Шаңғышы Алексей Полторанин Словенияда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанды. Полторанин классикалық әдіспен 15 шақырым қашықтықта мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын алған норвегиялық Йоханнес Хоэсфлёт Клэбо Алексейден 13,2 секундқа қалып қойды. А.Полтораниннен 42,8 секундқа кейін келген швециялық Калле Хальфарссон үздік үштікке жайғасты.
Отандасымыз осымен қысқы Олимпиада қарсаңындағы маусымдық жарыстарда төртінші рет жүлдеге ие болды. Осыған дейін ол 17 желтоқсан күні Италияның Тоблах қаласында Әлем кубогы кезеңінде 15 шақырым қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда үшінші орын алса, Ленцерхайдеде (Швейцария) «Тур де Ски» кезеңінде классикалық әдіспен 15 шақырым қашықтықта жүгіруде күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында 6 қаңтар күні «Тур де Ски» кезеңінде 15 шақырым қашықтықта классикалық әдіспен чемпион атанған еді.
Енді Алексей Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Олимпия ойындарында медальдың сыңғырын естіртсе, қанекей. Бабында жүрген спортшымыз көк Туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатса екен деп тілейміз.
Сонымен қатар күллі бокс әлеміне әңгімесі жүретін «WorldBoxingNews.net» сайты 2017 жылдың ең үздік боксшысын анықтады. Үш үміткердің арасынан олар біздің отандасымыз Геннадий Головкинді таңдапты. Кроуфорд пен Ломаченконы шаңына ілестірмеген қазақстандық боксшы өткен жылдың үздігі атанды. Атақты ағылшындық сайттың айтқанымен өзгелері де келісіп жатқаны айқын. Сонымен бірге «vringe.com» сайты 2017 жылдың ең айтулы кездесуі Головкин мен Альварес арасында өтті деп мәлімдеді. Ең көп қаралған әрі талқыланған бокс кездесуінің жыры шынын айту керек әлі де тарқамай тұр. Екіжақты келіссөздер жүріп жатқанынан хабардар болып отырған Халықаралық бокс қауымдастығы Геннадий мен Саульдың арасындағы қарымта кездесуді мамыр айының 5-іне белгілепті. Мәселенің мән-жайы жақын арада анықталуы тиіс.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»