өткізіліп отырғанын жеткізді. Осы орайда «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ортақ пікір, орамды ойларға жол ашып, көпшілікпен келелі кеңес құрудың қажеттілігіне тоқталды.
Дөңгелек үстелдің негізгі баяндамашысы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Ербол Тілешовтің пікірінен түйгеніміз, мемлекеттік тілді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, қазіргі таңда қоғамға қажет оқу-әдістемелік және танымдық кітаптар шығару мәселесі сәтті жүріп жатыр екен.
Яғни бұған дейін жоғарыдағы бағдарламаға үміткер ретінде орталыққа әртүрлі тақырыптарды қамтыған 400-ге тарта шығарма келіп түскен. Осы туындыларды филолог-ғалым Жантас Жақыпов бастаған сараптамалық топ қарап шығып, сұрыпталып алынған 70 кітапқа бәтуасын берген.
Мақұлданған шығармалар негізінен сөздіктер, балалар әдебиеті, тіл үйрену құралдары, танымдық туындылар және аударма көркем әдебиеттер.
Жоғарыдағы жиын барысында жаңадан жарық көрген 36 кітаптың таныстырылымы болды. Осылардың ішіндегі басты құндылық ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тұлғалық энциклопедиясы мен әдебиетші ғалым Асқар Егеубаевтың аудармасымен жарық көрген Махмұд Қашқаридың үш томдығының екінші басылымы. Сонымен бірге әртүрлі салалық сөздіктер, араб-парсы лексикасы, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бұған дейін қазақ тіліне аударылмаған «Тау құлаған» атты туындысы, Алаш қайраткері Телжан Шонановтың бес томдығы, балаларға арналған «Алаш қозғалысы» атты танымдық оқулық пен Алаш идеясын қолдаған ақындардың жыр жинағы, белгілі түрколог Қ.Сартқожаұлының «Тас кітаптың құпиясы» атты туындысы, тілші ғалым Ә.Жүнісбектің қазақ тілінің артикуляциялық базасы толық талданған «Төл әліпби – төл жазу мәселелері» атты еңбегі бар.
Екінші бір қуанарлық жағдай, жарық көрген кітаптардың электронды нұсқасы жинақталған СD нұсқасы қоса ұсынылып отырса, алдағы күндері ұлттық арнадан әр жұма сайын тіл дамытуға арналған «Енші» атты жаңа жоба көрерменге жол тартпақ. Жоба қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері, ұлттық ойындар, тұрмыстық мәдениетін дәріптеумен қатар тіл білімі, мәдениет, таным, дәстүрімізді насихаттауға арналған дейді шараны ұйымдастырушылар. Сонымен қатар 15 сериялы «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильм де кешікпей «Балапан» арнасы арқылы көрерменге ұсынылмақ.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»