Президент Жолдауда киберқауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, цифрлы технологияларды енгізу барысында ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Алдағы міндеттер аясында Елбасы киберқауіпсіздік шаралары Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс екенін атап өтті.
Бүгінгі заман – ақпарат заманы. Жаңалық ашу, жаңалықты жеткізу, хабардар болу өндірістік технологияны қарқынды дамытуға, өндірісті ұлғайтуға, өнім шығаруды арттыруға, оны жеткізу мен өткізуге, сондай-ақ табыс көзін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан ақпарат – аса көп ресурстарды, оның ішінде еңбек күші мен ой-сана еңбегін жұмсамай-ақ қаржыны үнемдеу мен одан әрі көбейту көзіне айналды. Әлемдегі алпауыт елдерді былай қойғанда, әйгілі компаниялардың өздері жаңадан шығатын өнімдерін қызғыштай қорғап, қашан ресми түрде таныстырылмайынша және жаппай саудаға шығарылмайынша құпия ұстайды. Тіпті, жоғары технология саласындағы алдағы жоспарлары да, көздеген межелері де, қол жеткен нәтижелері де жұрт көзінен тасада болады. Оның мысалын әлемдегі әйгілі автомобиль мен теледидар шығаратын зауыттар мен кәсіпорындар тәжірибесінен күнделікті көріп те жүрміз.
Өткен ғасырдың 30-40 жылдары Кеңес Одағы қару-жарақ, әскери техника, байланыс құралдары және басқа да зауыттардағы технологияларды құпия ұстауының арқасында әлемдік державаға айналды. Көптеген жаңалықшыл ғалымдар, өнертапқыштардың үйі де, жұмысы да қатаң күзетіліп, есімдері аталмады. Сондағы мақсат – үздік технологияның жалпақ жұртқа жария болмауы еді. Ол міндет қатаң тәртіптің арқасында орындалды.
Бүгінгі таңдағы киберқауіпсіздікті күшейтудегі басты мақсат та осы. Ғалымдар мен өнертапқыштардың, белсенді азаматтардың өндірісті ұлғайтуға, өнеркәсіпті дамытуға, шығынды азайтуға, өмірді жақсартуға арналған жаңалықтары – елімізге де, оның авторына да пайда әкелуге тиіс екені белгілі. Ол үшін азаматтардың отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерімен қоса киберқауіпсіздік шараларын күшейту аса маңызды. Ал жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу – отбасынан, балабақшадан басталуы тиіс.
Киберқауіпсіздікті нығайту – әсіресе, Отанымызды қорғау саласында аса маңызды екені даусыз. Қорғаныс саласы, еңбек өнімділігі, өндіріс қуаты, үнем мүмкіндіктері киберқауіпсіздікпен тікелей байланысты. Бұл мәселеге алпауыт компаниялармен қатар шағын кәсіпорындар да назар аударуы тиіс. Сала мамандары осы тақырып бойынша түрлі жиындар мен басқосулар өткізіп, міндеттерді нақтылауға атсалысуы керек. Бейқамдық пен енжарлықты қазіргі заман талабы көтермейді.
Елбасы Жолдауда «Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді», деп атап өткен болатын. Сондықтан бұл тақырып, ақпарат дәуірінде аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Нұржан НҰРСИПАТОВ,
Парламент Сенатының депутаты