Қазақстан • 23 Қаңтар, 2018

Берік Әбдіғалиұлы: «Қасиетті Қазақстан» бағ­дар­ламасы – ғылыми-әлеуметтік жоба

1108 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер негізінде, 2017 жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен елордадағы Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру. Осы орайда, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНА жолығып әңгімелескен едік. 

Берік Әбдіғалиұлы: «Қасиетті Қазақстан» бағ­дар­ламасы – ғылыми-әлеуметтік жоба

– Берік мырза, әңгімені әуелі Елбасы тарапынан ұсынылып отырған жобаның рухани маңызына тоқталудан бастасақ?

– Қазақ халқының ұлттық сана­сының ерекшелігі – туып өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. Ата­ларымыз «туған жер – тұғырың, ту­ған ел – қыдырың» деп бекер айтпаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлт­тың қалыптасуында, дамуында ай­рықша рөлі бар. Елбасы тапсырған дү­ниелер бұған дейін қасиетті нысан ретінде ғылыми сарапталып, жүйе­лен­беген-тін. Біз осы шаруаны реттеп, жал­пыхалықтық құндылық ретінде қа­растыруды қолға алып жа­тыр­мыз. Бұл жұмыстың рухани маңы­зы­на тоқ­талар болсақ, біріншіден, киелі-қа­сиетті нысандар біздің ұлтты рухани жұтаңдықтан сақтайтын сим­вол­дық қалқанымыз және ұлттық мақ­та­­нышымыздың қайнар бұлағы деп тү­сінген дұрыс.

– Түсінікті. Сонымен еліміздегі қасиетті нысандарды анықтау бары­сында қандай өлшемдер басшы­лыққа алынды?

 – Біріншіден, қасиетті нысанның ел та­рихында елеулі орын алатын маңызы болуы шарт. Сол себепті, нысандардың қа­сиетін анықтау бойынша жұмыс жасаған сарапшы топ әуелі бұларды бес топқа жіктеді. Біріншісіне – ерекше бағаланатын табиғи мұра ескер­т­кіш­тер жатқызылды. Бұларға – Әулие тау, Жылаған ата бұлағы, Ақмешіт үңгірі, Хан тәңір тауы, Шарын шатқалы қатарлы оншақты ны­сан қамтылды. Екінші топқа – елі­міз­дегі археологиялық ескерткіштер мен орта ғасырлық қала нысандары енді. Бұл қатарға Берел, Шілікті қо­рым­дары, Ботай қонысы, Бегазы ар­хеологиялық кешені, Жанкент, Сы­ға­нақ, Ақыртас, Қойлық, Сарайшық т.б. көне қалашықтар бар отызға жуық нысан қамтылуда. Үшінші топ ретінде – еліміздегі діни ғибадат орындары алынды. Бұл топқа Домбауыл ғұрыптық кешені, Үкаш ата кесенесі, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени кешені, Жошы хан, Абат-Байтақ, Тектұрмас, Арыстан баб сияқты отыздан астам нысан жіктелді. Төртінші топқа – тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар енді. Атап айтқанда, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Абылай хан резиденциясы, Ахмет Байтұрсыновтың мемориалды үйі, сонымен қатар жоң­ғар шапқыншылығы кезінде азаттық үшін күрескен жиырмадан астам батырлардың кесенесі бір параграф­пен жи­ынтық образ ретінде берілді. Бесінші топ – саяси-тарихи оқиғаларға қатысты орындар есебінде қарастырылып, бұған Таңбалы тас ес­керткіші, Бөкей ордасы тарихи кешені, Бірлік монументі (ОҚО, Орда­басы ауданындағы), Астанадағы Бәйтерек және Қазақ Елі монументтері қатарлы оншақты нысан енгізілді.

– Бұл тізімге алынған нысандар соңғы шешім бе, әлде өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Бұл тізім тек ұсынылып отырған жоба. Бір сөзбен айтқанда, алда­ғы жұмыс жоспарына қатысты шыға­рыл­ған бағыт-бағдар. Тізімдегі нысандар әлі де зерттеуді қажет етеді.

– Жоғарыдағы қасиетті нысандар уақыттық тұрғыдан қалай сұ­рып­талды?

– Жалпы, біз бұл жоба аясына, Қазақстан жеріндегі тас дәуірінен бастап, бүгінгі таңға дейінгі тарихи сананы жаңғыртуға қатысты нысандарды қамтуды көздедік. Осы арқылы қазақстандықтардың біртұтас рухани кеңістікте ынтымақты өмір сүру тетігін қалаудың жолын қарастырудамыз. Елбасы да осыны айтып отыр.

Бұл арада басын ашып айтатын дүние – «Қасиетті Қазақстан» бағ­дар­ламасы – рухани құндылықтарды қа­лыптастыратын ғылыми-әлеуметтік жоба. Мысалы, Алтайдағы «Берел қо­рымын» алайық. Бұл біздің ата-ба­ба­ларымыздың өткен тарихынан ақпар беретін нысан. Осы арқылы бұрын­ғы ата-бабаларымыз ерте дәуірде қан­дай мәдени мұралар қолданды, өз кеңістігінде қалай өмір сүрді соны бі­луге тиіспіз.

 – Демек киелі нысандар табыну үшін емес, тарихымызды тану үшін қажет дейсіз ғой?

– Әрине ұлттық байырғы құнды­лық­тарымызды осы киелі нысандар арқылы қайта түлету, нақтырақ айт­қан­да рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба бұл. Мысалы, қазақ батырларын алайық, бұлардың ерлік істері ұлт рухын жанғыртудың бірден-бір тетігі. Өйткені біздің бүгінгі таңда жоғалтып отырғанымыздың өзі осы батырлық. Оның орнына қауымды көнбістік, жалтақтық, бодандық сана-сезім дендеп барады. Осыған қарсы шипа – батырлық рух.

– Сонда бұл жобаның қоғамға ел­ші­лдік, мемлекетшілдік көз­қарас­ты қалыптастыруға да әсері болғаны ғой?

– Бұл да бар. Сіз айтып отырған мем­лекетшілдік көзқарасты қалып­тас­тыратын дүние – қазақ тарихындағы хандар мен билердің рөлі болса, жас-
тарды азаттық үшін күрес жолына тәрбиелейтін дүние – ұлт-азаттық күрескерлердің әрекеті. Қазіргі таңда қазақ қоғамына біздің дәстүрімізді жоққа шығаратын түсініктер еніп кетіп жатыр. Әсіресе ислам атын жа­мы­лып халық арасын іріту үрдісі белең алуда. Екіншіден, қазіргі жастар өзінің тарихын тек әлеуметтік желіде таратылған жеңіл-желпі ақпар арқылы танып, білуде. Бұдан нені аңғарамыз? Күн өткен сайын жастардың тарихи санасына тұсау салатын қауіп күшейіп келеді. Осыған қалқан болатын дүние – жоғарыдағы жоба болуы тиіс. Яғни болашақ ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысандарды тану арқылы ұлттық бірегейлікті ұғынып, қазақ халқының сонау тас дәуірінен бері бір ел, бір халық ретінде қалыптасқан ел екенін санасына сіңіре алады. Осы арқылы тұтас тарихи сана қалыптасады.

 – Сіздер жасап жатқан жобаның нақты шегі қандай және қасиетті ретінде тіркеуге алынған нысандарға арнайы мәртебе қарастырылған ба?

– «Қасиетті Қазақстан» жобасы 2017-2021 жылдарды қамтып отыр. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни бұл туризмнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні, әрі туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды болмақ. Сонымен қатар орта мектеп оқу­­шыларына арналған оқулықтар, фи­­льм­дер, роликтер, туризм және ин­тер­активтік карта жасау жоспарда бар.

Тізімге алынған қасиетті нысан­дар­дың мәртебесі жайлы айтар болсақ, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Мәдени және тарихи ес­кер­ткіштерді қорғау туралы заңға өз­герістер енгізу жайы қарастырылуда. Яғни мемлекеттік тұрғыдан қорғалуға тиіс нысандар қатарына «Қасиетті нысандар» дейтін бап енгізілу қажеттігі туындап отыр. Заң қабылданған соң ондағы талап бойынша іріктелген нысандарды мемлекеттік тіркеуге қойып, қорғауға алу жайы нақтыланады. Яғ­ни қасиетті саналып, заңмен қорғалған ны­сандардың әрбіріне паспорт жасалады. Ол үшін нысанның тарихы, аңызы, әфсанасы, уақыты, ғасыры, әлеуметтік сипаты тағы басқасы жан-жақты зерттеледі.

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»