Қазақстан • 23 Қаңтар, 2018

Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау – басты міндет

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасовтың қатысуымен «Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау нәтижелері» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. 

Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау – басты міндет

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Бүкіл­әлемдік экономикалық форумының Жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік индек­сінің «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 35-ші орынға ие болды. Бұл жаңартылған ең­­бек заңнамасының ғана емес, сонымен бір­­ге әлеу­меттік серіктестермен бірге қа­был­да­­на­тын жүйелік шаралардың да нәти­жесі.

«Өткен жылы үшжақты комиссия еңбекақы бойынша қарызы бар 305 кәсіп­орынды анықтады. 2017 жылдың қоры­тындысында жұмыс берушілер тарапынан 22,1 мың жұмысшыға 3,1 млрд теңге берешек өндірілді. Жұмысшыларды қыс­қар­туды жоспарлаған 75 кәсіпорында 3,7 мың қызметкерді жұмыстан босатпауға ба­ғытталған шаралар қабылданды, ал 185 мыңнан астам жұмысшысы бар 422 кәсіпорын еңбек және әлеуметтік заң­на­маны жиі бұзатын кәсіпорындар ретін­де тәуекелге жиі ұшырайтындар қатарында», деді бас еңбек инспекторы.

Және де ол 2017 жылы жеке еңбек келісімшарттарының саны 60 мыңға артқанын, бүгінгі күні қызметкерлерді қыс­қартудың алдын алуға бағытталған 115 мың меморандум жасалғанын, соның нәтижесінде 2,8 млн жұмыс орны сақта­лып қалғанын баяндады.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, 2017 жылы азаматтардың өтініштері бойынша 9 920 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

«Олардың басым бөлігі жалдамалы жұмысшылар және жұмыстан боса­тыл­ғандар. Олардың шағымы бо­йынша 14,9 мыңнан астам заң бұзушылық анық­талды. Тексеріс нәтижесінде 467 млн теңге айыппұл салу туралы санкциялар берілді», деді комитет төрағасы.

Оның пікірінше, еңбек қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету мәсе­ле­лерінде оң өзгерістер байқалады. Соңғы 3 жылда өндіріс орындарында зардап шек­кендер қатары 16 пайызға азайған.

«Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шегетін жұмысшылар кен-металлургиялық кешендерде –16,0 пайыз және құрылыс индустриясында 15,2 па­йыз болып тіркелген. Жаңа Еңбек кодексі қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту үшін өндірістік кеңестер құруды қарас­тырады. Бүгінде 12 мыңнан астам осындай кеңес құрылған кәсіпорындар арасын­да 140 жұмыс берушіге «Сенім серти­фикаты» табысталды. Еске сала кетейік, жұмыс берушілерге еңбек заңна­мас­ының талаптарына сәйкес декларация қағидалары негізінде сенім сертификаттары беріледі. Мұндай куәлікті алғандарға үш жыл ішінде тексеріс жүргізілмейді», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»