Аймақтар • 22 Қаңтар, 2018

Салғырттықтың салдарынан жыл басы солтүстікқазақ­стандықтар үшін қайғылы оқиғалармен басталды

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың солтүстікқазақ­стандықтар үшін қайғылы оқи­ғалармен басталуы өкінішті-ақ.

Салғырттықтың салдарынан жыл басы солтүстікқазақ­стандықтар үшін қайғылы оқиғалармен басталды

Төтенше жағдайлар жөнін­дегі департамент мамандары оның себебіне адамдардың өз өмірі­не деген немқұрайдылы­ғын көлденең тартады.

Келіспеске шара жоқ. Күн райының күрт суытатыны жайлы сақтандыру­ларға құлақ аспағандардың бірі – Уәлиханов ауданы Береке ауылының 20 жастағы тұрғы­ны. Мектепте мұғалім болып ең­бек ететін ол ақтүтек боран­ның басылуын күтпестен сыртқа шыққан. Көшенің шетінде тұратын жолдасының үйіне соғып, одан әрі қайда кеткені белгісіз. Марқұмның мәйіті елді мекеннен 10 шақырым жерден табылған. Міне, синоптиктердің ескертулерін жүре тыңдаудың ақыры осындай тосын жайтқа соқтырған.

Сол сияқты екі әйелдің үсік шалып, көз жұмғаны да сал­ғырт­тықтың салдарынан бол­ғаны анық. Жамбыл ауданы Святодуховка ауылының 44 жас­тағы тұрғынының денесі көше­ден табылған. Мәйіт түні бойы далада жатып қалса керек. Ал Тайынша ауданы Летовочное ауылының 65 жастағы тұрғынының өлі денесін іздеуші топ ауыл сыртынан кезіктірген.

Жеке үйде тұратын адамдар да сақтық шараларын мүл­дем ұмытқан тәрізді. Облыс ор­талығында үш жер үй өртеніп, төрт адамның өмірі қиылды. Олардың арасында 90 жастағы кейуана мен екі жастағы шөбересі бар. Әке-шешесі ұлын әжейге табыстап, аз ғана уақытқа үйден шығып кеткен. Осы екі арада баспана қызыл жалынға оранған. Өрт сөндірушілер жеткенше әбден тозығы жеткен ағаш үйдің төбесі опырылып түскен. Өрт газ баллонынан тұтанған деген жорамал бар.

Тағы бір үйде төсекте шылым шеккен күйі қалың ұйқыға кеткен 66 жастағы ер адам түтінге тұншығып өлген. Жер үйдің пешінен шыққан тағы бір «тілсіз жау» 72 жастағы зейнеткердің өмірін жалмаған. Көзі көрмейтін мүгедек жан сыртқы есікті таппай қалған.

«Сақтансаң, сақтайды» деп бекерге айтылмаса керек. Қауіп­сіздік шаралары мұқият ойластырылса, мұндай қайғылы оқиғалар орын алмас еді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы