23 Қаңтар, 2018

Донор әке – дүбәра ұрпақ

536 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз қазір ұлт болу, мәңгілік ел болу жолында келеміз. Бұл бабалар бағыттаған, бүгінгілер ақ-адал жалғасақ деген ұлы ниеттен туындап отыр. Әлемдік қарбаласта өз бет-бейнемізбен салған сара жолымыз даңғылға айналу үстінде. Ең бастысы, осы жолда ұлттық үрдісімізбен жүрсек, жұтылу мен тұтылудан алыс боларымыз ақиқат.

Донор әке – дүбәра ұрпақ

Бодандықтан сана сарсаңға түсіп, тіл ғана сайрап тұрғанда ұлт арыстары халқына сөз арнап, тамырынан қол үзбеуді, қол үзсең шіріген жіптей үзік-үзік болатыныңды қатаң ескерткен. Оған ағартушы Ыбырай Алтынсариннің арғы ғасырда «...Қазақ халқы – азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыймайды. Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі болған жерде, қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек. Суға батып бара жатқан кісіні көре тұрып, қолұшын бермеу арамдық болар еді...», дейді.

Тәубе, қазір Ахмет Байтұрсынұлы айтқан алты миллион қазақ өз Отаны­мызда он екі миллионнан асып отыр. Не нәрсені болса да атқаруға, жол-жоба қиыстыруға қуатымыз жетеді. Әл-ауқатымыз да әлсіз емес. Тек жүйелі іс, құлық болса деңіз.

Ұлттың сақталуы рухтың тазалығы­нан екені белгілі. Рух сөзінің түп-тамыры биологиялық тұрғыдан адам жаратылатын ұрықтан рухани болып өзгеріп, философиялық ұғымға айналған десек те болатын шығар. Сол ұрық таза болмаса, адам кем болып қалады, кеселге ұшырайды. Жерге тастаған бір тал дәннің ішінде залалды нәрсе болса, бидай өне ме? Өнбейді, өледі. Адам да солай.

АҚШ-тың бір азаматы донорлық жолмен жиырма балаға әке атаныпты. Осы тәсіл елімізге де жеткелі біраз жыл болып барады. Ер адам бір рет клиникаға донорлық жасаса, оның жасушасынан 60-70 бала өмірге келеді екен. Ал ол өзге клиникаға да донорлық көрсетсе, ол екі еселенері анық. Сонда оның бәрі бір әкеден таралған ұрпақ болып есептелмей ме?

Бұл донорлық құпия жағдайда жү­реді екен. Тапсырушы адамның қыз­меті, жасы, денсаулығы, жұмысы көр­сетілгенмен, аты-жөні белгісіз. Донор­ға ұрпақ көре алмай жүрген зәру ж­ұбайлар жүгінеді. Елімізде 16 мың ер азамат белсіздікке ұрыныпты. Ал қыздар жағы бұдан көп болмаса, аз емес екендігі белгілі. Ұрпақ қамын ой­лаған жұбайлармен қатар, отырып қал­ған қыздар да осы донорға тәуелді болса керек.

Әрине, нақты аты-жөндері атал­ма­ғанмен донорлық қызмет тегін көр­се­тіл­мейді ғой. Ақша жүрген жер ым-жымсыз болмайды. Ондай жағдайда ұлт ұрпағынан гөрі, нарықты желеу етіп, күнкөрісті көлденең тартып, Абай сөзін алға оздырмай қоймайды.

Иә, жан бағу керек, бірақ ұлт жайын, ұрпақ жайын қайда қоямыз? Сол донор әкеден өскен бала уақыт өте келе ер жетіп, қыз бой жетіп, білместіктен отау тігіп жатса, не болады? Бұл жеті атаны жайына қалдырып, ұлтты аздырып, ұрпақты тоздыру кеселіне ұрындырмай ма? Қазақ жеті атаны былай қойып, он бес, он жеті атаға дейін қыз алысып, қыз берісе қоймаған. Заманға қарай әр жақта тұрып, ата сұраспай, жазым басқандардың кейбіреулерінің өмірлері өкінішпен өтіп жүргенінен хабардармыз. Өзге ұлттарға тәңірім ондай қылықты жұғысты еткенмен, әлім­сақтан қазаққа ол дарымапты. Ша­лыс басқан ұрпақ үшін шартарапқа ат шаптырып, сауын айтып, ақбоз шалып, қос балаға жұрт жабылып бата берген екен. Сол бата кей жасқа дарып, кей жас­қа дарымаған да тұстар болған. Бұл қазақтың қан тазалығын сақтау жолындағы ұлы идеясы еді. Ғылым, білімі жоқ кездің өзінде-ақ осындай ке­ре­мет қағиданы қалыптастырған, ба­б­а­ларымызды ғұлама демей көріңіз!

Өзі­міз үлгі тұтатын өркениетті елдерде мұн­дай донорға әрі кеткенде бес балаға ғана рұқсат етіледі екен. Ал бізде алда айт­қанымыздай, жиырма балаға «жол ашылатын» көрінеді.

Бұл үшін не істеу керек деген ой алдан шығары күмәнсіз. Егер ұлт қамы десек, ғылымның әлеуеті озық, соны тиімді пайдалана отырып, донорлықты дұрыс жолға қойсақ, ұрпақ азып, жұрт қиындыққа душар болмайды. Қасиетті Құранда да өз әкесінің атымен аталмаған бала тексіз делінетін көрінеді. Мұндай жағдайда мүлде басқа біреуден жаралып, тегін білмеген бала, ол аз десеңіз, қан­дасымен қосылса, нағыз тексіз бо­лары сөзсіз. Бұл шымбайға батса да шындыққа айналып жүрмесін. Ол үшін донорды кез келген клиникада қа­былдауды доғарып, бір орталыққа жүк­тесек, оның ортақ базасын жасасақ, донор адам туралы мәліметтен оны ал­ғандар ғана хабардар болса, еш артық­ты­ғы жоқ. Бұл арада жеке адамның жайы емес, ұлт тағдыры жатыр ғой. Түбіміз бір Түркия жұрты донор болуды тек туыстарына ғана жүктейді екен.

Қалай десек те, жаһандану заманында ұлтты сақтаудың тура жолы әкелік донор мәселесін дұрыс шешуде болып тұр.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»